Теңіз жағалауы, бөлме іші. Осындай екі-ақ көріністен тұратын қойылымда үш қана актер ойнайды. Қырықтан асқан қалталы жігітке амалсыз қосылған бойжеткен толқыны тулап, аласұрған теңіз жағасында жаны жай таппай, өзі де сол теңіздей аласұрады. Оны «Балақай» деп атайтын бай жігіт бір мезетте балық аулауға кетеді. Міне, осы кезде өзін бақытсыз санайтын бойжеткен жағалауда дәл өзіндей өмірден өз орнын таппай, дел-сал күй кешіп жүрген теңізші жігітті жолықтырады. Сырласады. Ашық теңізде жолаушылар мінген кемені құтқарамыз деп қос жолдасымен бірге катермен радиациялық аймақты кесіп өтіп, айықпас дертке ұшыраған Әзиз есімді жігіт оның өмірін, ой-санасын күрт өзгертеді. Қойылым соңында үшеуі үш жаққа кетеді. Нәзидің нәзік жанын тербеген, өзіне ынтық еткен жігіт дүниеден өтеді, «махаббат деген еркіндік. Мен саған үйленбеймін, үйленсем, еркіндігімнен айырылып қаламын» деп масайрайтын Ескендір ақыр аяғында «кетпе» деп қыздың аяғын құшып жалынғанымен, өзінің бақыты үшін батыл қадамға бел буған бойжеткен басқа қалаға кетеді.
− Мұндай тағдыр қазір біздің көптеген қыздарымыздың басында болуы мүмкін. Болмаса да, Нәзидің орнында болуды армандайтын, армандап кеткен, «мәселе – некеде емес» деп бай адамның қасында жүргісі келетін аруларымыз аз емес. Сондықтан осы тақырып мені қатты толғандырды. Өз тағдырын өзі өзгерткен қызды сахнаға алып шыққым келді, – дейді қойылым режиссері Сайлау Қамиев. Ол түпнұсқасы «Дуэль» деп аталатын бұл туындының атын «Нәзи» деп өзгертіп, орыс тілінен қайта аударып шыққанын айтты.
Мұңға толы мелодрамада Жастар театрының үш актері – Айдос Нұрмағамбетов, Ержан Амантаев пен Мақпал Елтайқызы өз кейіпкерлерін барынша ашуға тырысты.
«Бұл қойылымға 18 күн дайындалдық. Нәзи − психологиялық жағынан күрделі рөл. Бұған дейінгі қойылымдарда мінезі шайқы, долы қыз-келіншектердің рөлдерін сомдадым. Бүгін өскемендік көрермендерге басқа қырынан көріндім деп ойлаймын. Мәселе – басты рөлде емес, оның күрделілігінде, адам жанының ішкі иірімдеріне терең бойлауында», – деді Нәзиді бейнелеген актриса Мақпал Елтайқызы.
«Бұл актерді, актрисаны жан-жақты ашатын қойылым. Үш адамның үш түрлі позициясы бар, үш түрлі көзқарасы бар, үш түрлі шындығы бар. Әрқайсысы өзінің шындығын ашуға тырысты», дейді Ескендір рөлін ойнаған актер Айдос Нұрмағамбетов.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Өскемен