27 Сәуір, 2011

Шоқан Уәлиханов: Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры

4790 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Күні кеше қараңғы қазақ көгіне жарқ етіп шығып, жалт етіп ағып өткен жарық жұлдыздай қыршын кеткен ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлихановтың туғанына жүз жетпіс бес жыл толуы аталып өтті. Сан қырлы саңлақ ғалым, жалығуды білмеген жиһангез саяхатшы, ел тарихын тереңнен қозғап, ғажайып шежіресін түзген зерделі зерттеуші, әрі  ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын жина­ған әйдік әдебиетшінің артында телегей теңіз мұра қалды. Сол асыл қазынаның қазіргі таңда да тарихи және ғылыми маңызы мейлінше зор. Алайда, сол тамаша туындыларды туған халқы күні бүгінге дейін ана тілінде оқып, толық білді деп айта алмаймыз. Республикамызда оның шығармалары екі мәрте орыс тілінде бес томдық болып шыққанымен, қазақ­ша басылғаны тек таңдамалы­лары ғана. Таңдамалы дегенмен, онда даңғайыр ғалымның тарихи еңбек­терінен гөрі замандастарының естеліктері, жол жазбалары көбірек ауда­рылып берілген. Тумысынан тарих тере­ңіне бойлаған ғұламаның тарихи шығармалары олардың ішінде бірен-саран ғана болатын. Осынау олқылық­тың орнын толтыруды ниет еткен белгілі публицист, байырғы журналист, жазушы Сарбас Ақтаев біраз жылдан бері ғалымның тарихи туындыларын аударумен айналысып келеді. Жа­қында «Ана тілі» баспасынан «Мерейтойлық әдебиет» айдарымен жарық көрген «Шоқан Уәлиханов. Шығармалары» атты кітап танымал тәржімашының сол көп жылғы еңбегінің бір көрінісі. Кітаптың қазақша қандай деңгейде сөйлейтінін аңғарту үшін оған енген ғалым- саяхатшының  ұлы атасы туралы жазған «Абылай» очеркін ұсынып отырмыз. Абылай орыс жылнамаларында Сібірдің ханзадасы деп аталады. Ал шынында Абы­лай Орта жүз қа­зақтарының XVIII ғасырда өмір сүрген ханы. Оның тегі Орта жүз сұлтан­да­рының кенже буынынан тарайды да, үшінші атадан барып Әбілмәмбет хан­ға қосылады. Онымен Абылай (біздегі дерек бойынша Абылай сұлтан ханның немере інісі) 1739 жылы Орынборда Ресейге мәңгі бодан болатыны туралы ант берген. Атасы, оның да аты Абылай, Түр­кістанның билеушісі болып тұрған. Батыр­лығымен, батыл­дығымен аты шы­ғып, сол үшін қанішер деген қаһар­лы да құрметті атаққа ие болған кісі. Бірақ, баласы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза тапты. Қалтқысыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар  Абылай аман қалды. Адал төлеңгіт өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ағайын-туғандары сырт­­қа тепкен жас Абылай қырға келіп, Жақсылық руының бір байына малшы болады. Дүрбелеңге толы дүбірлі кезең Абылайдың тапқырлығы мен табанды­лығын, ақылдылығы мен алғырлығын та­нытуына жағдай жасайды. ХVIII ға­сыр­дың алғашқы он жылдығы қазақ халқы­ның өміріндегі бір алапат кезең еді. Жоң­ғар­лар, Еділ қалмақтары, Жайық казак­тары мен башқұрттар қазақ руларына жан-жақтан тарпа бас салып, қырып-жойып, малын айдап, жанын байлап әкетіп, талай әулетті тұтасымен тұтқынға алып кетіп жүрді. Қытымыр қыс, кесепат жұт пен ашаршылық тәңір­ден түскен қыспақтай-ақ халықты сан­сыратып, қайыршыландырып жіберді. Орынбордағы бір қазақ руба­сының өз жерлестерінің қайғылы халін со­ңынан бір топ ұялас тазы қуған қоянның жағдайына теңегені бар. Әсіресе, 1723 жыл сұмдық сипаты­мен қазақтардың есінде өшпестей боп қалды. Қары қалың әрі көктайғақ бол­ған сол бір сұрапыл қыста жоңғар қон­тайшысы Қал­дан-Серен қисапсыз қол­мен қазақ қырына басып кіріп, қазақтар мен қырғыздарды бұрынғы шалдуар­лығы мен шапқын­шы­лығы үшін жаппай жазалауға кірісті. Қай­да барса да қан­құй­лы жоңғарлар қыр соңынан қалма­ған қазақтар үріккен киік үйіріндей дүр­кіреп, жол-жөнекей дүние-мүлкін, бала-шағасын, кемпір-шалын, арық-тұрық ма­лын, үй мүкәмәлін шашып, түстікке барып қойып кетті. Орта жүз – Самар­қанның түбіне, Кіші жүз Хиуа мен Бұқар барып паналайды. Ал қырғыздар Болордың адам аяғы баспаған құз-жарына жасырынып, үрейі ұшқаны сонша Гиссар алқабына дейін жетеді. Орта Азияның құм белдерінен шүйгін жайы­лым таба алмай, жаңа көршілерімен жауыққан қазақтар құдіретті Ресейдің шекарасына жүз салып, олардан қолдау мен қолқабыс іздейді. Міне, осындай екідай, үрейлі қанды-қасап кезеңде ел назары Абылай сұл­танға ауады. Өйткені ол жорықтардың бәріне алғаш қатардағы жауынгер боп қатысып, соның өзінде қисапсыз ерлік көрсетіп, айрықша амал-айласымен көз­ге түскен еді. Өнегелі ақыл-кеңесі, сұң­ғыла зердесі арқа­сында, ол бірден-ақ көреген, кемеңгер деген атқа ие болады. Шынында да, қазақтар мұны ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, әруақ иесі деп ұққанға дейін Абылай талай күресті бастан кешіріп, сан сыннан сүрінбей өтті. Ол екі мәрте торға түсіп, бірінде қырғыздарға, екіншісінде Қалдан-Серенге тұтқын болды. Оның Қалданнан құтылуы шын мәнін­дегі керемет. Себебі ол ханның сүйікті ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіріп, құдіретті қалмақтың қазақтар­дан табандап тұрып талап етуімен тұтқынға түс­кен ғой. Қалай болғанмен де, 1739 жылы біз оны Орта жүздің ең ықпалды, ең күшті билеушісі деп таныдық. Орыс үкіметі де көбінесе Абылаймен және оның ағасы Сұлтанбекпен ғана байланыс жасап отыр­ған. Өйткені, қырға барып қайтқан орыс­тардың айтуына қарағанда, ол тұс­та нағыз ханның ешқандай мәні де, беделі де бол­маған. Даламен жақсы таныс Тевкелев бұл сұлтанды қырғыз билеуші­лерінің ішіндегі ең айлакері, әрі ең ықпалдысы дейді. 1759 жылы Абылай орыс сарайына өзінің туысқаны Жолбарыс сұлтанды жіберіп, сый-сияпат сұрайды. Кейін оған өкілеттік қағаз жіберіліп, жылына 300 сом жалақысы тағайындалып, 200 пұт ұн беріп тұру белгіленеді. Осы екі арада Орта Азия­да Абылайдың мансап жолындағы ой-арманын жүзеге асыруына жағдай жасай­тын оқиғалар болған еді. Ол оның халық алдындағы абырой-беделін тіпті аспан­датып жіберді. 1745 жылы қазақ­тарға әзірейілдей болған Қалдан-Серен дүние салып, Жоңғарияда билікке талас­қан дүрбелең басталады. Қалмақ тайшы­лары енді Абылайдан көмек күтеді. Ескі кегі зығырданын қайнатып, жоңғарларға тісін қайрап жүрген сұлтан олардың алты­бақан алауыз боп әлсіреуін пайда­ланып, бірде бір жағына, бірде екіншісіне ыршып шығып, ұрыс-керістің көрігін қыздара түседі. Жоңғарияны тарихта теңдесі жоқ жыл­дамдықпен оп-оңай жаулап алған   импе­ратор Цян-Лунның жеңімпаз армия­сының жоңғар жеріне келуі Абылайдың саясатына үлкен ықпал етеді. Жоңғария мен Кіші Бұқар аймағын оп-оңай өзіне қаратуы және қытайлықтардың жауын­гер­лік рухын көте­ріп, басқыншылық құш­тарлығын арт­тыра түседі. Зайыры, император Цян-Лун хань және тань әулет­терінің заманын қайтала­ғысы келгенге ұқсайды. 1756, 1758 және 1760 жылдары Қытай жасақтары Орта жүз қазақтары­ның жеріне ат ізін тастайды. Қазақ билеушілері Кіші жүздің ханы Нұралы, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай Аспанасты империясымен келісімге келуге құлшынады. 1756 жылы Абылай өзін бөгдіхан вассалы деп мойындап, бекзада атағы мен жылпарақ алады. Ал Нұралы Пекинге елшілік жібереді. Қоқан билеушісі Ердене би 1758 жылы, кейін мұрагері Нарбота би Көктің ұлына пенделігін мо­йындайды. Осынау сырттай тәнтілікке қарамас­тан ортаазиялықтар аса абыржулы еді. Күшті Жоңғария құлап, кіші Бұқардың басып алынуы адам айтқысыз үрей туғызды. Оның үстіне діндар мұсылман­дар ақыр заман болар алдында жердің жүзін қара қытай қаптайды деген аңызға қатты сенетін-ді. 1762 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға 130 адамнан тұратын Қытай елшілері келіп, импе­ратордың әмірі бойынша көктем туа Түркістан мен Самарқандқа әскер шыға­тынын жариялап, алда болар жорық үшін көмекке кісі, көлікке жылқы мен өгіз, сойымға қой сұрауы бұрынғы қазақ­тардың үрейін тіпті ұшырып жіберді. Олар уақытша өзара іріңгезекті доғарып, одақ құрып, оның басына қолбасшы етіп Нәдір-шахтың түменбасы, Қандағар билеушісі әрі Дурани әулетінің негізін қалау­шы Ахметті тағайындады. Абылай сырт­тай одаққа кіретін сияқты көрінгенімен, шын мәнінде қытай үкіметімен байла­нысын үзбей, барған сайын онымен жақындаса түсті. Ол тіпті Пекинге аманат етіп ұлы Әділді жіберді. Бірақ Бөгдіхан Абылайдың тәнті­лігіне дән разы болып, Әділді қолына өкілеттік қағаз беріп, көп сый-сияпатпен әкесіне қайта аттандырды. Ал, Абылайдың өзі болса Сайрамкөл жағасына Іле цзян-цзунымен (генерал-губернаторымен) кездесіп, онымен сауда шартын жасасты. Шарт бойынша Тар­бағатай (Шауешек) мен Іледе (Құлжа) айырбас базары ашылып, одан қазақтар айдап әкелген малына қытай бұйымдарын айырбастап алып жүрді. Бөгді­ханның мұндай мейірімі, әсіресе, тар­ту-тарал­ғысы баққұмар, даңққұмар қазаққа ұна­май қалған жоқ. Қытайлармен байланысы беркіген са­йын Абылай Ресеймен қарым-қатынас­тан іргесін аулақ сала бастады. 1771 жылы хан сай­лағанда да ол орыс шекарасына барып, ант бергісі келмеді. Сөйтіп, ол өзін халық қалап, баяғыда-ақ бұл дәре­жеге лайықтап қойғанын, Көктің ұлының және өкілеттік қағазы барын желеу етті. Дегенмен, орыс үкіметі қырға өз қызмет­шісін арнайы жіберіп, Абылайға ант бергізіп, хан атағының белгілерін (қылыш, қамқа тон және бөрік) тапсырды. Онда­ғысы өздері бекітпей тұ­рып, хан болу деген қазақтардың қаперіне де келмесін деген ішкі есеп. Абылай өз балаларына ақыл айтқанда Қытаймен жақындаса тү­суге кеңес беріп, Ресеймен келісімді сақ­тау керек деп тапсырды. Оның ойынша, қытайлар хан билігі үшін еш­қашан қатерлі емес, ал, орыс үкіметі болса, жергілікті билікке ең күшті бәсекелес. Оның үстіне заман ағымы қазақтардың Ресей көмегіне мұқтаждығы аз екенін ай­қындай түсті. Абылайдың қырдағы билігі тіптен нығайды. Ұлы жүз де (біздегі қағаз бо­йынша Үйсін болыстары) оның билігін мойындады. Жоңғарларды қытайлар жо­йып жіберді. Қазақтар ту-талапай еткен, әсіресе Абылайдың өзі түбіне жеткен торғауыттар Ілеге әрең жетіп, қытай сая­сатшыларының қитұрқы торына түсті. Пуга­чев бүліншілігі титықтатып, тағды­рын енді үкімет қолына алған Жайық казактары өз бетімен басып кіре алмас халге жетті. Қазақтардың ендігі жауы Түркістан, Созақ, Сайрам, Шу мен Таш­кенттің арасындағы және басқа қала­лар­дағы қазақ сұлтандарынан ауылын аулақ салуға тырысқан қу қырғыздар мен Орта Азия билеушілерінің бір бөлегі ғана. Абылайға аян беріп отыратын әдеттен тыс аруаққа деген сенім қазақ халқына бұрын-соңды болмаған өжеттік дарытты. 1770 жылы Абылай Шат асуынан да асып, Туро өзенінің маңында қырғыздар­ға шабуыл жасады. Таулықтарды өкше­лей қуып, ол Шу жазығына дейін айдап салды. Шуға құятын Қызылсу мен Шамси өзендерінің бойында қырғыздар Абы­лайға қарсы одақтасып қан кеше жүріп айқасады. Бұл жайында «Жайыл қыр­ғыны» атты аңыз күні бүгінге дейін бар. Қырғыздардың қырылғаны сонша, Сұлту руының Талқан деген атасынан тек қы­рық-ақ адам тірі қалады. Сонан соң Абы­лай олжасын артынып-тартынып өзінің Сібір желісіне жақын сүйікті қонысы Көкшетауға қайтып келеді. Алып келген тұтқындары тіпті көп, қазір олардың ұрпағы Жаңа және Бай қырғыз деген екі болыс ел болып отыр. Абылайдың Ташкентпен және Ход­жент­пен соғысы Жизаққа дейін жетіп, ша­һарды алуымен тынды. Олардың ара­сында Әзірет сұлтан, Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа қалалар бар. Ал, Ташкент алым-салық төлеп отыруға тиісті болды. 1774 жылы Абылай Үйсіннің ел ағаларының өтінуі бойынша оларды басқару үшін ұлы Әділді жіберіп, оған Талас өзенінің бойынан қалашық салып берді. Кентке кілең еңбек­қор қарақал­пақтар қоныстанды. Ұзын саны жетпіс бірге жететін басқа балаларына ол Орта және Ұлы жүз руларын бөліп берді. Ал, өзі әулет басы ретінде рубасыларының ғұрпы бойынша өмір сүру үшін Түркіс­танда қалды. Сонда 1781 жылы дүние салып, мүрдесі Қожа Ахмет Ясауидің мешіті алаңына жерленді. Міне, ғаламат қазақтың саяси өмірінің желісі осындай. Даңқы дәуірлеп көтері­луіне жеке басының кісілігімен, ақыл-параса­тының кеңдігімен жеткен ол арыны ауыз­дықсыз, қызуқанды қызба халықтың қадір-құрметіне ие бола білді. Қырдағы бұл құрметтің тылсымдап тастайтын тамаша бір сипаты болды. Әбілмәмбет қай­тыс болған­нан кейін өз сұлтандары­ның ішіндегі ең лайықтысы осы деп халық оны бірден хан көтерді. Ал, қазақ дәстүріне бақса, Әбіл­мәмбет балалары­ның ішінен заңды мұра­герлер табылатын-ақ еді. Осынау сайлаудың куәгері болған орыс азаматы алқалаған рубасыларының оны ақ киізге салып қалай төбеге көтер­генін, бірінен бірі асырып өжеттігі мен өтімділігін, жампоздығы мен жеңімпаз­дығын жер-көкке сыйғызбай қалай мадақ­тағанын, сонан соң ол киген шапанды өрім-өрім ғып қиқымдай жыртып, үлесіп алғанын тамсана жазады. Мұның өзі хан­ның қадір-қасиетін танытар тамаша көрініс еді. Қазақ хандарының арасында Абылай­дай шексіз билікке ие болған бірде-бірі жоқ. Ол өз өктемдігін асырып, ең алғаш өлім жазасын енгізді. Бұрын бұндай сұм­дық шешім халық жиынының ұйғарымы­мен ғана жүзеге асатын. Сөйтіп, ол хан­ның билігін алқалы кеңес арқылы шектеп отыратын рубасылары мен сұлтан­дардың өркөкірек үстемдігін тыйды. Әуелі мұндай жаңалық сұлтандар мен билердің наразылығын туғызып, бас көтертті де. 1781 жылы Дайыр сұлтан Орынбор губер­наторына арыз айтып, Абылайды өзіне тиісті емес билікті басып алушы деп бейнелейді. Рубасылары ежелгі әдет бойынша кәдімгі Польшадағы корольға қарсы соғыс сияқты, ханға қарсы аттанбақ та болды. Алайда, Абылайдың төлеңгіттері оларды тас-талқан қылды да, бәрі ханның темір тезіне бағынуға мәж­бүр болды. Бұл ханның ықылым заманнан аяланып келген еркін жайылуды өктемдік­пен басып, өз қимыл-қарекетін қалай заңдас­тырғанын кім білсін, әйтеуір ұрпақ­тар оны әулие санап, шабуылға шыққанда есімін жігер шыңдар ұран етіп атайды. Ал, оның өз балаларына қалдыр­ған ауызша өсиеті Ақсақ Темірдің саясатымен астасып жатқанын аңғартады. Балаларына ол қазақ тайпалары арасын­дағы ру таласын ешқашан түбегейлі шеш­пе, дүрдараздық пен дау-дамай қашанда хан билігінің тапжылмас тая­ныш-тірегі болуы керек деп ақыл-кеңес беріп отырған. Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абы­­лай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Оның жорық­тары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастан­дардың арқауына айналған. Домбыра мен қобызда орында­латын небір күйлер соның дәуірінде дүние­ге келген және көбі сол кезеңді сипаттайды. Халық күйі «Шаңды жорық» жаудан қайтып көрме­ген жүрек жұтқан Баян батыр опат болған шабуыл кезінде шығарылған. Ал «Қып­шақ қағу» Еділ қалмақтарына қарсы қысқы жорықтан туады. Сол жолы қазақ­тар жеті күн бойы ашығып, олжаға қолы әрең жетеді. Бұл күйлердің бәрі күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді.