14 Сәуір, 2017

Оның есімі – Мейірім

1094 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жолыңды кесіп өтуге қайманып, құрақ ұшқан жастардың ибалы қалыптарын көргенде, «қазіргі жастар үлкендерді сыйламайды, құрмет көрсетпейді, дұрыс амандаспайды» деп, кейде төбемізге қара аспанды төндіретіндей ештеңе жоқ екен-ау, өмір тек жамандықтардан, яки болмаса жақсылықтардан ғана тұра ма екен тәйірі дейсің...

Оның есімі – Мейірім

Сөйткенмен бәріміз пендеміз, өзіңнен кейінгі өсіп келе жатқан құралай көз, қиғаш қас қыздарымыздың бәрі қырмызыдай үзіліп, маржандай мінсіз тізіліп тұрса екен деген айшуақ сезімге ат байлап, әрдайым шыбынсыз жазды, шуақты сазды аңсай күтетініміз тағы рас. Алайда «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көресің» деп Баласағұн бабамыз айтпақшы, содан кейін ғой өздерінен жасы үлкен адамдармен имене сәлемдесіп, жас шыбықтай майысып тұрған жастарға мейірлене сүйсініп, ал сәлемдесерде ернін жыбырлатуға ерініп, дәстүрден қол үзіп алған сабаздар ойқастап алдыңнан орағытқанда қобалжып қалатының. Сол сияқты біздің де бүгінгі көпшілікпен бөлісейін деген ойымыз адамдардың бір-біріне деген жылылығы, сүйіспеншілігі мен мейірім-шапағаты жайында болмақ. Қай ата-ана өз баласының жат әдетке бой ұрып, жаман аты шыққанын қалайды дейсіз. «Қарға баласын аппағым дер». Көңіл құрғыр солай көсілгенмен, бірақ тай-құлынның қалай бапталғаны әдетте әдеп бәйгесінде алақандағыдай айқындалып жатады екен-ау. 

Мұны сөз етуге себеп болып отыр­ған кейіпкеріміз – өмірде бар адам. Осын­да сауда-саттықпен айналысады. Дүң­гір­шекте көкөніс, жеміс-жидек сатады. Ке­лу­шілерге жарқын қабақ танытып, жан шуағын себелеп, ізгілікпен ісі ілгері жылжыған, ары адал, жаны таза мұндай жандар көп-ақ шығар, алайда адамды қуантудың, жақсылық жасаудың шеті мен шегі болмайды екен. Осы бір ибалы бойжеткеннің келген-кеткеннің бәрімен амандық-саулық сұрасып, үлкендерден үнемі алғыс алып жүретінін еститінбіз. Бір күні соған өзім де куә болдым.

– Апай, мына заттарыңызды жалғыз өзіңіз қалай көтеріп барасыз? Үйіңізге дейін апаруға көмектесіп жіберейін, – деді сатушы қыз.

– Қоя ғой, айналайын, саудаңды жасай бер, көп рахмет! – деп қанша жерден мұнысына қарсылық білдіргеніме қарамастан ол сөмкемді алды да, құсша зымырап ұша жөнелді.

– Қай үйде тұрасыз? Есігіңіздің алдына дейін жеткізіп берейін, – дейді.

«Қазір нарық заманы, дүниенің бәрі сатулы, барлығы ақшаға келіп ті­ре­­леді» деп, текке бос сөз сөйлеп жүр екен­біз. Сатылмайтын құндылықтар қа­л­ыпты. Ол – адамдарға жақсылық жа­сау­ға ұмтылу. Еш есепсіз кез келген жа­нға көмек қолын созуға даяр қар­шадай қыздың жүрегін осыншама шек­сіз махаббатқа шөпілдете толтырып, мей­ірімге кенелткен құдіреттің сырын біл­мекке одан сыр суыртпақтап көрдім.

– Әке-шешем мені адамдарға тек жақсылық жасап жүретін қайырымды қыз болып өссін деп есімімді Мейірім қой­ыпты. Мен бар болғаны сол ата-анам­ның аңсаған ақ тілегін ғана орында­дым. Мұның және маған ешқандай да қиын­дығы жоқ. Қайта бұл көмегіме кісі­лер ризашылықпен: – Өркенің өссін, ба­қыт­ты бол, қарағым! – деп соңынан ба­тала­рын береді. «Жаңбырмен жер кө­герер, батамен ел көгерер» демекші, осы үшін қаншама адамның алғысына бө­леніп, жақсы сөздерге жаным семі­ре­ді. Осыдан артық не керек өзі? – деген оның нұрлы жанары жүрегіне ұя­ла­ған мей­ірім отымен бірге маздап, жүзі ала­бұртты.

Біз де: «Өзіңді бағып-қағып, тәр­бие­ле­ген алдымен, ата-анаң жасай берсін!» де­дік.

Жай қарапайым ғана көкөніс сатушы қыздың күнделікті жұмысын ұлттық құндылықпен, қазақы тәрбиемен ұштастыра өмір сүру үлгісі, сыпайылығы мен жылылығы мұнда бас сұққан әр адамның жан-дүниесіне шуағын тө­гіп, айдын-шалқар нұрға бөлейді. Әлеу­мет­тік желілердегі тасбауырлық пен қа­тыгездікті баяндайтын неше түрлі сұмдық жайттарға жүдеп-жадағанымыз соншалық, жұрттың көңіліне мұндай түйткілдер қазір тіпті қалыпты жағдайға айналып кетті, керісінше бейтаныс біреуге жақсылық жасап жатқан адамға «мұның астарында өзінің мүддесі жатқан жоқ па?» деп сенімсіздік тудырып, сыйластық пен сыпайы сымбатқа күдік-күмәнмен қарайтын болдық. Миға осы күні біреуге біреудің тегін қол ұшын созуы қиын деген ұғым ұялап қалған...

Жақсылықты жанымыз жатырқап бара жатқан сияқты ма қалай өзі? Бір ауыз жылы сөз естісек күні бойы көңіл-күйіміз масайрап, ән салғымыз келіп тұ­ра­тын шақалақ шақ қай бұлттың астына сі­ңіп, жоқ болды екен? Шыр айналған беу, дүние-ай десеңші! Болмаса, жақ­сы­лық жасау, жақсылыққа ұмтылу ежелден ата-бабамыздың дәстүрімен тамырлас ұғым­дар емес пе еді? Құдай-ау, кіршіксіз ақ үмітпен ертеңге иек артқан мына Мей­ірімдер сол озық дәстүрлеріміздің қай­та көктеп өнген дәні, көктеммен бір­ге бүр жарып келе жатқан нышаны емес пе екен, а?! Кім біледі, солай да болуы мүмкін-ау.


Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»