Мен журналды алдым да кібіртіктеп оқи бастадым: «Ким билбейт, жайдын толук кезиндеги август түндерүн. Асмандагы жылдыздар алыста турганыменен, ар бери өзинче чыгып, алаканга салгандай, ар бири өзүнчө нур төгүп, чет-четинен бүл-бүлдеген күмүш кыроо чалып, асмандын тиги каптал, бу капталына жайнап кири жок жадырап карашат.
Жылыздар ушинтип толгондо, биз капчыгай аралап келе жатканбыз…»
– Шыңғыс сұқтанған тамыз күндері! Оның жұлдызы жамыраған жылы түндері! Әндей желпиді, Ильяжан. Тағы… тағы бір жерін оқышы!
– Оқиын… оқиын Нұреке: – «Ой, сустайган неме, ырдап койсоң болбой бу? Жигитсиң би өзуң, же өлүксуңбү? Ай, Данияр, деги сен бирөнү сүйдүң беле?
Анан бир убакытта Данияр – «Чу!» – деп аттарду желдирди да, күтпөгөн жерден:
Ой, Ала-То -о –о, Ала-То-о,
Ата-бабам өскөн жер! – деп араба секиргенде кошо секирип, дирилдеген үнменен ырдап жиберди.
Ал кыргызчага, казакчага да окшобойт, бирок тыңшап отурсоң, бу обонда байыртан бир боордаш кыргыз менен казактын тандалган төл обондару чиретилип кошулгандай туюлат…»
Нұрғали маған ойлана қарады: – Сен әннің қалай туатынын біліп қалдың, Ильяжан, Шыңғыстың осы бір сөздері ән емес пе, ән… ән ғой! Адам көңілін асқақтатып жібереді. Осы суретті, Жәмиланың жігіт намысын қозғаған жаңағы бір сөздерін ойлап, елестетіп көрші. Жай ғана қара сөздің әндеткенін кім көрген! Шыңғыс прозасында адам жанын аялайтын, тіпті, көкке көтеретін сәулелі поэтика, романтика бар! Мен Шыңғыстың Даниярын – өзіміздің Нұғыман ағамызға, Жәмиласын Қалиқаға ұқсата беремін. Осы бір қызық сезімнен арыла алмай қойдым. Айырмасы – Нұғыман біздің кешегі «Ілгерібас» колхозының бастығы, ал, Қалиқа –Жәмиланың дәл өзі. Бәрі де көз алдымда: астық піскен кез. Бидай орағы. Қызыл қырман. Ол аудан орталығына түйемен, арбамен тасылып жатыр. Осы ду-ду өмірдің ішінде қайғы да бар, қуаныш та бар. Махаббат бар! Қырғыз, қазақ ауылының тіршілігі...
Нұрғалимен болған сұқбатты күндерден бастап, менің де көз алдымда: түнгі дала… тау іші… Күркіреу өзенінің жар қабағында үнсіз меңірейген Данияр тұратын болды. Кейде ол шаңы бұрқыраған қара жолда арба үстінде батып бара жатқан қып-қызыл күнге қарап, қабағында сәл ғана кірбіңі бар, мұңды жандай ыңылдайды бір. Даниярдың сол үні… жан-жүйені босатқан сол әуезі!
«Бәрі … бәрі біздің ауылда болған хикая!…» Нұрғалидың осы сөзі көкейімнен кетер емес.
Келе-келе осы сөзді ұлан-ғайыр қазақ даласының әр жерінен естідім. «Жәмила» повесін әр қазақтың үйінен көрдім, перзентті болған қуанышты жандар жақсы ырым ғып, балаларына Жәмила, Данияр деп ат қоя бастады. Бұл кезде белгілі әдебиетші Қалжан Нұрмақанов аударған «Жәмила» повесі – «Аңсаған менің әнімсің!» атты спектакль болып, қазақ драмтеатрының ажарын кіргізіп, беделін көтерді.
«Жәмила» повесі жұрттың аңызына айналды.
Ауық-ауық Фрунзеге қарай жол тартам. Ұзақ жолда «Жәмила» повесіндегі хикая мені қым-қиғаш қиял үстінде қалқытады. Данияр елестейді. Оның әуелеген әні қазақша басталады, енді бірде ол қырғыздың арманмен аһ ұрғызған шырын сазына ұласады.
О, шіркін, Шыңғыс сүйген тамыз түндері!
Тамыз түнін балбыратып, кішкене ғана Шекер ауылының ерке келіні – Шекспирдің асау Катаринасындай Жәмиланы еріксіз «бұғалықтап», оған сүюдің не екенін сездіріп, мүлде есін алып, елжірете босатып, сәби кейіпте еш алаңсыз мөлдіретіп, «арбай» бастаған мына Даниярдың жан шыдатпас құштар ыңылында не құдірет бар, құдай-ау! Құлағымда Шекер ауылындағы гу-гу сөз де ызыңдады: «Ой… ой, Жәмила-ай! Ой, Жәмила-ай, соғыстағы Садығыңның көзіне шөп салып, не істеп жүрсің тегі?», «Көки бермеңдерші тегі, Жәмиланы кінәлап. Садық Жәмилаға сүйіп қосылған жоқ. Оны әке-шешесі күштеп үйлендірді. Білеміз бәрін». «Ой, Жәмила, қандайсың, сен? Сені… сендей бұлғақтаған асауды бір ауыл жеңе алмай отырғанда мына бір сайда саны, құмда ізі жоқ… жел қуған қаңбақтай боп ойда жоқта келе қалған мына біреу… өзі өлімсіреп, бір аяғын зорға басқан Данияр деген неме, әй, ессіз Жәмила сені қалай еңсеріп, бар еркіңді алып барады, о, қоқи десе!», «Неге сындың, Жәмила? Сенің зымиян көкірегіңе қандай жылан ұялап жүр, а? Ауылдың көркі болған үйің анау… келін боп аттаған алтын босағаң, ол! Садығыңнан ай сайын хат келеді, құдайға шүкір, тірі жүр. Сенің жүрісің мынау… Садығың ертең жарқ етіп келе қалса, не бетіңді айтасың? Ә, сені енді салдақы демегенде не дейміз, а, жұлынған Жәмила?» Шекер ауылының гу-гуі.
Қым-қиғаш елес.
Ішім теңіз боп толқып, дала боп шалқиды, ұмсынтқан тау шыңы қол жетпес армандай бұлдырайды. Көкірегімді ән қысып барады, ән! Жүрегім толы арманды ән! Ол ән бұлқынады, тулайды, еркіндікке шыққысы келеді. Ол ән Ұзынағаш, Отардың көк адырларынан өтіп, Қордай асуына көтеріле беріп, алдымнан қырғыз Алатауының ақ шаңқан шыңдары көрінгенде Даниярдың:
Ой, Ала-То-о, Ала-То-о! – деп ыңылдайтын әуезіне ұласады.
Мен Шыңғыс романтикасының қызулы құшағына ендім.
Фрунзеде дүрілдеген әдеби кештер… соның бірі қырғыз университетінде оқушылардың зор дүмпуін тудырды. Мұнда жарқын ойлы, білімді жандар қырғыз әдебиетінде бұрын-соңды болып көрмеген ерекше құбылыс болғанына сүйіністі. Жәмила өзінің сыр-сымбаты, бар болмысы, мақсат-мұраты, еркін ойлы келбетімен жан біткенді ерекше қызықтырды. Қырғыздың тауларын Даниярдың қоңыр үні… биік те қуатты үні кернеді. Қырғыз жерінің інжу-маржаны дейтін Ыстықкөл, Чатыркөл, Соңкөл… бәр-бәрінде қырғыздарды таңғалдырған Даниярдың қазақ әуезі толқыды. Бұл жерлерде де қыздың бәрі Жәмилаға, бозбала Даниярға ұқсады.
Шыңғысқа ел ықыласы көл-көсір!
Өмір… ә, өмір қашанда өмір!
Оның өз жолы, өз заңы, өз мінезі бар. Қарға адымдай қысқа мезгілде ол сонысымен қымбат, сонысымен қызық әрі өкінішті де! Өмір – қиын құбылыс. Беймаза күйбең. Оның дегеніне көнесің, көнбейсің, ол сеніменен «ойнағанды» ұнатады. Онымен сен де «ойнайсың». Оны жеңесің, кейде одан жеңілесің. Сонан соң «Ә, өмір!» деп қапылып, бас шайқаймыз, уһілеп. Солай.
Бұл өмірде күн мен түннің, жаз бен қыстың, гүл мен тікенектің, бал мен удың, күлкі мен жылаудың бары секілді кемеңгерлік пен тоғышарлық та бар еді. Өмірдің айнымайтын бір тепе-теңдігі осы! Бірақ, о бастан өмірді қадірлі еткен, жарқырап сәуле шашқан, жарық берген Күн ғой…алтын Күн! Жадыратқан, шалқытқан Жаз ғой… Жаз! Махаббатқа ессіздікпен берілген мұңлықтарға ләззат болған Гүл ғой… Гүл! Адамды тамсандыра сүйсіндіретін Бал ғой… Бал! Өмір шырайы Күлкі ғой… Күлкі! Адамзаттың көкейкесті сөзін айтып, зұлымдық пен жауыздыққа дес бермейтін құдірет Кемеңгерлік қой… Кемеңгерлік!
О, осы кемеңгерлік... ол әлемді аң-таң қылған махаббаттың асқақ жыры – «Жәмиланы» әкелді, дүниеге! Ал тоғышарлық… о, құдая тоба, ол осы кемеңгерлікке біраз тауқымет болды.
Әдебиет қауымының ішінде көрінгеннің қарадүрсін мақаласынан әр нені шоқып, сыншы атанып жүрген желбуаздар… Сонау отызыншы жылдарда ептеп жазыла бастаған қарабайыр прозаның «корифейлері» Шыңғысты «жазушы емес, қайдан шыққан сұмдық, бұл?» деп дүркірей шуылдасты.
Дәл осы кезде «Жәмиланы» ой таразысына салып, толғанған қырғыздың бір өрелі сыншысы Кеңешбек Асаналиев: «Айырымдарга «Жәмиланын» кыргыз адабиятына келиши кадіресе эле окуядай болуп туюлду. Алар бул чыгарманын негизинде, түпкүрүнде жаткан «Жанар тоодай» кандайдыр бир сыйкырдуу күч жатканын байкашкан жок. Мындай болорун капарына да албады» деп жазды. Тоғышарлардың күңкілінен ықпай қалам тартқан сыншылар – Раиса Қыдырбекованың «Советская Киргизия» газетінің (1958 жыл. 21 қарашадағы саны) бетінде «Поэтическая проза», Қамбаралы Бобуловтун «Советтик Кыргызстан» (1959 жыл. 22 ақпандағы саны) газетінде «Махаббат баяны» атты мақалалары «Жәмиланың» бүкіл совет әдебиетін даңққа бөлер келешегінің үміт сәулесіндей жалтылдады.
Ілия ЖАҚАНОВ
(Жалғасы бар)