Қазақстан • 13 Сәуір, 2017

Ел иесіз, жер киесіз болмайды

660 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы менің жан дүниемді төңкеріп тебірендіргендей бол­ды. Ондағы әрбір тарауды, әрбір абзацты, әр­бір сөйлемді, әрбір жолды сол сәтінде-ақ ой елегінен өткіз­бей, толғанбай оқу мүмкін емес. Жа­қын­да ғана сексен бестің сеңгіріне шық­қан, өмірдің талай өткелегінен өткен, тә­жі­­ри­бесі мол мен сияқты ғалым адамды бұл ма­қа­ла жаңа бір қияға жетелегендей, жа­ңа бір асуларды нұсқағандай сезімге бөледі.

Ел иесіз, жер киесіз болмайды

Қазақта елдің иесіз, жердің киесіз бол­­майтындығы туралы ұғым-түсінік бағ­зы­дан бері бар. Көп жағдайда бұл түсі­ніктің жай сөз күйінде қа­ла­тын кездері де аз еместігін білеміз. Ал Елбасымыздың мы­на мақаласын оқығаннан ке­йін мен тәуелсіз еліміздің шын мәніндегі қамқор иесі бар екендігіне тағы бір мәр­те көз жеткіздім. Халқымызды ру­ха­­ни жаңғыртудың жаңа бағ­дар­­ларын, болашақтың кемел көк­­жиегін белгілеген бұл мақа­ла­­ның ойлары тым ауқым­ды, фи­ло­­­­со­­фиясы ай­шықты өрнектел­ген. Мен өзім гео­графия сала­сы­ның ма­маны, оның ішін­де сонау кеңес за­ма­ны­нан бас­тап елі­міз­­дегі экология ғылы­мы мен ма­ман­­ды­ғы­­ның негізін қалаушы ғалым ре­тін­де осы ма­қа­ла­дағы прагматизм мәсе­ле­сіне аса мән берілуін шексіз ризашылықпен қабыл­дадым. 

Иә, мемлекетіміздің қазіргі даму саты­сында, жаһандану жағдайындағы сын-қатерлер белең алған кезде прагматизм біздің Қазақстан үшін, халқымыз үшін аса керек қасиет. Маған, әсіресе, осы прагматизмнің туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтауға, оның қойнауындағы байлықтарды орынды пай­далануға, экология тазалығына ұм­ты­луға қатысты айтылған тұстары өте ұнап, көңіліме қона кетті. Қазақ хал­қы­ның ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт­тық прагматизмінің санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысы­рап­шылдыққа ұласқанын Нұрсұлтан Әбішұлы керемет тап басып айтқан екен. Мақа­лада «Түгін тартсаң майы шығатын мың­даған гектар миялы жерлеріміз эколо­гия­лық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге» айнал­ға­нын айта келе, «Осының бәрі – жер­ге аса немқұрайлы қараудың ащы мы­салы» деп көрсетеді. Міне, бұдан шыға­тын қорытынды, табиғатты қорғау, эколо­гия­ны сақтау мәселесінде бізге Елбасы айтқан прагматизм әсіресе қажет.

Әрине, табиғатты қорғау мен экология мәселесіне біз, эколог-ғалымдар үнемі көңіл бөліп, биік мінберлерден айтудай айтып келеміз. Өзімнің жақында ғана шыққан «Қазақ елі: Мәңгілік Ел» атты кітабым­да ел тарихы мен жер тарихын, оның экономикасы мен экологиясын бір­лікте алып біршама зерделеген едім. Ал енді осы жолы бұл мәселеге қадір­менді Елбасының барынша тереңдеп, осын­шалықты жанашырлықпен, пра­гматикалық түрде мән беруі біздің де мерейімізді асыра түскендей. Елдің иесі сөздің жүйесін тауып, жеріміздің киесін жалғанның жарығына алып шыққандай болды. Мұны мақаладағы мына жолдардан аңғаруға болады. «Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасы керек».

Міне, осылайша Президент қазақтың қасиетті жерлерінің, баршамызға ортақ киелі жәдігерлерінің мерейін асқақтату мақсатын алға тартып отыр. Мұны мен Ұлы Дала ұлағаттарының жалғасып жат­қаны деп білдім. Ел иесі туған жеріміздің киесін асқақтатуға шақырып отыр. Бұдан асқан ізгі мұрат бола ма!

Әлия БЕЙСЕНОВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі


Соңғы жаңалықтар