Мамандардың мәліметінше, көрме кешенінен оңтүстік бағытқа қарай жеке көлік иелеріне арналған екі парк салынуда. Сыйымдылығы – 9500 орын. Қонақтардың көрмеде болу уақыты орташа есеппен 7 сағатты құраса, кептеліс кезінде көліктердің дені сонда қойылады деп болжануда. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кіреберістердің дәл жанынан тұрақ орындары белгіленеді. Олардың саны жалпы орынның 0,5-1 пайызын құрамақ.
VIP-меймандарға арналған кіреберісте және ұйымдастырушылар кеңсесі жанында шамамен 16800 шаршы метр жер асты тұрағы болады. Айта кетейік, Конгресс-орталықта VIP-қабылдаулар, баспасөз мәслихаттары өткізіледі әрі ұйымдастырушылардың кеңсесі орналасқан. Тұрақ 480 орынға лайықталғандықтан, VIP-меймандарға, БАҚ өкілдеріне және компания қызметкерлері үшін жеткілікті болмақ. Көрме өтетін үш ай ішінде шамамен 61000 VIP-мейманды қабылдау үшін 500 көлікке арналған тұрақ қажет. Бұл барлық күтілетін келушілердің 1,2 пайызын құрамақ.
Қарбалас күндері жүргізушілер көліктерін жақын маңдағы аудандарға қоюы әбден мүмкін. Бұл жағдайда ЭКСПО-2017 аумағы айналасындағы тұрғылықты орамдар 2000 көлікке дейін қабылдай алады. Көрме өтетін уақыт аралығында барлық қатысушылардың кемінде 1 пайызы іргелес көлік қою орындарын пайдалануға мүмкіндіктері бар. Ең ауқымды жоба – кеңсе қызметкерлеріне арналған тұрақтар. Олардың саны – үшеу. Ұйымдастырушылар қатарындағы 5675 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Орындардың тең жартысы ауысым өзгерген кезде бос болуы қажет. Сондықтан, тұраққа ұсынылатын орындар шамамен кеңсе қызметкерлерінің 42 пайызын қамтамасыз етеді. Ал ЭКСПО-қалашықта тұратын азаматтар, яғни көрмеге қатысушылар жаяу қатынайды деп болжануда. Басқа қызметкерлер қоғамдық көліктің мүмкіндігін пайдаланғаны дұрыс. Құқық қорғау органдарының 200 қызметкері патруль көліктерін нақты қажеттіліктерге қарай тұраққа қоятын болады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»