Осы Қарағандыда Құрманғазыға ескерткіш орнатылғанда бөркімізді аспанға атқандардың бірі едік. Бабамыздың сол тас бейнесі қаламызда біраз уақыт көшіп жүрді де, біржолата жоқ болды. Қала басшылығына сұрау салғанымызбен, жарытып жауап ала алмадық. Білетіндердің айтуынша, көп қоймалардың бірінде шаң қауып жатыр-мыс.
Құрекеңе деген құрметіміздің сиқы осы.
Тәтекеңе деген құрметіміздің де оңып тұрған жері жоқ.
Тәттімбеттің күй алыбы екендігі даусыз. Құрметі соған орайлас болса дейсің. Бір реттік, бір мезеттік болмай, күнделікті болса екен дейсің.
Және бұл құрметімізді айында, жылында емес, күнде көрсетуіміз керек.
Құрманғазы мен Тәттімбет қазақ күй өнерінің қатар тұрған қос шыңы.
Олар қазақтың бойлауық күй өнерін қалыптастырды!
Олай болса, құрметтің барлығын осы екеуіне, қалса қалғандарына көрсетейік. Сонда ғана күй-құдірет қайтып оралатын болады. Әйтпесе, бүгінде күй тартылған жерде селкілдеп билей жөнелетін болдық.
Қазақтың, ең алдымен, домбыра екендігін ұмытпау маңызды. Өйткені, тіл «кесілген» жерде домбыра сөйлеген.
Бүгінгі тәуелсіздігімізде хандардың, батырлардың, би-шешендердің, алмас қылыштың, егеулі найзаның үлесі қандай болса, домбыраның үлесі де олардан бір мысқал кем емес.
Осы жерде есіме есті екі әңгіме оралсын.
Бір жылдары Құрманғазы оркестрі Қытайға барып, «Сарыарқаны» аңыратпай ма? Сонда концертке қатысып отырған хансудың көсемі Мао Цзедун орнынан тұрып кетіпті. Елұран деп қалыпты.
Шынында да, Батыстың төкпе күйлері ұран күйлер. Мұндай күйлер тартылған жерде өздерін еркек санағандар ат жалына ұмтылып, найзасын іле кеткен ғой.
Тағы бір жылдары Тәттімбет оркестрі Франция еліне барып, «Сарыжайлауды» тартпай ма? Оған дейін құлықсыздау отырған зал ыбыр-жыбырынан пышақкесті тыйылыпты. Күй ойналып бітеді. Бірақ зал үнсіз. Қараса, зал қалың ойға кетіпті дейді.
Міне, күй-құдірет деп осыны айтады. Өзекті жанды ойға жетелейтін осындай Құран күйлер Арқаның топырағына тиесілі. Ұран күйлердің жетпеген жеріне Құран күйлер жеткен. Сен Алланың ғана рахманысың дейді сағақтан үзілген сарын.
Не дейді сол күйлер?!
Сен жаяу жүру үшін жаратылған жоқсың дейді...
Сен ат үстінде туғансың дейді...
Туған жердің топырағын же, өлмейсің дейді...
Бұл рухыңды жоғалтпа деген сөз!
Тәтекең де елімді қайтсем ұшпаққа шығарам деп қан жұтқан арыстың бірі. Қарқаралыға дуанбасы болып сайланам деп жұлқыныс танытса, оның себеп-салдарын өңешпен байланыстырудың қажеті жоқ.
Ол қазақтың соңғы ханын солқылдамай қолдады. Әрекетімен де, өнерімен де.
Бұл тұс қазақ баласының тізелеген кезі. Хан Кенесарының Кекілікте қолға түсіп, қазақ баласының аттан түскен кезі.
Сол қазақ баласының біржолата етпеттеп жатып қалмауы үшін рухын өлтірмеу керек еді. Ол үшін...
Қосбасарлар солай туған.
Құран күйлер солай туған.
Қайда барарыңды білу үшін қайдан келгеніңді білу керек.
Бұл отқарудан да мықты қару – күйқару.
Күйқаруымыз Қосбасарлар еді.
Күй қазақ баласы үшін кеше қалай керек болса, бүгін де сондай керек. Тәттімбет, Құрманғазы сынды ұлы күйшілерді өлтіріп алмайық десек, ең алдымен, дәулескер күйшілеріміздің амандығын ойлайық.
Арқаның қосбасарлары пендесінің намысын қалғытпайтын шалыс.
Тәтекеңнің қосбасары соның шырқау шыңы, әрине. Бүгінгі күнге жеткені он саусақтан сәл ұзап тұр. Қалғаны... ұмытылған. Ұмытуға мәжбүрлеген.
Алайда, мұндай сарынның із-түзсіз жоғалуы мүмкін емес еді. Жалғасты сол сарын. Үзіліп барып. Дүниеге Сайдалы сары Тоқаның қосбасары, Қыздарбектің қосбасары, Әбдидің қосбасары, Сембектің қосбасары, Аманның қосбасары, Жағыпардың қосбасары, Аққыздың қосбасары келді.
Сол қосбасарлар жіліктеліп кете барды. Наз болып, табалдырық болып, мұң болып, қарға болып, тәубе болып, зар болып, шаң болып.
Әбдидің «Зарқосбасарын» тыңдаған жанға отыз екінің аштығын, Аманның «Шаңқосбасарын» тыңдаған жанға мынау жалғанның опасыздығын айтып керегі жоқ.
Бәрібір... Келеді дейді жақсы күндер.
Күй тартқызбаса ішіңнен ыңылда дейді...
Жігерің құм болмасын десең емін қу тақтайыңа дейді...
Сол ыңылға айналып, өлмей қалған тыңқыл қазақ баласының бойын қайта тіктетті.
Бізді тарих көшінен қалдырмай, өлтірмей, өшірмей бүгінгі күнге алып келген осы Қосбасарлар еді.
Қазіргі күйшілердің тартып жатқан қосбасарларының Тәтекең қосбасарына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ат арығанда мәстек болып қалушы еді ғой. Қосбасарлардың да басында сол жайт тұр.
Қазір оқыған, мәдени тартушылар шықты. Шекті қылбұрау тартқандай тартып, нотамен тақылдатып шығады. Қазақ даласына еуропаша тартыс келді. Балалайкамен тартқандай тартады...
Тәтекең қалдырған шалыс, қалыс, теріс, қосақ бұраулардың бірі жоқ. Есесіне сабалау бар. Ал сабалау жүрген жерде тапырақтау жүреді. Ал тапырақ шабыстың жапа тастататыны түсінікті.
Тұшынбайсың. Еміренбейсің. Бойламайсың.
Тәтекең есімі қазақ руханиятында өлмейтін есім.
Оны өлтірмейтін – күйлері.
Күй болғанда бойлауық күйлері. Қазақтың Ақаңы – Ақселеу Сейдімбегі айтатын бойлауық күйлері. Арқада – қосбасарлар, Батыста – ақжелеңдер. Қазіргі қазақтың оқыған саз мамандары оларды да жіліктеп тастады, цикл деп. Оқыған надандығымыз осылайша әр жерден көрініп қалады. Әйтпесе, толқынды қуған толқындайын қосбасары да, ақжелеңі де бойлап тұрған жоқ па?! Қазіргі күй табиғатын зерттеушілеріміз алпыс екі тамырлы ақжелең, алпыс екі тармақты қосбасар дейді де, әрі қарай айдалаға маңиды, миға қонбайтын әңгімелер айтады, оннан, мұннан құрап аңыз-әпсана түзеді. Оқысаң еңіреп қоя бересің.
Бүгінде домбырашылардың дуэті, триосы, квартеті дегендер қаптады.
Кешегі қай бабамыз қоғамдасып домбыра тартып еді?! Не Құрекеңнің, не Тәтекеңнің қосаққа жүргенін естімеппіз. Осы не нәрсені болсын «хорға» айналдыратын дағдымыздан айнымай келеміз.
Домбыраның табиғатын да бұзып біттік. Домбырамен опера ойнағанымыз аздай, «частушканы» сүйемелдегеніміз қай сасқанымыз?
Ендеше, құрдым алдында тұрмыз. Сол құрдымға кетпейміз десек, күй өнеріне жаңаша көзқарас, жаңаша концепция қажет. Бұл – уақыт талабы.
Құрманғазы мен Тәттімбет кездескен бе дейміз? Осындай да сауал бола ма?
Олар кездескен, әрине. Кездестіре алмай жүрген өзіміз.
Қазақтың қоңыр күйіне шетелдіктер де емініп отыр. Француз Гзавье Аллез Тәтекеңнің күйлерін бірнеше жылдан бері зерттеп келеді. Жинақтап, Париж қаласында дискіге де басып үлгеріпті. Дискілерінің біріне Тәттімбеттің 22 күйін басыпты.
Әмірені Парижден іздегеніміз аздай, енді Тәтекеңді де Парижден іздейміз бе?
Төрехан Майбас,
жазушы