Алқалы басқосуды университеттің ректоры Серік Өмірбаев кіріспе сөзбен ашып, бірінші сөзді аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа берді. Құмар Іргебайұлы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың жаңа тұрпатты қағидаттарын жан-жақты сараптап берген бағдарламалық мақаланың маңыздылығын, уақыт талабымен үндестігін, мәселелердің өткір қойылып, нақты міндеттер белгіленуімен ерекшеленетінін атап көрсетті. Табысты өткен екі жаңғыру арқылы Қазақстан өзінің даму жолымен алға қарай қарышты қадам басып келеді. Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында Үшінші жаңғырудың басым бес бағытын белгілеп, жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспарын құрып берді. Мемлекет басшысы таяуда жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»» мақаласында «алғы мақсаттарға жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы» тиістілігіне ел назарын аударып, сонда ғана» саяси және экономикалық бағдарламаларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынын» дәйектеп берді, дей келіп, ширек ғасыр бедерінде елімізде рухани салаға қатысты ауқымды да іргелі жұмыстар атқарылғанын, «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», тағы басқа іргелі бағдарламалардың іске асырылғанын, осы жолы ұсынылып отырған ауқымды бағдарлама бүгінгі заман болмысы мен қалыбына сай келетінін, үндесетінін, тың үлгідегі жаңғыруларға бастайтынын тілге тиек етті. Мақаладан «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген үзінділер келтіріп, заман сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күні жарасымды сабақтастық діңі саналатын озық дәстүрлерді, тамыры тереңнен бастау алатын тарихымызды байыту, игеру, басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескеру арқылы әрбір қазақстандық, сол арқылы әр тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайық қасиеттерді меңгереді. Өйткені, бәсекелестік қарым-қабілетті жаһандық дәуір талаптарымен үндестіру факторлары арасында рухани жаңғырудың рөлі айрықша.
Мақаланы талқылау жиынында сөз алған СҚМУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай, облыстық күрд этномәдени орталығының төрағасы Рашид Надиров, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Ділбар Бегалина, «Бэст» гимназиясының директоры Надежда Заиченко, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Әйгерім Ғаббас бағалы ұсыныстар мен өміршең идеяларды қуаттап, айқын, түсінікті, келешекке көз тіккен бағдарламаның негізгі кілті, басты темірқазығы бұқаралық сана-сезімді жаһандық әлемге кіріктіру, үйлесімді ету, былайша айтқанда, төрткүл дүние жаңалықтарын жете сезіну, жаңа технология өзгерістеріне дайын болу, озық тәжірибелерді қабылдау мүмкіндіктерін толыққанды иелену екенін алға тартты.
Жасыратыны жоқ, қанымызға сіңген кейбір ескі дағдылардан айырыла алмай жүргеніміз жайлы жеріне жеткізе айтылып та, жазылып та жүр. Осы бір осал тұсымызды Елбасы дөп басып, жұртшылықты жағымды мінез-құлық прагматизміне үндей отырып, бабаларымыздан қалған ізгі қасиеттерді түлетуге, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық беруге шақырады. Міне, жас құрақтай желкілдей өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ тәрбиесінде бұл жайттар айрықша орын алары даусыз. Сонымен қатар, «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Сананың ашықтығы» тараулары бойынша да тұшымды әңгіме қозғалып, таяу жылдардағы міндеттерге, атап айтқанда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», тағы басқа мәселелер негізгі тақырып арқауына айналды.
Алқалы жиынға қатысушылар Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бағалы ұсыныстарын қазақстандықтарға, оның ішінде жас ұрпақ зердесіне жеткізу жолдарын ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы