26 Сәуір, 2011

Басқа басылымдардан

378 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
СЕНІМДІ ӘРІ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕРІКТЕС СА-NEWS. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық энергия­ны қауіп­сіз және ин­но­ва­ция­лық пайдалану мә­се­лелері жөніндегі Киев саммитінің пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінде халық­ара­лық ұйым­дар мен мемлекеттер басшыларын ядросыз әлем халықаралық форумына қатысуға шақырды. Н.Назарбаев алдағы қазан айында Қазақстанда Семей ядролық полигоны жабылуының 20 жылдығы­на арналған «Ядросыз әлем жолындағы форум» деп аталатын халықаралық жиын өтетінін хабарлады. «Осы сәтті пайдаланып барлық мүдделі халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді сол алқалы басқосуға қатысуға шақырамын» деді Қазақстан басшысы. Қазақстан Президенті Қазақстан жерінде әлем­дегі ең үлкен Семей ядролық сынақ полигоны жұмыс істегенін қаперге салды. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде онда 456 ядролық жарылыс жасалса, оның жиынтық ықпалы Чернобыльде­гіден 116 есе артық, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Өткен жылы Пан Ги Мун мырза БҰҰ басшыларының ішінде алғаш болып бұрынғы Семей полигонына аяқ басты және Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ басқа елдерді Қазақстанның әрекетінен үлгі алуға шақырды. Үстіміздегі жылы Семей полигоны жабылғанына 20 жыл толады. Тек Семей полигоны жабылғаннан кейін ғана әлемдегі өзге полигондардың аузына құм құйыла бастады», деп атап көрсетті Н.Назарбаев. *  *  * Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықты атом энергиясы нысан­дары, оның ішінде АЭС-тер қауіпсіздігінің қатаң критерийлері мен стан­дарттарын қарастыруға ша­қырды. «Осы ғасырдың ортасына таман шамамен әлемнің 50 елі атом стансаларына иелік ететін болады. Кез келген АЭС-тердегі ядролық апат­тар­дың теріс салдары міндетті түрде трансшекаралық өлшемдерге алып келеді. Сондықтан қауіпсіздіктің әлемдегі бірде-бір АЭС пайдалануға жіберілмейтін халықаралық танылған стандарттары мен критерийлері қарастырылуы қажет. Бұл – өте маңызды», деді Н.Назарбаев Киевте өткен ядро­лық энергияны қауіпсіз және иннова­циялық пайдалану мәселелері жөніндегі саммиттің пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінде. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, «МАГАТЭ-нің басшылығымен тәуелсіз сарапшыларды қа­тыстыра отырып АЭС-терді басқару және қорғау жүйелеріне тұрақты түрде міндетті стресс-тесттер жасап тұру дұрыс көрінеді», деп есептейді. «АЭС-терді пайдаланып келе жатқан мемлекеттер мен компанияларды жедел және толық кө­лемінде өз тұрғындарын, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты өз ядролық нысандарындағы кез келген, тіпті болмашы кінәраттар туралы хабардар етуді міндеттеу керек, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті. – Осы заңды талапты бұзушыларға қатысты қатаң санкциялар қарастыру қажет». Н.Назарбаевтың сенімінше, атом энергетика­сын дамытушы мемлекеттердің үкіметтері өзге елдерге және жаһандық экологияға әкелген экономи­калық және экологиялық зардабы үшін толық жауапкершілікті мойындарына алуға дайын болуы тиіс. «Біз қазіргі кезде билік пен бизнестің басында тұрғандардың қателіктері үшін келешек ұрпақта­рымыз зардап шекпейтіндей бағытта бәрін істеуге міндеттіміз», деп атап көрсетті Н.Назарбаев. *  *  * НОВОСТИ. Атом электр стан­саларын салу жаңа­шыл­дықты талап етеді және ядролық қауіп­сіз­діктің халықаралық қа­таң стандарттарын енгізуді қажетсінеді, деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Киевте өткен ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық пайдалану мәселелері жөнінд­егі саммиттің пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінде. Атом энергетикасын пайдаланудың қауіпсіздігі мәселелері үстіміздегі жылдың 11 наурызындағы Жапонияда тіркелген сұрапыл жер сілкінісінен кейін туындаған «Фукусима-1» АЭС-індегі  апаттан соң әлемдік қоғамдастықтың назарында болып отыр. «АЭС-тер салу жөніндегі болашақ жоспарлар жаңа қадамдар жасауды қажет ететіні анық», деді осы орайда Қазақстан Президенті. Н.Назарбаевтың сөзіне қарағанда, «Фукусимадағы» қазіргі ахуал ядролық нысандарды басқару жөніндегі жалпы планеталық тетіктердің тапшылығын айғақтап берді. Бұл өз кезегінде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көкейкесті ете түседі. Қазақстан Президенті, сонымен бірге, бұл мәселе бұл салада тиісті тәжірибесі жоқ, бірақ ядролық энергетикасын дамытқысы келетін елдер тұрғысынан алғанда көкейкестілене түсетінін атап көрсетті. «Осы ғасырдың ортасына қарай шамамен алғанда 50 ел ядролық стансаларға иелік ететін болады. Ал кез келген АЭС-тегі апат транс­ше­ка­ра­лық салдарларға алып келеді», деді Н.Назарбаев. Қа­зақстан басшысының пікірінше, ядролық энергетика нысандары қауіпсіздігінің қатаң халықаралық стандарттары мен критерийлерін жасаудың маңызы зор. Ал осы талапты қатаң сақтамайтын бірде-бір стансаны пайдалануға рұқсат берілмеуі тиіс. *  *  * Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Чернобыль атом электр стансасындағы – ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік апаттың 25 жылдығына орайластырылған ядролық энергетика жөніндегі саммит жұмысына қатысты. «Қазақстан Президентінің мұндай басқосуға қатысуы біздің еліміздің таратпау және қарусыздану үдерісіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын кезекті рет қуаттап беріп отыр. Бұл істің халықаралық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында алатын орны ерекше», делінген Қазақстан СІМ-інің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Шара 19 сәуір күні Киевте Еуропа мен Азияның бірқатар елдері мемлекет және үкімет басшыларының, БҰҰ Бас хатшысының, МАГАТЭ жетекшісінің, Еуропалық Комиссияның, Еуропа Қайта құру және даму банкінің, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. ЕУРАЗИЯ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ЕҢСЕЛІ ЕЛ День за днем. (Эстония). Эстонияда ресми мемлекеттік сапармен бол­ған Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның делегация мүшелері Таллинн ратушасында болып, Эстония астанасының мэрі Эдгар Сависаармен кездесті, деп хабарлайды Раэпресс. «Маған көне ратушаның қабырғасында жоғары мейманды қар­сы алу құрметі тиіп отыр. Өз халқының таланты, табиғи әлеуеті мен дана басшылықтың арқасында Қазақстан Республикасы бүкіл Еуразия кеңісті­гінде барған сайын үлкен салмақ ала түсуде», деді өз сөзінде Э.Сависаар. «Қазақстанның тарту күші таллиндік кәсіп­керлер­ді де айналып өткен жоқ. Қазіргі Таллинн мэрі және бұрынғы  экономика министрі ретінде мен бірқатар перспективалы кәсіпорындардың қалыптасуына үлес қостым. Олардың негізінде Қазақстанмен ынтымақ­тастық жатыр», деді одан әрі қала мэрі. «Мен Қазақстанда талай рет болдым және Астана теңіздегі тамшы секілді қазіргі Қазақстанның қуаты мен энергиясын айғақтайды. Оның үстіне жаңа нәрсе жүздеген жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлермен әдемі үйлесім тапқан. Біз де Таллинде осыған ұмтылып жатырмыз. Біздің осы ұқсастығымыз, тарихи жолымыздың ортақтығы Эстония мен Қазақстанның, Таллинн мен Астананың одан әрі қарай да жақындасуына септігін тигізеді ғой деп сенемін», деді өзінің сөзінде Э.Сависаар. Қазақстан Президенті мен оған ілесіп жүрген адамдар Эдгар Сависаармен бірге Көне Таллинге экскурсия жасады. Гид рөлін тарихшы және Таллинн мэрінің кеңесшісі Юри Куускемаа орындады. *   *  * Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Эстонияға мемлекеттік сапары аясында осы ел­дің көрнекті істер топ өкілдерімен кездесу ұйым­дастырылды. Олардың арасында «Port of Tallinn» АҚ басқарма төрағасы Айн Кальюранд, «Эстония темір жолы» АҚ басқарма төрағасы – атқарушы директоры Кайдо Симмерманн, «Eesti Energia» АҚ басқарма төрағасы Сандор Лийве, «Estonian Air» АҚ басқарма төрағасы Андрус Альяс, «Tallinn Airport» АҚ басқарма төрағасы Рейн Лойк болды. Кездесу модераторлығын Эстония премьер-министрі Андрус Ансип атқарды. Кездесу барысында жергілікті ірі компаниялар өкілдері тұсаукесерлерін өткізді. Екіжақты экономикалық өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары талқыланып, көлік саласын­дағы қолдағы бар әлеуеттер белгіленді және Еуропа Одағы мен басқа да шет ел рыноктарына жіберілетін Қазақстан тауарлары үшін Эстония порттарында бәсекеге қабілетті орталықтар құру жайы қозғалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Эстонияға мемлекеттік сапары шеңберінде бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. *  *  * «Қазақстан Ор­та­лық Азияда барынша кең ауқымда тұрақ­тылық пен қауіп­сіз­дікті сақтауда маңызды рөл атқарады», деді Эстонияға мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа осы ел президенті Тоомас Хендрик Ильвес. «Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына өтуге келіссөз жүргізе отырып, Эстонияның қолдауына нақты үміт арта алады», деп сендірді президент Т.Ильвес. Эстония басшысы Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы барысында үлкен күш-жігер жұмсағанын атап өтіп, мақсаттарының бірі өз өңірінде және одан да кең ауқымда мәдениеттер мен діндердің көпқырлылығын ілгері жылжыту болып табылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы жетекші ел мәртебесінде айтар­лықтай ауқымды жұмыс жүргізіп отырғанын көл­денең тартты. Бұдан бөлек, деді Т.Ильвес,  Қазақ­стан үстіміздегі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететін болады. Осы арқылы Астана Шығыс пен Батыс арасындағы бай­ланыстар мен түсіністікті нығайтуға үлес қосуын жалғастырады. Эстония президенті сондай-ақ өз елі мен Қазақстан үлкен сауда жолдары – Ганзей мен Жібек жолы тоғысатын жерде орналасқанын қаперге салды. «Осы тарихи байланыстарды қайта жаңғыртып, бұрынғыға қарағанда белсенді ете түсу қажет. Жаңа Жібек жолы бойымен бүгінде шығыстан батысқа мұнай мен газ, ал батыстан шығысқа инновациялық технологиялар және көптеген басқа да тауарлар тасымалданып жатыр, – деді Т.Ильвес. – Эстония порттары Қазақстанның әлемдік теңіз бен әлемдік сауда-саттыққа шығуына ықпал етуге дайын». Эстония мемлекетінің басшысы көлік, транзит, энергетика, ақпараттық технологиялар салалары бойынша екі елдің мүддесі үшін құрылған үкіметаралық комиссия табысты жұмыс жүргізіп отырғанын атап көрсетті. *  *  * Penki.It (Рига). Эстонияда мемлекеттік сапармен жүрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таллинде баспасөз мәслихатына қатысты. Онда ол өз елінің металл, ауыл шаруашылығы өнімдері мен қуат көздері транзиті үшін Эстония порттарын пайдалануға мүдделі екенін атап көрсетті. Эстония мемлекетінің басшысы көлік, транзит, энергетика, инфотехнологиялар мәселелерімен айналысатын жұмыс топтары жасақталған үкіметаралық комиссия құрылуын табысты қадам деп бағалады. Н.Назарбаев өз елінің Эстониямен инфотехнологиялар, бірінші кезекте, мемлекетті электронды басқару саласында ынтымақтастыққа мүдделі екенін қуаттады. Эстония президенті екі елдің экономикалық байланыстарын, сондай-ақ Эстония экономика министрі мен Қазақстан Сыртқы істер министрі қол қойған Инвестицияларға оң жағдай жасаудың және қорғаудың өзара режімі туралы келісім жандандыра түсетініне күмән келтірмейді. Т.Ильвес, сонымен қатар, екі елдің қарым-қатынасына тек экономикалық мүдделер перспективасы тұрғысынан шектеулі түрде қарамай, кең ауқымда көз тігуге шақырды.