26 Сәуір, 2011

Өмір сүру философиясы

2181 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
ЖАҢА САПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ Әдебиетші емеспін, бірақ метафоралық ұғымның арғы астарын жақсы түсінемін. Бәлкім, оны көпшілігіміз айта беретіндей, көңілдің көк дөненіне теңестіргендігіміз жөн болар. Иә, қалай дегенде де, туған еліңнің бұрын-соңды бастан кешпеген даму үрдісіне күн сайын куәгер болып келе жатқан соң арғы жағынан түйдектеліп келіп қалған ой ағыстарын іркіп қалу да оңайға соқпайды екен. Оңайға түспейді дегенде айтпағым, бұл әлдебір қиялдан туған немесе қолдан иіп әкелген жанама түсінік емес. Және табан астынан адам естімеген жаңалық та қайдан табыла берсін. Қарапайым мысалға жүгінейін, жақында Президентіміздің бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдің алдыңғы қатарлы оқу орнын бітіріп келген жас жігітпен әңгімелестім. Оның аты-жөнін атамай-ақ қояйын, алғашында жүрдім-бардым тақырыптар төңірегінде біршама пікір алысармыз дегем-ді. Оның үстіне мынадай ала­са­пыран заманда бос уақыт қайда. Жоқ, бастапқыдай емес, бара-бара сұхбатымыздың тақырыбы тереңдей түсті. Жас замандасымның біз бастан кешіп отырған қоғам туралы түсінігі, зиялы қауымға ғана емес, қарапайым адамдар үшін де мұнан былайғы жер­де өмір сүрудің оңай болмай­тын­дығы, жер шарының түкпір-түк­пі­рінде болып жатқан толқулар мен апатты жағдайлардың тым жиілеп кеткендігі, шет жұртта білім алып жатқан жастарымыздың өзгелермен салыстырғандағы интеллектуалдық пайы­мы, білім төңірегіндегі іштей бәсе­ке­лес­тік... қойшы әйтеуір, немкеттілеу бас­тал­ған әңгіменің аяғы өз-өзінен тереңге тартып бара жатты. Бұл кездейсоқ кездесу мені де біраз желпіндірді. Желпіндіргенде жас адамның осынша озық дүниетанымы еріксіз таңғал­дыр­ды. Алдыңғы буын күнделікті алас-қа­пас шаруамен сүрлігіп жүріп, кейінгілермен түсіністік жағдайда шешіліп сырласа бермейміз-ау дейтін өкініштің де қылаң бергендігін жасырып қайтейін. Ол сол екінің бірінің қолы еркін жете бермейтін «Болашақ» бағдарламасының тегеурінді бір өкілі ретінде менің көкейімдегіні де дөп басқандай, біраз жайдан хабардар етті. Және нақты деректермен тұздықтап сөй­леді. 2005-2010 жылдар аралығында атал­мыш бағдарлама бойынша 2204 жас маман бітіріп шығыпты. Бір қуанарлығы, осы­лар­дың 1764-і мемлекеттік органдарға, ұлт­тық компаниялар мен бірлескен кәсіп­орын­дарға, халықаралық ұйымдарға сан түрлі қыз­меттерге орналасып үлгерген. 400 жас маманның тағдыры таяу күндері түпкілікті шешілмек. Халықаралық құқық, инжиниринг, теңіз техникасы, атом өнер­кә­сібі, информатика, нано және биотехнология деген мамандықтарды бұрындары аракідік естігеніміз болмаса, олардың немен айналысатындығын біле бермеуші едік қой. Сол мамандықтар «Болашақтың» ар­қа­сында өмірімізге батыл, тың бастама­лары­мен араласа бастады. Ішім жылып қалды. – Дұрыс-ақ, құлаққа кіретіндей тұ­жы­рым, ал мемлекеттің қаражатымен білім алып, толысып-жетіліп, жеме-жемге келгенде Қазақстанға қайтпай қалатын құр­дас­тарың туралы не айтамыз? – дегем-ді бір оңтайлы тұста. Ол сәл іркіліп барып, көптің түсінбес­тікпен айтатын және ескірген ұғымға толыққанды жауап бергісі келгендей, бір сілкініп алды да мынадай тоқтамға келді: – Иә, ондайлар болған, бірақ бірді-екілі кемшілік бүкіл болмысымызға көлеңке түсір­месе керек қой. Сізге ағымнан жарылып, шынымды айтайын. Сол аузымен құс тістеген Лондоныңызда төрт-бес жылым өтті. Мұнан былайғы жерде шетелдерде тұрып қызмет істеу дегеніңіз түк те қызық болмай қалды. Сол сырттағы жағдай біздің туған елімізде бар, инфрақұрылым да, супер талғам, супер мәдениет, супер спорт­тық жарыстар, тіпті көңіл көтеретін түнгі клубтарға дейін бәрі-бәрі біздің Қазақ­станда жетіп артылады. Керісінше, жас адамның жан-жақты жетілуіне, ешбір кедергілерге ұрынбастан ой-өрісін дамытуға, кәсіби біліктілігін шыңдауға, бәсекелесуге, керек болса емен-жарқын пікірталастыру­ға да Қазақстанда мүмкіндік мол. Қайран қалатыным, біз осы неге жалпақ түсініктің шеңберінен шығып, әлемде болып жатқан күрделі құбылыстарға ойлы көзбен қарауды үйренбейміз. Аға, сіз білесіз бе, қазіргі таңда өмір сүрудің күллі филосо­фиясы бүтіндей өзгерді ғой. Және Қазақ­стан­да өмір сүрудің философиясы жаңа са­тыға көтерілді. Оны қайталай беретін несі бар, өзіңіз де ол жағын жақсы білесіз... Міне, ойды ой қозғайды. Қазақстан­дағы өмір сүру философиясының жаңа са­тыға көтерілгендігіне тағы бір дәлел келтірейін. Біз барша халық болып жуырда мер­зімінен бұрын Президент сайлауын өт­кіздік. Иә, сайлауға таң қалатындай не бар. Бұрындары да талай сайлауларды өткізген жоқпыз ба, бұрындары да «советтік фор­маттың» тар қамытынан шыға алмастан сайлауға қатысқанбыз. Ал әлемдік масштаб тұрғысынан бағамдағанда қай елде президент сайлауы өтпей жатыр. Көрші елдерде де, мұхиттың арғы жағындағы мем­лекеттерде де. Сайлау туралы қалып­тас­қан түсінікті балталап сындыруың қиын. Осы елдің қарапайым бір азаматы ретінде де, депутат ретінде де байқағаным, «бұл ән өзге әннен өзгеше» дегендей, бұл сайлау өзге сайлаулардан әлдеқайда мәнді, әлдеқайда мағыналы түрде өтті. Сол сайлау күнгі адамдардың сығылысып кезекте тұрғанын көрсеңіз. Бұрын-соңды мұндай кезекті көріп пе едіңіз, көрмек түгілі ойға келмейтін. Демек, қазақстандықтар сайлау жөніндегі жаңа үдерістерді бағын­дыр­ған, сайлауға деген бұрын-соңды болмаған құлшыныс оянған. Ол ненің құлшынысы? Елбасын сайлау кім үшін, біреу үшін бе? Бұл жердегі басты мақсат – ең алдымен адам­дардың өздеріне құрмет жасауы, өз­дерін қадірлеуі. Алдымен өздерін сый­лауы. Сосын елдің болашағына жүрдім-бардым қарамауы. Біз реті келсін, келмесін патриоттық сезім де­генді көп айта­мыз, көбірек қай­та­лаймыз. Ал түсіне білгенге осы төңі­рек­те де патриоттық сезім тұнып тұрған жоқ па?! Тек ендігі жерде осы құ­бы­лыс­тың сиыр­құй­ым­­шақтанып сұйы­лып кетпегендігін тілейік! Бірақ олай жасамау да өзімізге байланысты. Үлкенімізге де, кішімізге де үлкен серпіліс тудырған бұл сайлауда халық ең басты таңдауын жасады. Болашаққа кіммен бірге барғысы келетіндігін және мемлекетіміздің тағдырын кімге сеніп тапсыру керектігін дұрыс таңдады. Мұны Тәуелсіздігіміздің басты жеңістерінің бірі, бәлкім, бастысы деп бағалағандығымыз абзал. Қазақстандағы өмір сүру филосо­фия­сының жаңа сатыға көтерілгендігін сірә, бекерден-бекер қадап айтпаған болар­мын. Яғни, біздің замандастарымыздың өмір сүруге деген талғамы өскен. Міне, сол секілді президенттіктен үміткер төрт бірдей азаматтың ішінен кімді таңдау керектігі де әркімнің өзіне, өзінің азаматтық жауаптылығына байланысты еді. Бұл жау­ап­тылық әрі-беріден соң Отан алдындағы жауаптылықты былай қойғанда, отбасы алдындағы жауаптылық еді ғой. Сайлауға бара жатқан тұста менің ойыма Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір жүрек­жарды сөзі оп-оңай орала кетті: «Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет!» Тәуелсіздік тәтті сөз. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл жиырма жыл. Та­рих­тың аумалы-төкпелі доңғалағымен салыс­ты­ра безбендесек, бұл тұп-тура көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шығатын уақыт. Біз, бәріміз осы уақыттың кейіпкеріміз, осы шапшаң уақыт біздің көз алды­мызда өтті. Осы мерзім ішінде біз бағын­дырған биіктер де, асқаралы асулар да, ара-тұра аяқтан тартып қалатын кемшіліктер де бәріміздің көз алдымызда. Біздің бәріміз де осы заманның кейіпкерлеріміз дей­тініміз содан. Жиырма жыл. Біздің көз алдымызда болған түбірлі өзгерістерді тіпті тілмен жеткізе айту қиын-ақ. Қиынның қиы­ны. Міне, осы тәуелсіздік туындысы­ның ешбір жан таласа қоймайтын алғашқы авторы да Назарбаев еді. Тарих халық үшін жасалған игілікті істердің ешбірін ұмыт­пайды, жадынан да шығармайды. Есім ханның ескі жолы да, Қасым ханның қасқа жолы да, Әз Тәукенің Жеті жарғысы да ел үшін қажет болды. Қалай дегенде де о заманның салмағы да, бет-бейнесі де, тұ­тас өрлеу дәуірі де бөлек, тым бөлекше еді ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­дағы біз бастан кешкен қиындықтарды кім ұмыта алар. Әрине, бұл дәуір бірден орнай қалған жоқ, жан қинамастан сопаң етіп аспаннан түсе қалған жоқ. Ал оңай келген бақыттың да берер қызығы мен қызуы көп болмайды. Тәуелсіздіктің іргетасын берік қалау үшін түн ұйқысын төрт бөлген, бар қиындықты белі қайыспай елмен бірге көтеріскен атпал азаматтарымыз жетерлік-ті. Бұл жерде әрине, «бас-басына би бол­ған өңкей қиқымдардың» да табылмай қал­мағандығын жасыруға болмайды. Бас­қа­сын айтпағанда, осы тәуелсіздігімізге күмәнмен қараған, ілгері жылжыған кө­ші­міздің бір жерде ауып қалмай діттіген жеріне аман-есен баратындығына да толық сенімді болмаған мысық тілеулілердің де арамызда жүргендігін елемей кетуге болар ма. Міне, қирандыдан жаңа мемле­кет­тің қабырғасын қалау, қалап қана қоймай әлемдік өркениеттен ойып тұрып өз орнын иемдену деген ұлы миссия, жасы­ра­тыны жоқ, бәрімізден бұрын Назар­баев­тың мойнына түсіп еді ғой. Дүкен сөре­ле­рі­нің бос қалғандығын да біздің тұрғылас­тары­мыз ұмытпаған шығар. Содан тікейдік, содан етек-жеңімізді жинадық, Орта Азиядағы туысқан мемлекеттер арасынан алға шығып, әлемдік қауымдастықта өз о­рны, өз бет-бейнесі, даму үрдісі бар ауыз тол­тырып айтарлықтай биіктерді бағын­дырған Қазақстан деген алып елге ай­налдық. Тек ендігі жерде осыған құдай оң көзімен қарасын деп тілейік. Қазақстанның аумағы 2 миллион 717 мың шаршы шақырым. Территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет. Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен осыншама жер көлемін ұрпағына қал­дыр­ған ата-баба аманатына адал болу үшін де талай тер төгілді ғой. Ондағы табиғи бай­лық ұстағанның қолында, тістегеннің ау­зында кетпес үшін де он ойланып, мың тол­ғанатын Мемлекет басшысының эконо­ми­калық сауаттылығы мен көреген сая­са­ты ауадай қажет-ақ еді. Инвесторлар тар­тудағы табандылық пен ілкімділікті айт­па­ңыз! Мемлекеттік қызметте жүріп те, де­пу­таттық мандат алып та өз басым осы шаруалардың оңайлықпен жүзеге аса қоймағандығын жақсы білемін. Назарбаев «алдымен экономика, сосын саясат» ұс­та­нымынан бір сәт те айныған жоқ, ал осы ұстанымның бүгін де күн тәртібінен түсе қоймағандығын, өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Ішкі орнықтылық, сыртқы тартымдылық, ұлтаралық келісім – Қазақстанды әлемдік қауымдастық алдында тағы бір биік мінбеге көтеретін абсолютті шындыққа айналды. Ұлтаралық келісімнің келісті көрінісі көп мемлекеттерге үлгі-өнеге болды, бізден тәжірибе алған, күн өткен сайын тәжірибе алғысы келетіндердің қатарының көбейіп келе жатқандығын мақтанышпен атағандықтың артықтығы жоқ. Экономика саласындағы тұрақтылық, реформа, бизнес, әлеуметтік салалар, білім беру, денсаулық сақтау, та­рихи-мәдени мұра, тілдерді дамыту, ауыз­ су, жұмыссыздықпен күрес, мектеп, аурухана, балалар бақшасы... Бұл Мемлекет басшысының күн сайын қатаң бақылауындағы проблемалар. Жетістіктеріміз жыл сайын артып келеді, кемшіліктер де жетерлік. Нұрекең әрбір облысқа барған сапарында осы салаларды қатаң бақылауға алады, қатаң қадағалайды, жұ­мыс­тарына салғырт қарағандардың арқа­лары­нан да қаға қоймайды, жетістікке жет­кендердің де төбелерін көкке жеткізіп мақтамайды. Президент әрнәрсенің ор­нын, үйлесімін, өз ырғағын біледі. Көп жылғы өмірлік тәжірибе, жастайынан қиындықта шыңдалып болат балқытып, талай рет сан түрлі мемлекет басшы­ларымен бір үстелдің басында тізе түйіс­тіріп, мемлекеттік мәселелерді оңтайлы шешу, осы секілді толып жатқан мемлекет басшысына тән критерийлер еріксіз осын­дай ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейді, соған жеткізді. Біз КСРО тарамай жатып-ақ сынақ алаңын жауып, ядролық қарудан бас тарт­қан елміз. Бұл бастаманы әлем жұртшы­лы­ғы мойындаған. Назарбаевтың беделі сапалық тұрғыдан тағы да алдыңғы планға шықты, шындығын айтқанда, бұл әлі ешбір мемлекет басшысының ойына келе қоймаған шаруа еді. Нұрекең бұған келгенде де батылдық көрсетті, ешкімге жал­тақтаған жоқ, алмас қылыштай бірден кесті. Ал оның нәтижесі адам таңғалатындай зор жетістікке ие болды. Халықтың осы сайлаудағы орасан зор құрметі мен сеніміне ие болған Нұрекеңнің қайбір көрегендік істерін қалай айтып тауысарсыз! Бұл тасқа басылған тарих. Бізден кейінгі ұрпақ бұл тағылымның өздеріне ауадай қажетті тұстарын талай мәрте пайдаға асыратын болады. Бір-біріне мақтанышпен айтып жүретін болады. Дәл бүгінгі таңда әлемде тыныштық жоқ. Әсіресе, араб мемлекеттерінің ара­сында болып жатқан кикілжің, басшылық тарапына деген сенімсіздік, ашу-ыза бар­ған сайын ушығып барады. Оған Батыс Еу­ропа мемлекеттері араласа бастады. Ежел­гі Рим, Иерусалим, Мекке, Медине, Куфа, Лхастағы өмірі бастары бірікпей келе жатқан дінбасылары Назарбаевтың ар­қасында Астанаға жиналып үш мәрте бас қосты, үш мәрте дінаралық алауыздықты ауыздықтау, жазықсыз қан төгілмеу, қара­пай­ым халықтың күнделікті алаңсыз өмір сү­руіне толыққанды жағдай жасау мә­се­ле­ле­рі төңірегінде келелі әңгіме жүр­гізді. Бір-бірінің жүздеріне тіке қарасты, қол алысты, достық көңілмен тарасты. Бар­лы­ғы жиналып бір ауыздан Назар­баев­қа жү­рек­тен шыққан шынайы алғыстарын білдірді. Бұл дүние жүзіндегі дінбасы­лары­ның дидарласу дәстүрі мұнан кейін де жал­ғаса береді. Мұнан кейін де Астана олар­дың сүйікті басқосу орнына айналып қала береді. Қазақстан үстіміздегі жылы Ислам конференциясы ұйымына төраға­лық етеді. «Әрдайым жолдың ауырын таңда, ол жолда қарсылық таппайсың», дейтін көрі­неді генерал Шарль де Голль. Ойлануыңды қажет ететін тұжырым. Қиын жолдың ауырлығын сезінсек, біз сезінейік. Желіміз оңынан тұрғанда біз бір орында тұралып қалмадық, таңдаған жолымыздың оңай болмасын да бүкіл болмысымызбен сезіне білдік, аздап сүрінген тұстарымыз да болған шығар, бірақ құлағанымыз жоқ. Тек қана алға жылжуды басты мұрат етіп ұстандық. Себебі, бізді қиын жолдардан адастырмайтын Көшбасшымыздың барлы­ғына сендік, Назарбаевтың қажымайтын қайрат-жігеріне иек арттық. Маргарет Тэтчер: «Мен шаршамайынша кетпеймін. Ал Британияға керек болып тұрған кезімде, мен ешқашан да шаршамаймын!» деген екен. Табылған сөз! Ойлы сөз. Артық-кемі жоқ бірден жүрекке қона кететін мағыналы сөз! Даму жолында қарыш­ты секіріс жасаған мемлекеттердің тәжіри­бесі жеке тұлғаның ел үшін қаншалықты рөл атқаратындығын дәлелдеп-ақ келеді. Конрад Аденауэр, Ли Куан Ю, Франклин Рузвельт, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль де Голль, Мохамад Махатхир секілді за­ма­нынан озып туған көреген-кемеңгер, ай­рық­ша қажырлы және табанды көш­бас­шылар өз халықтарын тұрақты дамуға, өсіп-өркендеуге және бақуатты тұрмысқа жеткізеді Һәм жеткізіп те келеді. Біз Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан­ның туын бұрын-соңды болмаған асқар шыңға шығарып, миллиондаған қа­зақ­стандықтың жүрегіне келешекке деген нық сенім ұялатып, әлем тарихындағы еңсесі биік тұлғаға айналғандығын әрдайым мақтаныш сезімімен айта беруіміз керек. Иә, ондай мақтан сөзді әрине, Назарбаев керек те етпес, бірақ ұрпақ санасына сіңіру үшін тұлғалық бейнесін айқындай түскен үстіне айқындау түсуіміз қажет-ақ. Одан Назарбаев шалқақтап та кетпейді, аласарып та қалмайды. Біз өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана саммитін өткіздік. Жай күнделікті кезекті жиын ретінде емес, әлем жұртшы­лығы көз тіккен айтулы саммит ретінде өткіздік. Ұйым пайда болған 35 жыл ішінде алғаш рет ТМД мемлекеттерінің ішінен Қазақстан ғана ұйымға төрағалық ету мәртебесіне ие болды. Астана саммиті төрт­күл дүниеге Қазақ елін паш етті. 56 елдің «сен тұр, мен атайын» басшылары келді, келіп қана қойған жоқ өздерінің жас Астанамызға деген, осы іргелі халық­аралық істің басы-қасында жүрген, жүріп қана қоймай соны нақты іс жүзінде ұйым­дастыра білген Елбасымызға жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді. Әрине, сырттарынан сездірмесе де іштей қызғанғандары да кезікпей қалмаған шығар. ЕҚЫҰ-ның Астана Декларациясы қабылданды. Бұл Декларация тарих бетіне алтын әріптермен жазылып қалды. Сөйтіп, бұл сайлауда Назарбаев сай­лаушылар дауысының 95,55 пайызына ие болды. Әсіресе, жастар айрықша белсенділік танытты. 1059 алыс-жақын шетелдерден бақылаушы келді, Сыртқы істер министрлігінде 200-ден астам журналистер тіркелді. Өзімізді-өзіміз сынауға да шеберміз ғой, ал сол әр мемлекеттен жиналған ба­қылаушылар сайлау барысынан бәлен­дей кемшілік таба алмады, сайлау шын мағынасында әлемдік деңгей дәрежесінде өтті деп жатты. Бұл жетістікке қуанбауға бола ма, бұл жетістік үшін бір-бірімізден сүйінші сұрамауға бола ма?! Қазір жан-жағыңызға қараңызшы, әлем елдеріндегі көп жанжалдар әлеуметтік мәселелердің оңды шешілмеуінен, әлеуметтік салаларға мемлекет тарапынан төленетін қаржы көздерінің шамадан тыс қысқарту себебінен туындап жатыр. Бізде шүкіршілік, бюд­жеттік сала қызметкерлерінің жалақысы, жәрдемақы, шәкіртақы, әлеуметтік төлем­дердің көлемі қысқарудың орнына жылма-жыл көбейіп келеді. Әлемдік дағдарысқа қарамай 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жаңа бағдарламасын қабыл­дадық. Президент биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында келешегіміздің қандай оңды бағытқа бет түзегендігін тамаша дәлелдермен жеріне жеткізе айтып берді. Бұл айтыл­ған жерінде елеусіз қала беретін бастамалар емес еді. Оның күн сайын, жыл сайын жеміс беріп келе жатқандығын әрбіріміз көріп отырмыз, сезіп отырмыз. Рузвельт бір кездері АҚШ-ты дағдарыстан аман құтқару үшін арнайы «Жаңа бағыт» атты бағдарлама қабылдаған екен. Сол секілді біз де революциялық жолды емес, даму­дың эволюциялық жолын таңдадық. Ин­дус­триялық-инновациялық жаңару дәл қазіргі кезден-ақ нәтижелі жемістерін бере бастады. Енді «қазақстандық модернизация» деген жаңаша ұғым, жаңаша көзқарас пайда болды. Қазақстандық индустриялық модернизация арқылы әлемдік модерни­зацияға жол ашылады. Саяси үдемелі өзгерістерге мүмкіндік туады. Бұл бастама жоғарғы жақтың қаулы-қарарымен шешілмейді, жоғары биліктің пәрменімен жүзеге аспайды. Процесс тек жоғарғы жақтан басталмауы керек, қатарымызда жүрген қа­рапайым адамдардың да ынтасы, ыж­дағаты, белсенділігі алдыңғы қатарға шы­ғуы тиіс. Әне, сонда ғана біз құр айқай­мен, құр даңғаза тіршілікпен емес, нақты ісімізбен Президентіміз ұсынған саяси, экономикалық реформаларға үн қатқан бо­ламыз. Және осы рух күшімізбен ұтамыз. Болашақта да нық қадамдар жасаймыз. Әңгімеміздің басында тілге тиек еткен жас жігіттің «бізде бәрі бар, ендігі жерде шетелге қызығудың ешбір қажеті жоқ» деген ойын еске алайық. Шындық солай, артық айтқандығымыз емес, қазір Қазақ­стан­да адамның жақсы өмір сүруі үшін то­лықтай негіз жасалған. Өмір сүру фило­софиясы сапалық тұрғыдан өзгерді. Оны ең алдымен Президент сайлауы дәлелдеп берді. Бұрын жұртшылықпен жүздескенде тіршіліктегі түкке тұрмайтын ұсақ-түйектер, жеке бастың шаруалары көп айтылатын. Бүгін олай емес, жеке бастың мүддесін әркім өздері-ақ шешіп алады. Елдік мәселе, халықтық мәселе алға шықты. Әркім қоғамдағы орнын айқындай түсті, босқа уақыт өткізудің де өз басына түк пайда әкелмейтіндігін түсінді. Өздерінің өмірге керектігін барған сайын сезіне бас­тады. Әр адам – «керек» адамға» айналды. Өмір сүрудің қарапайым философиясын мұнан артық қайдан іздеп табарсыз! Алға ұмтылған ойымыз ісіміз әрдайым оңға баса бергей! Үсенгелді МЕДЕУОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.