Елжан Біртанов өз сөзінде: «Қарағанды облысында заманауи нысандардың бар екендігі қуантады. Ресми деректерге сүйенсек, облыстағы мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық қызмет көлемінің 24 пайызын жекеменшік мекемелер атқарып отыр. Бұл – тиімді бизнес модельдің және тиімді басқарудың көрсеткіші. Яғни, бәсекелестік бар жерде сапалы медициналық қызмет көрсету де болады. Болашақта медициналық сақтандырумен қатар, тұрғындар сапалы медициналық көмек алатын болады. Үстіміздегі жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша жекеменшік мекемелерге тегін медициналық қызметті беруге теңдей жағдай жасалады. Қарағандыда жекеменшік клиникалар саны көбеюде, бұл қуантарлық жағдай, – деді.
Халық кездесуден ұққандай, елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл орайда, бесінші сәуірден бастап, жергілікті емханаларда тіркеу кампаниялары басталды. Кез келген азамат тегін медициналық көмек алу үшін өзі таңдаған емханасына келіп тіркеліп, өзінің міндетті сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін біле алады. Ол үшін арнайы маман интернет арқылы қарап, емделушінің қай санатқа жататыны туралы ақпарат береді.
Барлығы үш санат қарастырылған. Бірінші – жұмысшылар. Жұмысшылар үшін биыл 1 шілдеден бастап жұмыс беруші сақтандыру қорына жарна төлей бастайды. Екінші – мемлекет тарапынан сақтандырылатын адамдар. Олар − зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматар және жұмыссыздар. Ақпарат мемлекеттік ақпарат жүйесінен алынатыны себепті – барлығы тегіс тексеріледі. Үшінші санат – өз-өздерін жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер. Ал кәсібі тіркелмеген немесе ең төменгі айлықтан бес пайыз аударушылар, яғни, ай сайын 1 200 теңгені 1 шілдеден бастап төлеуді бастауларына болады.
Сондай-ақ, облыстық медицина қауымдастығымен кездесу барысында Елжан Біртанов Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, елімізде денсаулық сақтау саласында сандық технологиялық жаңартуды жеделдету қажеттілігін атап өтті.
Қорыта айтқанда, министр сапарындағы басты мақсат – Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру аясында облыстағы медициналық нысандар жұмысымен танысу және тұрғындарға сақтандыру арқылы ем алу, өз қаражатыңа ем алуға қарағанда әлдеқайда арзан және қолайлы емдеу мүмкіндігі бар жаңа жүйенің мән-жайы болды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы