Қазақстан • 13 Сәуір, 2017

Жер бөлгенде жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірі ескеріледі

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

​Жерлердің тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жер бөлгенде жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірі ескеріледі

 «Заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтай отырып, жерлерді конкурстық негізде берудің жеке тәртібін белгілеуді көздейді. Көрсетілетін тәртіппен ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері әкімдікпен бекітілген конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбе ауданның жер қатынастары бөлімдермен әзірленіп, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және «Атамекен» ҰКП-мен келісіліп, ауданның атқарушы органымен бекітіледі. Конкурстың айқындылығын қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссияның құрамына  оның мүшелерінің кемінде елу пайызын құрайтын қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін қосу көзделген. Бұл нормалар жер бөлу барасында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізіледі», - деді Нысынбаев.  

Сонымен қатар конкурстың жариялылығы мен оның барлық қатысушыларының тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдіктердің ресми интернет ресурстарында орналастырылады. Осы орайда жерлерді тиімді пайдаланудың тиісті талаптары ескеріліп отыр. Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын бақылау мақсатында заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. 

«Мониторинг көрсеткіштерінде жер телімінің нысаналы мақсаты, өнімділік деңгейі мен ауыспалы егістікті сақтау, жерлерді арамшөп басуына жол бермеу, егістіктерді қорғау бойынша шаралар жүргізу, жалдау шартының міндеттерін орындау кіреді. Мониторинг құрамына ауыл шаруашылығы органдарының, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің өкілдері кіретін комиссияның, сондай-ақ жер қатынастары бөлімдерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Оны жүргізудің тәртібі Ауыл шаруышылығы министрлігінің бұйрығымен бекітіледі», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар