Қазақстан • 13 Сәуір, 2017

Намысты жаныған нар ұстаным

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлан-ғайыр даласы­ның қарыс жерін қасық қаны қалғанынша қорғап келген ұлт ұланының асыл тегіндегі кеудесін бас­­тырмайтын на­мыс, өр­лігі­нен айны­май­тын рух мәңгі үзілмей, ұр­пақ­­тан ұрпаққа жалғасын тап­са дегенді мен жетпіс­тің белортасынан асқан жа­сымда Жаратқаннан күнде тілеймін.

Намысты жаныған нар ұстаным

Осы тілеудің өзі менің өзіме де күш-қуат береді: пеш түбі­нен жұлып алып, күрес кіле­мінің төрі­не дедектетіп алып бара­ды. Сол кұ­ді­ретті күш күні бүгінге дейін мені тұ­ғыр­дан түсірмей, балуан баптатып жүр!

Осы айтқанымның барлығы да ішімде қалар ма еді, егер, кеше ел газеті «Егемен Қазақстаннан» Ел­ба­­сы­­­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласын оқымағанымда...

Әсіресе, «Жаңғыру атаулы бұ­рын­ғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қара­­мауға тиіс. Керісінше, зама­на сынынан сү­рінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаң­ғыру­­дың маңызды алғышарт­тары­на айналдыра білу қажет. Егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани тамыры­нан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген жолдар менің жанымды дүр сі­лкін­діріп, ойдағы айтсам деп жүрген сөз­дердің сыртқа шығуына түрткі болды.

Қарап тұрсам, бар саналы ғұмы­рымды киелі спорт – кү­рес өнеріне  арнаппын. Қо­лым­нан қаза­ғымның жү­рек­ті де, білекті талай бала­сы өтті. Бір-бі­рі­не мүлде ұқ­са­­майтын мі­нез­­дер, бірі­нен-бірі асып түсіп жат­қан дүдүлдер мен да­рын­­дар. Бірақ, құданың құді­­реті, солардың бойын­да ерік­­сіз таңдай  қақты­ра­­тын ортақ бір қасиет бо­ла­тын. Және де мен оны жаз­бай танитынмын. Ол – ұлт­тың жадылық кодына жа­зы­лып қалған өр намыс еді!

Міне, мен  жарты ғасыр­дан астам уақыт бапкерлік ғұмы­рымда осы на­мыс деген алдаспанды шама-шар­қым­ша қайрап келемін. Сол алдас­пан ағайынды Байшолақовтар бо­лып, әлемдік әйдік жарыстарда жарқы­рады. Тап бүгінде Шынкеев­тер­дей қазақ күресінің көгінде күн сәулесіне шағы­лысып жүр!

Иә, бәрін айт та, бірін айт дей­тін болсақ, бүгінгі күнде ұлттық төл спор­ты­мыз – тамырына қан жүгір­ген Қазақ күресі жанданып, жаң­ғы­рып келеді. Біле білген адамға осы күресімізбен бірге сертке суарылған күрескер рух та, қай­сарлыққа қай­рал­ған өр намыс та қайта оралды емес пе?! Міне, ұлттық құн­ды­лық­тар тұрғысынан алғанда, төл кү­ре­сіміздің төңірегіндегі бұл жаң­ғыруды мен шын мәніндегі ұлт­тық-рухани тамырдан нәр алған, намысты жаныған  жаңғыру деп ұғамын!

Диханбай БИТКӨЗОВ,

Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері

ҚАРАҒАНДЫ



Соңғы жаңалықтар