
Редьярд Киплинг демекші, ағылшын ақынының айтқанына қазақ ақыны Олжастың өзінше үн қатқаны тағы бар.
Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та.
Жыр – Отаным!
Бар кешің,
Бар әдемі бұла таңын.
Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та,
Кәдуелгі
Егіздей екі ұлы бар
ұлы атаның.
Қылады атамекен
Тарлық кімге,
Тұрады сол ойдан
ол қарғып түнде
Батыс жоқ,
Шығыс та жоқ,
Жер дейтұғын
Бір-ақ сөз,
Ұлы сөз бар
Барлық тілде!
(Тәржімалаған Қ.Мырза Әлі)
Барлық тілде айтылатын Жер дейтін ұлы сөзге деген ешкімнің күмән-күдігі тумаса керек-ті. Әріден келе жатқан текетірес деп тым ушықтырмай-ақ қоялық. Десек те, Батыс әлемінің әлі күнге дейін Күн көтерілетін тұсқа қыли көзқараспен қарап келе жатқаны баршаға мәлім. Ашығына көшер болсақ, айтқанына жүргізіп, айдауына көндіргісі келетін бәз-баяғы әпербақандық әрекет басымдау. Бишігін үйіріп, төрткүл дүниеге әмірін жүргізгісі келетін ескі өктемшілдік дағдыдан арылмағандығы көзге ұрып тұрады.
Билік пен байлықтың бір-бірімен ажырамастай өзара байланып қалғаны атамзаманнан белгілі ғой. Алқалы жиындарда мың жерден әділеттілік туралы әңгіме қозғалып, өркениет өлшемі төңірегінде тереңнен пәлсафалық ой ортаға салынғанымен, күнбатыстағылар бәрібір түпкі тезіне тартады. Тезіне тартқан емей немене, Батыстың бір қиырда отырып алып Шығыстың шырқын бұзып отырғаны...
Біздің Абайдың «Ескендір» поэмасынан Батыс әлемі бейхабар ғой. Әйтпесе, атақты Александр Македонскийдің ұлы ақынның кейіпкері ретіндегі пұшайман болған халін көріп, атақ пен даңқтың мәңгілік емес екенін бағамдар еді. Байлық та, билік те көзге құйылған бір уыс топырақтың арқасында әдірем қалатынын да түсінер еді. Шығыс тәмсілі талайларға қазақтың дана шалының сөз құдіреті арқылы талай дүниені ұғындырады-ау. Ендеше, Абай әлемін Шығыстан тараған даналықтың шұғылалы сәулесі іспетті адамзатқа таратуда өзіміз кемшін соғып отырған тәріздіміз. Айтпақшы, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жалқы сөзінің өзі Батысыңның да, Шығысыңның да небір ақылмандарының жадына тоқитын-ақ тағылымды сөз.
Олай болса, Батыс өзіне бұра тартпай, Шығыс шамырқанбай жер бетіндегі қордаланған проблеманы шешу барысында ортақ көзқараспен мәмілеге келер болса, бүкіл адамзаттың олжалы болғаны дер едік.
Олжас ақынның өлеңіне өзіндік реңк беріп, «Шығыс та жоқ, Батыс та жоқ, адамзаттың ортақ мүддесі бар» дегенге айтарымызды тоғыстырар болсақ, ешкім бізді сөге жамандамас.
Журналист пен Суретші