Аймақтар • 13 Сәуір, 2017

Ел дамуының болашақ бағдары

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстікқазақстандықтар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын үлкен стратегиялық мәні бар, қазақтың жарқын болашағын айқындап берген құжат ретінде бағалап, айтылған бастамаларға қолдау білдіруде. Шымкентте қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен ардагерлер кеңесінің 30 жылдығына орай өткен «Ырыс алды – ынтымақ» атты форумда зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеше ғана Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласын қызу талқылап, ондағы айтылған идеялар ел дамуының болашақ бағдары екенін атап өтті.

Ел дамуының болашақ бағдары

Форумға «Егемен Қазақстан» газетін ала келген облыс әкімі Жан­сейіт  Түймебаев қатысушылар алдында Президенттің мақаласынан үзінді оқып берді. «Президент мақаласында жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, ба­сым­дықтары мен оған жеткізетін жол­дары бар екенін атап өтті. Мақ­сатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатыны айтылған Елбасы мақаласында. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­­летімен айқындалады. Ма­қа­ла­да айтылған маңызды мә­селе­лерді жас ұрпаққа айта жүріңіздер, ардагерлер арқылы жастардың құлағына жетсін», деді облыс басшысы. Сондай-ақ, Ж.Түймебаев облыс экономикасы мен мәдениетін, білімін дамытуда бұл тарихи маңызды құжат нақты бағдар болуы тиіс екенін жеткізді. Форумға қатысушы зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерді Мем­лекет басшысының идеяларын қолдап, оны белсенділікпен жүзе­ге асыруға шақырды. Қатысу­шы­ларға «Егемен Қазақстан» газеті таратылды. 

Басқосу барысында сөз ал­ған облыстық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Жеңісбек Мәулен­құлов Елбасының бұл маңыз­ды ма­қа­ласында халықты толған­ды­рып жүрген мәселелердің бар­лы­ғы көрініс тапқанын атап өтті. Жалпы мақалаға қатысты пікір білдірушілер елеулі еңбекте ай­тыл­ған ұлтымыздың мәдениетін жаң­ғыртудың жаңа қадамдарының  нақтыланғанын,  алдағы уақытта қазақтың салт-дәстүрі, мәдени коды болашағымыздың негізгі бағдары деген тұғырнама ресми түрде пайда болатынын, ал  2018 жылдан бастап елімізде латын әліпбиіне көшу процесі басталатынын қызу қолдады.  Сондай-ақ, ардагерлер бағдарламаның жалпы­ұлттық патриотизмнің нағыз өзегі­не айналатынына сенімді.

− Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бұл мақаласын Жолдау ретінде қабылдасақ та болады. Тек ресми атауы өзгеше. Мақа­ла­да өткенге шолу, бүгінгіні ба­ғам­­дау, келешекке көз тастау бар. Тарихи маңызы бар еңбек­те елі­міздің барлық негізгі аспек­ті­лерін қамтитын дүниелер айтыл­ған. Осылардың ішінде ай­рық­ша екі мәселені атап өткім келе­ді. Біріншісі – «Туған жер» бағдар­ла­масын ұсынуы. Расында да, кең байтақ жерімізде қыр-сыры беймәлім түрлі қазыналар мен тарлан тұлғалар бар. Мемлекет басшысының осы ұсынысы мұндай дүниелерді кеңінен насихаттауға мұрындық болар еді. Оның үстіне аталған бағдарлама жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне ай­на­лады деп отыр. Бұл бір жағы­нан жат идеологиялардан қорға­натын қорғанымыз болса, екінші жағынан өшкеніміз жанып, жо­ғал­ғанымызды түгендейтін мүмкіндік. Екіншісі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Жобаның негізгі басым­дылығы – Қазақстанды мәдени жағынан таныту. Сонымен қатар, әлемдік өркениет тұтына­тын тілдерді игеріп, дүние дүрбелеңін­де еліміздің өзге мемлекет те­ре­зесімен тең тұруы. Бұл бағыттағы жұмыстарда насихаттаудың тың түрлерін тауып, жүйелі жұмыс жасайтын жұртшылықты жұ­мыл­дыру. Біз мұндай өзгеріс­терге өте бейім халықпыз. Өйткені Қазақ жерінде талай мәдениеттер тоғы­сып, қаншама ұлттар ұйы­ған. Сон­дық­тан, мен де барша қазақ­стан­дықтар, әсіресе, жас ұр­пақ жаң­ғыру жөніндегі осынау ұсы­ныс­тардың маңы­зын терең түсі­неді деген үміттемін, – деді мақа­лаға қатысты пікірін білдірген Шым­кент қалалық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Исамуддин Рысбай.

Форумға қатысушы 300-ден астам ардагер алдағы уақыт­та Елбасы еңбегін ел арасында насихаттауға, баянды бастама­лар­дың жүзеге асуына ұйытқы болу­ға, өз үлестерін қосуға ниетті. Бұл орайда оңтүстікте 750 бас­тауыш ұйымы бар ардагерлер кеңесі­нің 222 мыңнан астам мүшесі кейінгі ұрпақ арасында насихатты күшейтпек. Жиын соңында облыс пен қалаға еңбек сіңірген бірқатар ардагерлер облыс әкімі Ж.Түймебаевтың Алғыс хаты және Құрмет грамотасымен марапат­талды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Оңтүстік Қазақстан облысы



Соңғы жаңалықтар