Сырдың теңізге құярлығында Аманөткел деген ауыл бар. Дарияның соңғы атырауында жатқан бұл құтты қоныста Сыр сүлейлерінің бірі атанған ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы бастаған көптеген жырау-жыршылар өмірге келген. Ал осы ауылмен қанаттас Мырзас ауылының өзінен ер-азаматтардан бөлек 18 жырау қыз шыққан екен. Осындай өнердің өндірдей өлкесі атанған топырақта дүниеге келген біздің бұл мақаламыздың кейіпкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, жырау, Президенттік оркестрдің мүшесі Эльмира Жаңабергенова кішкентайынан ән мен жырға құмартып өсті.
Құмартып өскені шығар, өзінің жеті атасы жағынан да, нағашы жұрты тарапынан да топқа түсіп төселіп жырлаған жырау болмағанмен, есін білгелі домбыраны жата-жастана қолынан тастамайтын еді. Бәлкім, «өнер қонып, түнеген» ауылдың өзіндік өнегесі әсер еткен де шығар. Ал тұқым жағынан ілінетін бір ілгек іздесек, нағашылары шетінен келер күнді болжай беретін көріпкел кісілер болған көрінеді. Сол өзгеше өнер Эльмираның туған шешесіне де қоныпты. Ол бала жасынан анасының бағзы замандағы бақсылар тәрізді зарға запыран қосып, тілімен шоқ жалап отырғанын, сол арқылы дертке шалдыққан талай адамға шипа жасап, ауруынан құлан-таза айықтырып жібергенін талай мәрте өз көзімен көрген. «Дін – апиын» деген заман ғой, бақсы мен балгерді халық жауынан бетер қауіпті таныған кеңестік билік пен тәртіп сақшылары бұл отбасын ұдайы назарға алып, анасын аңдуда ұстайтынын да Эльмира ұмытқан жоқ.
Бір жақсысы, бұл әулет өнерді киелі нәрсе ретінде бағалай білді. Соның арқасында бүлдіршін қыздың тілі шыққаннан тақылдап, өлең айтуға құштар болғанын әке де, шеше де шет көрмеді.
– Өнер жолына қарай қадам басқан бастапқы кездерi алдыңғы буын жыршыларға елiктейтiнмiн, – дейді Эльмира. – Жыр-термелердi орындар алдында оның мәтiндерi мен мақамдарын дәл сол қалпында жаттап алатынмын. Әуелгіде әуеннің әуезiне көбірек елiктеуші едім. Сол кезде мәтiннің дұрыс-бұрыс айтылғанына көп қарамаппын. Жыр мәтiндерiндегі араб, парсы тiлдерiнен қосылған сөздердің мағынасына тереңдеп барғам жоқ. Дегенмен, сол жылдар мен үшін үлкен мектеп болды. Үлкен өнерге бастап баратын даңғыл жолдың бастауы осылай салынды.
Сондықтан да Эльмира өзінің өнердегі ұлы ұстазы ретінде ауылдағы термеші аға-апаларымен қоса өзінің жеке орындауындағы осы жыр-термелерiн атайды. Себебі, орындаушылық бағытындағы үйреністері оны ақыры біртіндеп тәрбиелеп, бүгінгі күнгі дәрежесіне дейін жеткізді. Ол сол жолда бір мақамның өзін бірнеше жыраудың орындауында тыңдап көрді және сол әртүрлі нұсқалардың бәрінде де орындады. Сөйтіп жүріп, бір мақамды бірнеше жыраудың орындауынан үйренген Эльмираның да өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Соның арқасында бір ғана мектептің шеңберінде қалып қойған жоқ. Бұл оны бесаспап етіп шығарды. Бүгінде ол тек Арал мен Сыр бойы жырауларының ғана емес, Арқаның да, Жетісу мен Батыстың да әуендеріне салып, терме орындай береді. Оның репертуарында Бұқар жыраудың да, Мәшһүр Жүсіптің де, Шәкәрімнің де, Мәтжанның да, Кененнің де шығармалары бола беретіні сондықтан. Дегенмен, Эльмира өзін негізінен туып-өскен өңірі – Арал мен Қазалы маңайында қалыптасқан жыраулық мектептің түлегі, ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының дәстүрлі мектебін жалғастырушы санайды.
Өнерді өмірлік серігі санаған Эльмира 1999 жылдың жазында Астанаға біржола көшіп келді. Бұған кезекті концертін көріп, тамашалаған Елбасының: «Жыршылық, жыраулық өнердi Астанада өркендет. Орындау шеберлiгiң ерекше екен. Бiлген-түйгенiңдi соңыңнан ерген бауырларыңа үйрет», дегені себеп болды. Сенім білдіріле айтылған осы сөздер оны көп ойлантты. Ақыры елордаға қарай көштің басын бұратын күн де туды. «Астанада Қазақ Ұлттық өнер университетiнде бiраз жаңа факультеттер мен кафедралар ашылады», дегендi естiсiмен, дереу өнертану ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушiсi Раушан Қожабекқызымен ақылдаса отырып, кафедра жиналысында ойын айтты. Бұған соңынан Бiлiм министрлiгі мен университет ректоры Айман Мұсақожаева қолдау көрсетті. Сөйтіп, университетте Дәстүрлі ән департаментінің ішінен термеші-жыраулар даярлайтын сынып ашылды. Әлбетте, оны аша салу оңайға түскен жоқ. Осы жерде Эльмира өзінің еңбекқорлығы мен табандылығын тағы бір мәрте көрсетті. Сол ізденісті күндері Америкадағы Стенфорд университетiнде ұстаздық жасайтын қазақ қызы, музыка зерттеушi, профессор Алма Құнанбаевамен, өнертану ғылымдарының кандидаты Саида Еламановамен ақылдаса келе, жоспар жасап шығуға қол жеткізді. Мұнда ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетiнiң профессоры Алмас Алматовтың жыраулық өнерi бойынша түзiлген оқу жүйесiне байланысты жұмыс бағдарламасына сүйенді.
Айтқандай, «ұстаз» дегенде ол өзін ғылым жолына бастатқан Саида апайын ғана ауызға ала алады. Бірақ Саида Әбдірахманқызы бұған қалай терме таңдап, жыр төгілдіруді үйреткен жоқ. Ол мұның өз саласында ғалым атануына бірден-бір себепкер болды. Сол үшін де апайының алдында қашанда қалт тұрады.
– Алдағы уақытта жыраулық өнер тек ауызекi емес, оқулықтарға сүйене отырып, музыка тұрғысында үйретiлуi тиiстi. Әлi-дағы атқарылатын жұмыс көп. Ең бастысы, жыраулық дәстүрдi дамыту үшiн фольклорлық кабинеттер мен көптеген оқулықтар қажет. Бiр адамның күшi жетпейтiн жұмыс, – дейді Эльмира енді әңгіме жыршылықты ғылыми негізде дамыту жайына ойысқанда. – Арал-Қазалы өңiрiнiң жыраулық өнерi бұған дейiн әдеби тұрғыдан бiраз зерттелгенiмен, музыка теориясы мен тарихы ыңғайында ешқашан жан-жақты сараланбапты. Сол себепті мен оны тұңғыш рет ғылыми жүйеге түсірдім.
Онысы рас. Өнерді өмірлік серік еткен Эльмира сол өнерге қатысты ғылымның да көсегесін көгертіп жүрген ізденімпаз ғалым. Ол өзінің кандидаттық диссертациясында жыраулық дәстүр тақырыбын қозғай отырып, оны ғылымның тарих, әдебиеттану және музыкатануы секілді үш саласы бойынша қарастырды. Оның айтуынша, зерттеудiң мақсаты отандық және басқа да елдердiң музыкалық бiлiм саласы мен музыкалық социология жетiстiктерiн, музыкалық даналық туындылар, фольклор мен әдебиет, тарих ғылымдары деректерiн пайдалана және негiзге ала отырып, Арал өңiрiнiң жыраулық дәстүрiн бiртұтас құбылыс ретiнде, тарихи-әдеби-халықтық музыкатану тұрғысынан зерттеп-талдау. Бұл еңбекте музыкатану саласында алғаш рет «Арал өңiрiнiң жыраулық дәстүрi» ұғымы ғылыми айналымға енгiзiлдi, дәстүр жалғастығын қамтамасыз еткен арысы Қорқыт, берiсi Нұртуған Кенжеғұлұлынан басталған ұстаз-шәкiрт арасындағы шығармашылық байланыс, тұқым қуалаушылық үрдiстер сала-сала және аймақтық мектептер бойынша жан-жақты сараланды. Алғаш рет Арал аймағының әдет-ғұрып әуендерi мен бақсы сарындары, жыр және күй тектес мақамдары музыкатану ғылымы тұрғысынан қарастырылды.
– Елiмiздің егемендік алғаны өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткендей болды, – дейді Эльмира өнердің болашағы жайлы сөз қозғағанымызда. – Сол тәуелсіздіктің таңы атқалы берi Елбасымыз тарихи-мәдени мұраларды жинау, зерттеу, сақтау iстерiне айрықша көңiл бөліп келедi. Соның сәтімен тіпті үш жылды «Мәдени мұраны» іздестіріп, зерттеуге арнады. Осы ретте Мәдениет министрлігінің, оның ойы озық, қиялы терең, ғалым басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қазіргі таңда күрмеуі көп күрделі саланы көтеру жолында жасап келе жатқан жанды жұмыстары ұшан-теңіз. Бізді мәдениет пен өнердің басында осындай нағыз жанашыр адамның отырғаны қуантады. Басқасын айтпай, тек музыка саласында атқарылған іргелі істерге тоқталсам, былтыр ғана халық қолына тиген «Қазақтың мың әні» мен «Қазақтың мың күйі» жобаларының өзі неге тұрады! Міне, ұлы өнерді ұлықтай білетін атпал азаматтың тірлігі бұл!
Сөз соңында айта кетер бір жәйт бар. Қазір бірқатар уақыттардан бері қатар жүрген құрбы-құрдастары, жанашырлары мен жақындары Эльмираның атын сәл бұрып, Елмұра деп атайтын көрінеді. Басында мұны өзі секілді үлкен өнердің адамы Елена Әбдіхалықова: «Сен киелі өнерді күйттеп, елдің мұрасын арқалап жүрсің ғой. Сондықтан сенің ендігі есімің өзіңнің төл атыңа ұқсастырылып, Елмұра аталуы керек», деген екен. Сол таңылған ат артынша кеңінен тарап, шынайы қолданысқа еніп кетіпті. Несі бар, термешілік-жыраулық өнердің киелі екені ақиқат. Оны ертеңгі күнге жеткізу жолында қызмет етіп жүрген Эльмираның ел мұрасының жанашыры әрі жоқтаушысы екені де шындық. Біздіңше, осы есім оған шынында жарасып тұр.
Жаңагүл СЕРДАЛЫҚЫЗЫ.
Астана.