Солтүстік Қазақстан облысының халқы, соның ішінде Ақжар ауданының тұрғындары бүгінде үлкен қуаныш үстінде. Өйткені, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Алаш арыстарының бірегейі, қазақ халқының даңқты перзенті, біздің ардақты жерлесіміз Смағұл Сәдуақасұлының есімі мемлекеттік дәрежеде ұлықталуда.
Қаңтар айында Астана қаласында Парламент депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі тарихшылар, ғалымдар мен зерттеушілер және зиялы қауым өкілдері бас қосқан «Қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Осы конференцияға қатысушылар Мәскеудегі Дон қабірханасында жатқан Смағұл мәйітінің күлін арнайы делегациямен елордамыз Астанаға алып келу туралы Үкіметке арнайы қаулы қабылдау туралы ұсыныс жасаған болатын. Сол ұсыныс қабылданып, Смағұл сүйегінің күлі салынған қобдиша елімізге жеткізілді.
Бұл игі іс – «қазағым – елім» деп ұлты үшін белі қайыса қайрат қылған ардақты арысымызға деген үлкен құрмет және зор тағзым. Біз соған қатты риза болдық.
Әрбір елдің өзін-өзі басқаруы – ұлттық мүддеге қызмет ететін мемлекеттік құрылыс арқылы іске асатыны баршаға мәлім. Мемлекеттік басқару – алдымен сол жерді иеленген халықтың ғасырлар қойнауынан тамыр алатын тарихи ерекшелігіне, өзіндік табиғи болмысына, прогресшіл өмір тәжірибесіне негізделуі керек. Сонда ғана қалыпты дамуға жол ашылмақ. Осынау биік мақсаттарды өмірлік шындыққа айналдыратын қайраткер адамдар, солардың мыңдаған кедергілерді жеңген жігері, көзге бірде көрінсе, бірде көрінбейтін алуан түрлі қиындықтарға мұқалмаған, азуы алты қарыс қайсар рухы. Қазақ халқында ұлттың сондай бірегей ұлдарының бірі, бел баласы деуге тұрарлық арысы – Смағұл Сәдуақасов болды.
Оның ел ертеңінің жарқын болмағы үшін жасаған жанқиярлық ерен еңбегі, қайраткерлік ұстанымы – азаматтық пен ұлтжандылықтың шын мәнінде не екендігіне, олардың қалай қалыптасатындығына айғақ болады. Бүгінгі күні тарихты жіті барлаған ғалымдар мен ойшылдардың бәрі де өткен ғасырдың 20-шы жылдар тарихын саралай талдағанда осы тұлғаның айтқандары мен жазғандарын айналып өтпейді. Сөйтіп, оның елдік істегі принципшіл көзқарастарын, халық ісіне барынша адал болудың үлгісі мен өнегесін, сауатты да, парасатты ұстамдылығын адамгершіліктің теңдессіз қасиеттері ретінде танып, кейінгілерге кеңінен таныстыра отырып, қайраткерліктің үздік үлгісі ретінде көрсетуде. Бұл – бар болғаны 33 жыл ғана келте ғұмыр кешкен азамат үшін үлкен жетістік. Әрине, табиғи дарыны болмаса осы аз ғұмырда мұндай дәрежеге жету оңай болмас еді.
Саяси өмірге 1917 жылдың төңкерісі өткен соң бір-екі жылдан кейін білек сыбана араласқан оның саясаткер ретіндегі өмір жолының тұсауы Омбыдағы алашшыл қазақ жастарының «Бірлік» атты ұйымында жүргенде кесілген-ді. Төңкерістен кейінгі жаңа дәуірде елдің мүддесі, қазағының қамын ғана көздеген ұстанымнан айнымаған ол өмірінің соңғы сәтіне дейін осы позициясынан айныған жоқ және бұл істе ол жастығына қарамай өзгелерге үлгі бола білді.
Еңбек жолын 1915 жылы ауыл мұғалімінен бастаған ол 1918-1919 жылдары Батыс-Сібір кооператив одағы инспекторының бақылаушысы, 1920 жылы Омбыда шыққан «Кедей дауысы» газетінің редакторы болып қызмет атқарса, 1920-1921 жылдары Қазақ автономиясының жастар одағына жетекшілік етті, 1921 жылы Жалпықазақтық кеңестер съезінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиумының және Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің Түркістан Республикасы жанындағы өкілі болды, 1923 жылы Қазақ автономиясы жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, қазақ жерін аудандастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
Оның қайраткерлік, азаматтық әлеуеті толық ашылған кезең 1925-1927 жылдар. Ол 1925 жылы Халық ағарту комиссары, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926 жылы тұңғыш қазақ театрының ұйымдастырушысы, 1927 жылы Ташкенттегі Қазақ институтының басшысы болды. Бұл кезең Ф.И. Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы болып істей бастаған кезімен дәлме-дәл келеді. Оның жауапты хатшымен ұстасқан 4 мәселесі болды: 1) мекемелерді қазақыландыру, 2) оқығандарға оң көзқарас, 3) байларға дұрыс көзқарас, 4) өнеркәсіпті дамыту. Оның бұл мәселедегі ойлары билік басындағылардың қарсылығын тудырды. Оның үстіне Смағұл өз пікірлерін айтып қана қоймай, кей жағдайларда жүзеге де асырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтерге оқулықтар жаздырып, оларды жұмысқа орналастырып, қамқорлық жасап жүрді.
Осындай ұшы-қиырсыз қызметі оған кең көсіліп қалам тартуына қаншалықты кедергі келтіргенмен, ол ондаған әңгімелер мен повестер, көптеген саяси және әдеби-сын мақалалар қалдырды.
Негізінде әдебиетші, жалынды публицист болған С.Сәдуақасұлы ұлттық рухани саланың дамуына үлкен үлес қосты. Жиырмасыншы жылдары «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ» газеттерінің жауапты редакторы бола жүріп ол өткір мақалалар мен көркем прозада өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ана тілімен қоса орыс тілін жетік меңгерген ол сол уақыттағы қазақша, орысша «Трудовая Сибирь», «Темірқазық», «Коммунар», «Жас Алаш», «Еңбекші қазақ», «Степная правда» секілді баспасөздің бәріне жиі шығып тұрды.
Ол үлкен үш көркем шығарма жазды. «Салмақбай-Сағындық» атты алғашқы романында қазақ ауылындағы әлеуметтік таптардың кооперация сияқты жаңалыққа көзқарасы, «Күлпаш», «Күміс қоңырау» повестерінде кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін, олардың өзіндік бет-бейнесі, мінез-құлқы, ой-арманы бар жеке тұлғалар екенін көрсетті.
Оның қаламынан көптеген патриоттық-тәрбиелік мәні бар дүниелер де туындаған. Бар болғаны 28 жасына дейін ол ірілі-ұсақты 7 кітап жазып қалдырыпты.
Ұйымдастырушылық дарыны мен кісілігі халық ағарту комиссары болып істеген кезінде айқын көрінді. Бар-жоғы екі жарым жылдай уақыттың ішінде 25 жасар министр Қазақстандағы негізгі білім мен мәдениет ошақтарын қалыптастырды. Үкімет басшысы ретінде Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин сынды талантты жазушыларға көп қамқорлық көрсетті. «Қазақ халқының 1000 әні» жинағын зерттеп шығарған Александр Затаевичке арнайы атақ бергізді. Сонымен бірге Қазақ мемлекеттік театры мен Қазақ педагогика институтын ашуға айрықша күш-жігер жұмсады.
Кеңес өкіметінің жоғарғы жауапты қызметінде жүрсе де туған жұрты үшін жанын пида еткен азамат сол кездегі бас-көзсіз тәркілеуге, күштеп ұжымдастыруға қарсы шықпай тұра алмады. Халықтың тарихын, салт-дәстүрін білмейтін, өзінің солақай саясатымен қалың елді тоз-тоз қылған Голощекин секілділердің істері мен сөздеріне қасқая қарсы тұрған бірден-бір саясаткер Смағұл болды. Ақыр соңында голощекиндік қуғынға ұшырап, жалған айып тағылған ол барлық қызметінен босатылып, елінен қуылып, Мәскеуді паналады. 1928-1932 жылдары ондағы Көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Осында қызмет істеп жүріп 1933 жылдың 16 желтоқсанында дүниеден озды. Оның өлімінің де жұмбақ тұстары көп. Сүйген жары Елизавета өле-өлгенше оған НКВД тарапынан қастандық жасалғанын айтып кеткен.
Смағұл Сәдуақасұлы бірнеше қасиетті бойына жинаған талантты да табанды, күрделі де терең тұлға. Ол, біріншіден саясаткер, аса ірі мемлекет қайраткері, екіншіден, жазушы, публицист, сыншы. Үшіншіден, жастар ұстазы, шебер ұйымдастырушы, от ауызды, жалынды шешен. Төртіншіден, Қазақстандағы кооперация қозғалысының басшысы, бесіншіден, мәдениет қайраткері, қазақ театрын, ЖОО ұйымдастырушы болды.
Қазақта «тау алыстаған сайын биіктейді...» деген даналық бар. Оның барлық қырлары мен қасиеттері елімізге енді ғана таныла бастады деп ойлаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз ұрпаққа оның бітімі мен болмысын дәріптей беру. Сонда ғана қайраткердің алдындағы адал борышымызды орындай аламыз. Осы мақсатта атқарылған жұмыстар қатарында - Ақжар ауданының бірнеше елді мекенінің көшелеріне, туған жері Ұялы орта мектебіне оның ардақты есімі берілгенін, сонымен қатар, бірнеше мектепте Смағұл Сәдуақасұлының атындағы мұражайлар бар екенін айтып өткіміз келеді.
Аудандық «Дала дидары» және «Ақжар хабары» газеттерінің мұқабасында С.Сәдуақасұлының суреті бейнеленген. Туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай аудан орталығы Талшық селосында әкімдіктің алдында Смағұл Сәдуақасұлының ескерткіші ашылған болатын.
Осы ескерткіштің жанынан 2010 жылы тағы бір мәдени нысан – мұражай салынып, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Бұл игі іс С.Сәдуақасұлының 110 жылдығына арналып «С.Сәдуақасұлы атындағы тарихи өлкетану мұражайы» деп аталды.
Смағұл Сәдуақасұлы арман еткен заман енді туа бастағанын, қазақтың ұлы перзенттерінің бірі, жасөспірім шағынан қайғылы қазаға ұшырағанға дейін ұлт бостандығы мен еркіндігі жолында күресіп, Қазақ автономиясының жан-жақты дамуына атсалысып, тер төккен, жылдар бойы жамылып келген жаладан арылып, өзінің кіршіксіз адал келбетімен халқына қайта танылып, денесінің күлінің елордамыз Астанаға әкелініп, салтанатты жағдайда мұсылман ғұрпымен жерленуі қазақ халқы үшін ерекше қуанышты оқиға болары сөзсіз.
Біз – ақжарлықтар Смағұл Сәдуақасовтың жерлесі екендігімізді мақтан тұтамыз. Ардақтыларымыздың рухы асқақтай берсін.
Ағзам ТАСТЕМІРОВ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының әкімі.
РЕДАКЦИЯДАН: Мақалада айтылған Смағұл Сәдуақасов мәйітінің Мәскеуден қаңтар айында жеткізілген күлі әлі күнге жерге берілмей, С.Ғылмани мешітінде сақтаулы тұр. Бізге белгілі хабарларға қарағанда ол 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылып жерленетін көрінеді. Қоғамдық пікір Астананың түбіндегі Қабанбай қорымының жанынан Ұлттық пантеон ашу жөніндегі ойды құптауда. Смағұлдың күлі сонда жерленетін шығар деген болжам бар.