Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл өңірдегі егіс алқаптарының көлемі 1321,5, оның ішінде дәнді және дәнді – бұршақ дақылдары 605, малазықтық дақылдар 298,6, картоп 21,3, көкөніс дақылдары 12,3 мың гектарды құрайды деп жоспарланып отыр. Тұқым қоры да жеткілікті. Облыс бойынша дәнді дақылдар тұқымына – 95,2, майлы дақылдарға – 4,3, бір жылдық және көп жылдық шөптерге − 1, картопқа 59,8 мың тонна сұраныс түсіпті. Дәнді және дәнді бұршақ дақылдары тұқымының 68,5 мың тоннасы тексеруге жіберіліп, оның 64 мың тоннасының сапасы тексеруден өтіп, тексерілген тұқымның 63,9 мың тоннасы кондициялы болып шығыпты.
– Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті жер өңдеу және егістік техникалары жеткілікті. Тракторлардың дайындығы – 92, жер өңдеу техникаларының дайындығы – 95, егістік техникаларының дайындығы 96 пайызды құрайды. Облыстағы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 26,0 мың тонна дизель отыны қажет. Бүгінгі күні аймақтың ауылшаруашылық құрылымдарында 9,9 мың тонна жанар-жағармай бар. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі Павлодар мұнай – химия зауытынан 1 тоннасы 127 мың теңгеден 25,0 мың тонна дизель отынын бөлді, оның ішінде наурыз, сәуір айларына 8 мың және мамыр айына 9 мың тонна дизель отыны бөлінді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.
Басқарма басшысы өңірдегі өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында биыл облыстық бюджеттен 3 млрд 160,2 млн теңге субсидия бөлініп отырғанын, облыстың ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен минералды тыңайтқыштарды өндіруші отандық зауыттар арасында 34 мың тонна тыңайтқышқа 1,67 млрд теңге субсидия бөлу жөнінде шарт жасалғанын айтты. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын екінші деңгейлі банк кепілдігімен 3 пайыз жылдық мөлшерлемемен тікелей қаржыландыру және кредиттік серіктестіктерді 4 пайыз жылдық мөлшерлемемен қаржыландыру бойынша да тиісті жұмыстардың басталғанын жеткізді.
Шаруалар не дейді? Көктемгі егіске әзір ме? Ұлан ауданы Таврия ауылындағы бидай және күнбағыс өсірумен шұғылданатын, 5 мың гектар алқабы бар «Изумруд» ЖШС-нің өкілі Евгений Зенок былтыр өңірге қыстың ерте түсуі салдарынан ала жаздай бел жазбай өсірген күнбағысының біршама бөлігінің қар астында қалғанын айтады.
– Биыл былтырғыдай емес, қар қалың. Сондықтан жер ылғалды болатын шығар деген үмітіміз бар. Көктемгі дала жұмыстарына техникаларымыз 100 пайыз дайын деуге болады. Тек ауа-райының қабағына қарап отырмыз. Күн жылынса, жер дегдісе жұмысқа кірісуге дайынбыз, − деген ол жанар жағармайдың жеткілікті екендігін, егіс жұмыстарына жаңа технологияларды қолданып жатқандықтарын тілге тиек етті.
Облыстың шалғайындағы Үржар, Тарбағатай аудандарының диқандары да соқа-саймандарын даярлап, жер аяғының кеңігенін күтіп отыр. Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тәуіржан Шоманов көктемгі егіске аудан бойынша 7139 тонна жаздық дәнді дақылдар тұқымы дайындалып, оның 7308 тоннасы «Қазагрэкс» АҚ зертханасында тексерілуден өткізілгенін, мұның 6687 тоннасы екінші, 621 тоннасы үшінші класқа жатқызылғанын айтты.
– Егістік жерлердің құнарын арттыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биыл 26 ауылшаруашылық құрылымы 4880 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алуға өтінім берді. Қазір аудандағы шаруа қожалықтарының иелігінде 2216 дана ауылшаруашылық тракторлары бар. Оның 1824 данасы доңғалақты, 258-і шынжыр табанды техникалар. Шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңалау күн тәртібінен түскен емес. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауылдық округтерден 4540 тонна дизель отынына тапсырыстар берілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан ауданға 3060 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, – дейді Тәуіржан Шоманов.
Тарбағатай ауданының шаруа қожалықтары биыл 791 гектар жерге бидай, 768 гектарға арпа, 360 гектарға көкөніс, 430 гектарға қытай бұршағын, 160 гектарға жүгері, 1000 гектарға көпжылдық шөп егуді жоспарлап отыр. Ағымдағы егіс науқанына 4800 тонна жанар-жағармай, 68 тонна тыңайтқыш әзірленген. 106 «Беларусь», 30 «ДТ» тракторы, 40 тұқым сепкіш техника сақадай сай.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы