Білім • 13 Сәуір, 2017

Зал кітаптармен көркейді

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Қазақстанның Ұлттық кітапханасы, Мемлекеттік ұлттық кітап палатасы, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап сатушылар қауымдастығымен бірлесіп, «Ұлы Жібек жолымен-2017» IX халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесін өткізді.

Зал кітаптармен көркейді

Дүние жүзі цифрлық технологияға көшіп жатқанда, кітап жәрмеңкесін өткізіп, елді дәстүрлі оқу жүйесіне шақыру ағысқа қарсы жүзгенмен бірдей болуы мүмкін. Алайда, бұл шара баспа саласының мамандары да ізденіп, көштен қалмай келе жатқанына көз жеткізді. Тек мәтінінің мазмұндылығымен ғана емес, сыртқы безендірілуімен, заманауи техника мен технологияны, түрлі материалдарды баспа өнімдеріне орнымен қолдана білгеннің арқасында кітап атаулы ұзатылар қыздай болып, ерекше тартымды дүниеге айнала түскенін де аңғару қиын емес еді.

Қатары кемісе де, талғамы өсе түскен оқырман көрме аясында өз қажеттілігіне орай түрлі баспа өнімдерін сатып алып жатты. Мұның өзі кітаптың құндылықтар қатарынан түспейтінін дәлелдей түскендей еді.

Жалпы, көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат ақпаратты технология шарықтап дамып жатқан заманда тұтынушыға еліміздің баспа ісіндегі жетістіктерін, жарық көріп жатқан кітаптарды кеңінен таратуға ықпал ету, отандық кітап баспасы саласын нығайтып, баспа жұмысының субъектілері арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау болған. Көзделген мақсатқа орай, жиналған қауым шара барысында еліміздің ғана емес, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Үндістан, Түркия елдерінің баспа саласындағы жетістіктерін тамашалап, өз талғамына сай кітаптарға қол жеткізді.

Бұдан бөлек, көрме аясында «Ұлттың сапалы адам капиталын қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі» атты конференция, Грузия, Украина, Қазақстанның әйгілі гроссмейстерлері қатысқан «Ходжа Насреддин» атты І халықаралық шахмат турнирі және жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаймен, саясаттанушы,  «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дос Көшіммен, «Қазақстанның рухани мұрасы» ұлттық комитетінің төрайымы Ханзада Әзімхановамен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ақын А.Ахметбекұлының «Көк тудың желбірегені», М.Сәрсекенің Қаныш Сәтбаев туралы кітабының, Л.Бабкованың «Музыка құпиялары», тағы басқа кітаптардың тұсаукесері болып өтті.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

АЛМАТЫ