Чернобыль атом электр стансасындағы алапат апатты ұмыту мүмкін емес. Осыдан тұп-тура ширек ғасыр бұрын болған жарылыстан 190 мың тонна радиактивті зат ауаға тарады. 5 миллион адам зардап шекті. Адамзат өміріне, қоршаған ортаға зор қауіп төндірген апат ошақтарын залалсыздандыруға Қазақстаннан 35 мыңға жуық адам қатысты. Тағдырдың жазуымен жанқиярлық ерліктің ғаламат үлгісін көрсеткен оларды қалай құрметтесек те жарасады. Ғабит Мүсірепов ауданында Чернобыльдағы зардаптарын жоюға белсене атсалысқан 40 адам тұрады. Оларды ұлықтауға арналған игілікті іс мазмұндылығымен есте қалды.
Салтанатты шараны аудан әкімі Марат Тасмағанбетов ашып, сол бір қасіретті күндердегі адамдардың бірлігі, ынтымағы ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Ол Семей жерінде 456 жарылыс орын алғанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінділігі арқасында жабылғанын, еліміз ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, төрткүл әлемге үлгі көрсеткенін айта келіп, апат зардаптарын жоюға белсене қатысқан жандарға алғыс хаттар мен бағалы ескерткіш сыйлықтар тапсырды. 6 адам санаторийге жолдама алды. Солардың бірі Владимир Ботнаренко алғашқылардың қатарында Украина жеріне аттанып, жарты жылдай жұмыс істепті. Жетпісті алқымдап қалған ол сол кездері қырықтың қырқасынан енді асқан екен.
– Осыдан 5 жыл бұрын 50-шақты едік. Жыл өткен сайын қатарымыз сиреп келеді. 16 адам мүгедектер қатарында. Шынын айтсам, дәл бүгінгідей марапат күтпеп едім. Бұрындары дәл осылай басымыз қосылып көрмепті. Тіпті арамызда бір-бірін білмейтіндер де бар көрінеді, – деп Владимир Тимофеевич ағынан жарылды. Әну Ақпанов, Николай Гош, Артур Есләмов, Павел Радченко секілді азаматтар тепсе темір үзетін 25 жасында ажалмен бетпе-бет келсе, Владимир Французов небәрі 20 жаста болған.
Әкімдіктің шараға тиянақты дайындалғаны көрініп тұрды. Аудан әкімінің орынбасары Алтыншаш Тайшабаеваның айтуынша, оны өткізуге аудан әкімі Марат Иманбайұлы бастама көтеріп, 700 мың теңге бөлгізіпті.
Чернобыль зардаптарын жоюға қатысқан азаматтарға дастарқан жайылып, жергілікті көркемөнерпаздар концерт қойды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданы.