Аймақтар • 14 Сәуір, 2017

Мұнайлы аймақтың мүмкіндігі мол

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мән-маңызын атыраулықтар алқалы жиында бас қосып, талқыға салды.

Мұнайлы аймақтың мүмкіндігі мол

– Бұл бағдарламаның мәні – Қазақ­стан­ның рухани өркендеуі, әлемдегі тоқ­тау­сыз өзгерістер, құбылыстар үдері­сінде, жаһандану жағдайында өзінің ұлт­тық ерекшелігін, рухани әлеуетін жоғалт­пайтын ел ретінде дамуында, тәуелсіз ел халқының тәуелсіз қоғамдық санасын қалыптастыруда. Мемлекет басшысы осындай ауқымды мақсатты жүзеге асырудың басым бағыттарын анықтап берді, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

«Елбасы мақаласында көрсетілген басты бағыттарды жүзеге асыру үшін мұнайлы аймақта мүмкіндік мол. Атырау­дың басты байлығы – мұнай мен газ емес, жергілікті халқы, адамдары. Со­лар­дың әрқайсысы өз ісінің шебері болуы тиіс. Жаңа технологиялар, компью­тер­лік сауаттылық, шет тілдерін білу – осыған қол жеткізудің құралы. Бұл – тек кәсіби талап емес, азаматтық парыз. Әрбір азамат өзінің ісіне, отбасылық жағ­дайына алдымен өзі жауапты. Осыны хал­ық санасына сіңіруіміз қажет. Қол­да бар мүмкіндіктерді пайдалана оты­рып, басымдықтарымызды айқындап, жұмыстануымыз керек. Бұл – жалпы қоғам емес, әрбір адамға қатысты мәселе. Барлығына бірдей ғалым болу немесе шетелдік компанияда менеджер болу міндет емес. Әркім қолынан не келеді, сонымен шұғылдануы керек. Фермер де, инженер де, дәрігер де, дәнекерлеуші де жақсы маман болса ғана жұртқа қадірлі – осыны, алдымен, жастардың санасына құяйық», деп атап өтті аймақ басшысы.

Қай заманда да адамзаттың басты қаруы – білім. «Болашақ» бағдарламасы бо­йын­ша 300-ден астам атыраулық жас шет елдерде білім алды. Қазір олар елі­міз­дің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп жүр. Облыс әкімі оқу орындарында маман­дық таңдауда жастардың, ата-ана­ла­рдың санасында «престиж» деген ұғым­ды «тиімді», «болашағы бар» деген ұғым­дар алмастыруы қажет екенін де айтты.

– Неге кеңес кезінде бізден озық бол­ған республикаларды бүгін артта қал­дырдық? Әрине, алдымен бұл – Ел­басы­ның көреген саясатының, халық­тың еңбегі­нің нәтижесі. Сонымен қатар, әлемге ашық болуымыздың, әртүр­лі үрдістерге бейім болуымыздың маңы­зы зор. Облысы­мыз­да осы бағытта жү­йе­лі жұмыстар бар. Өткен жылы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерді оқыту өңірлік орталығында 271 адам – қазақ, 37 адам – орыс, 83 адам ағылшын тілдерінің курстарынан өтті. Атырауда халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі жоғары: әлеуметтік зерттеулер қорытындысымен 96,9 пайыз деген мәлімет алынып отыр. Ағылшын тілін меңгергендердің үлесі – 12,5 пайыз, ал орыс тілін меңгергендердің үлесі 90,1 пайыз, – деп облыс әкімі Нұрлан Ноғаев нақты деректер келтірді.

Облыстық білім беру басқармасы әдіс­темелік кабинетінің директоры, PhD док­­торы Ғабит Қабекенов ағылшын тілін мең­геру бәсекелік қабілеттің ал­ғы­шарт­тары­ның біріне айналып отырға­ны­на тоқ­­тал­ды. 2019 жылдан бастап 10-11 сы­­нып­­тарда физика, химия, биология, ин­фор­­матика пән­дері ағылшын тілінде оқы­тылуына байланыс­ты, осы пәндерден сабақ беретін 102 педагог ағылшын тілінде оқыту курсында білік­тіліктерін арттырған. Биыл аталған курс­тан 214 мұғалімді өткізу жоспарланып отыр.

Елбасы барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлауда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына ерекше тоқталған. Ақпа­рат­тық технологиялар саласындағы же­дел­­детілген жаңғыртуларды пайда­лануда облыстың 178 мектебі «Bilimland.kz» ин­но­­вациялық білім берудің онлайн ресурс­ына қосылса, 134 мектептің негізгі субъек­тілері арасындағы байланысты ны­ғай­ту мақсатында «Күнделік» қанатқақ­ты жо­ба­сы енгізілді. Бұл мектеп бағдар­ла­ма­сы бойынша жасалған он мыңға жуық инте­рак­тивті сабаққа жол ашады. Мың­даған көрнекі құрал ұсынады, жаратылыс­тану пәндері бойынша әлемдегі ең үздік виртуалды зертхананы пайдалануға мүмкіндік береді.

Облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайының басшысы Рашида Харипова мәдени мұраларымыздың жаңа ғасырмен бірге жаңғыруына Елбасы ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтты. «Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти секілді көне шаһарлар, Тас­кешу керуен сарайы зерттеліп жатыр. Са­рай­шық іргесін бекіту жұмыстары мен қала орнында қазба жұмыстарын жүр­гізу, табыл­ған құнды жәдігерлер негі­зінде музей ғима­ратын кеңейту, аспан асты музейін ашу – Елбасы мақа­ла­сын­дағы ел игілігі үшін істе­летін басты шара­­лар­дың бастамасы. Елбасы мақа­ла­сын­­дағы ел үшін еңбек еткен тарихи тұлғалары­мыздың есімдерін ел жадында жаңғырту, кейінгі ұрпақ жадында мәңгі қалдыру идеясы біздің өңірде дәстүрлі түрде атқарылып келеді», деді ол.

Актив жиынын қорытындылаған об­лыс әкі­мі Президент мақаласында жүк­­тел­ген мін­деттерді іске асыру үшін жергі­лік­ті мем­лекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ


Соңғы жаңалықтар