Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керектігін айтқан Президент бұл жобаның мақсаттарын да атап өтті.
"Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс. Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал. Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс. Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз", деп жазды Елбасы.
Оның айтуынша, 2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарлама 5-7 жылда жүзеге асырылады.