Сөйткенмен бәріміз пендеміз, өзіңнен кейінгі өсіп келе жатқан құралай көз, қиғаш қас қыздарымыздың бәрі қырмызыдай үзіліп, маржандай мінсіз тізіліп тұрса екен деген айшуақ сезімге ат байлап, әрдайым шыбынсыз жазды, шуақты сазды аңсай күтетініміз тағы рас. Алайда «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көресің» деп Баласағұн бабамыз айтпақшы, содан кейін ғой өздерінен жасы үлкен адамдармен имене сәлемдесіп, жас шыбықтай майысып тұрған жастарға мейірлене сүйсініп, ал сәлемдесерде ернін жыбырлатуға ерініп, дәстүрден қол үзіп алған сабаздар ойқастап алдыңнан орағытқанда қобалжып қалатының. Сол сияқты біздің де бүгінгі көпшілікпен бөлісейін деген ойымыз адамдардың бір-біріне деген жылылығы, сүйіспеншілігі мен мейірім-шапағаты жайында болмақ. Қай ата-ана өз баласының жат әдетке бой ұрып, жаман аты шыққанын қалайды дейсіз. «Қарға баласын аппағым дер». Көңіл құрғыр солай көсілгенмен, бірақ тай-құлынның қалай бапталғаны әдетте әдеп бәйгесінде алақандағыдай айқындалып жатады екен-ау.
Мұны сөз етуге себеп болып отырған кейіпкеріміз – өмірде бар адам. Осында сауда-саттықпен айналысады. Дүңгіршекте көкөніс, жеміс-жидек сатады. Келушілерге жарқын қабақ танытып, жан шуағын себелеп, ізгілікпен ісі ілгері жылжыған, ары адал, жаны таза мұндай жандар көп-ақ шығар, алайда адамды қуантудың, жақсылық жасаудың шеті мен шегі болмайды екен. Осы бір ибалы бойжеткеннің келген-кеткеннің бәрімен амандық-саулық сұрасып, үлкендерден үнемі алғыс алып жүретінін еститінбіз. Бір күні соған өзім де куә болдым.
– Апай, мына заттарыңызды жалғыз өзіңіз қалай көтеріп барасыз? Үйіңізге дейін апаруға көмектесіп жіберейін, – деді сатушы қыз.
– Қоя ғой, айналайын, саудаңды жасай бер, көп рахмет! – деп қанша жерден мұнысына қарсылық білдіргеніме қарамастан ол сөмкемді алды да, құсша зымырап ұша жөнелді.
– Қай үйде тұрасыз? Есігіңіздің алдына дейін жеткізіп берейін, – дейді.
«Қазір нарық заманы, дүниенің бәрі сатулы, барлығы ақшаға келіп тіреледі» деп, текке бос сөз сөйлеп жүр екенбіз. Сатылмайтын құндылықтар қалыпты. Ол – адамдарға жақсылық жасауға ұмтылу. Еш есепсіз кез келген жанға көмек қолын созуға даяр қаршадай қыздың жүрегін осыншама шексіз махаббатқа шөпілдете толтырып, мейірімге кенелткен құдіреттің сырын білмекке одан сыр суыртпақтап көрдім.
– Әке-шешем мені адамдарға тек жақсылық жасап жүретін қайырымды қыз болып өссін деп есімімді Мейірім қойыпты. Мен бар болғаны сол ата-анамның аңсаған ақ тілегін ғана орындадым. Мұның және маған ешқандай да қиындығы жоқ. Қайта бұл көмегіме кісілер ризашылықпен: – Өркенің өссін, бақытты бол, қарағым! – деп соңынан баталарын береді. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, осы үшін қаншама адамның алғысына бөленіп, жақсы сөздерге жаным семіреді. Осыдан артық не керек өзі? – деген оның нұрлы жанары жүрегіне ұялаған мейірім отымен бірге маздап, жүзі алабұртты.
Біз де: «Өзіңді бағып-қағып, тәрбиелеген алдымен, ата-анаң жасай берсін!» дедік.
Жай қарапайым ғана көкөніс сатушы қыздың күнделікті жұмысын ұлттық құндылықпен, қазақы тәрбиемен ұштастыра өмір сүру үлгісі, сыпайылығы мен жылылығы мұнда бас сұққан әр адамның жан-дүниесіне шуағын төгіп, айдын-шалқар нұрға бөлейді. Әлеуметтік желілердегі тасбауырлық пен қатыгездікті баяндайтын неше түрлі сұмдық жайттарға жүдеп-жадағанымыз соншалық, жұрттың көңіліне мұндай түйткілдер қазір тіпті қалыпты жағдайға айналып кетті, керісінше бейтаныс біреуге жақсылық жасап жатқан адамға «мұның астарында өзінің мүддесі жатқан жоқ па?» деп сенімсіздік тудырып, сыйластық пен сыпайы сымбатқа күдік-күмәнмен қарайтын болдық. Миға осы күні біреуге біреудің тегін қол ұшын созуы қиын деген ұғым ұялап қалған...
Жақсылықты жанымыз жатырқап бара жатқан сияқты ма қалай өзі? Бір ауыз жылы сөз естісек күні бойы көңіл-күйіміз масайрап, ән салғымыз келіп тұратын шақалақ шақ қай бұлттың астына сіңіп, жоқ болды екен? Шыр айналған беу, дүние-ай десеңші! Болмаса, жақсылық жасау, жақсылыққа ұмтылу ежелден ата-бабамыздың дәстүрімен тамырлас ұғымдар емес пе еді? Құдай-ау, кіршіксіз ақ үмітпен ертеңге иек артқан мына Мейірімдер сол озық дәстүрлеріміздің қайта көктеп өнген дәні, көктеммен бірге бүр жарып келе жатқан нышаны емес пе екен, а?! Кім біледі, солай да болуы мүмкін-ау.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»