Білім • 13 Сәуір, 2017

Ауыл балалары робот құрастыруға кірісті

223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің 2011-2020 жыл­дарға дейінгі білім беруді дамыту бағдарламасында экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімдігін қамтамасыз ету арқылы адам капиталын дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көз­дел­ген.

Ауыл балалары робот құрастыруға кірісті

Инновациялық технологиялар мен роботтехникасын жасау үшін Білім және ғылым министрлігі 2016-2017 оқу жылында мектеп бағдарла­масына «Ро­бот техника» элек­­тивті кур­сын енгізгені белгілі. Ин­форматика пәні мұ­ға­лімдері осы бағытта білік­тілігін арт­тыру курстарын өтуде. Бұл ауыл балаларына өте қа­жет. Ертең үлкен қа­ла­­лар­ға оқуға барғанда, тех­­ни­ка­лық білімнен кенже қа­лып қой­майды. 

Аудан орталығындағы Шәкен Айманов атындағы мек­теп-интернатта шал­ғай­­­дағы ауылдардан келген оқушылар білім алады. Мектепте қазақ киносының жарық жұлдызы Ш.Айманов атындағы музей бар. Ұстаздар мен оқушылар Шәкен аталарына тағзым жасап, былтыр кино майталманының туған жері Айманбұлақтағы қыс­тауға белгітас қойды. Жыл сайын рухани-танымдық Шәкен оқулары өтіп тұрады. Мектептің оқушылары Шә­кен аталары сияқты бола­шақ­та әнші, актер, кинорежиссер болғысы келеді.

Осындай дарынды жет­­­кін­шектер өсіп келе жат­қан мектеп-интернатта Ро­бот құрастыруға арналған тех­ни­калық кабинеттің ашылуы оқушылар үшін күтпе­ген қуаныш болды. Облыс ор­­талығындағы мем­ле­кет­тік пе­дагогикалық инс­титут­тың ректоры, химия ғы­лым­дарының докторы, өзі де осы Баянауыл ауылында өс­кен Алтынбек Нұхұлы оқушы­лардың әдебиет, өнермен қатар техникаға, ғылымға деген таным-түсі­ніктерін дамыту үшін каби­нетті ашуға демеушілік көрсетіпті.

– Роботты техника елі­мізде енді ғана дамып келеді. Енді міне, ауылдарға жетті, арнайы үйірме ашылып, робот құрастыру ісін бастадық, – дейді мектеп ұстаздары.

Әнуар Жарасбаев есімді оқушы роботты пайдаланып, болашақта ауылға кө­мек­тес­кісі келетінін, ға­жайып «ан­­дроид» жасағысы келетінін жеткізді.

Робот құрастыруға ар­налған кабинет ашылған кү­­ні-ақ баянауылдық оқу­­шы­лар өздерінің алғашқы дайындықтарын көрсетті. Ин­форматика пәнін де жақ­сы меңгергендерін бай­қат­ты. Яғ­ни, робот­ты ұя­лы те­лефон­мен бас­қа­ру әді­­сін жә­не бел­гілі шең­бер­ден ке­дер­гілерді тауып шы­ға­ру, сондай-ақ синхронды роботтарды би­летуді оңай меңгерді. Ен­ді жаңа ин­но­­вациялық пән бала­лар­дың шығармашылық қа­білеттерін дамытуды, байланыс әдістерін жетілдіруді, техникалық сауаттылықты қалыптастырады. Жалпы, білім жүйесіндегі негізгі тапсырмалар ақпарат жиынтығы мен әдістемелердің топтамасын меңгеруге, сондай-ақ ойлау технологиясын же­тіл­діріп, тә­жірибе жү­зін­де қол­дануға жол ашады. Об­лыс ор­талығындағы мек­теп­тер­де «Робот техникасы» фа­культативтік курстары жүр­­гізілуде. Робот техникасы кабинеттерін жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен 33,6 миллион теңге бөлінген.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы


Соңғы жаңалықтар