Қ.Тоқаев әңгіме барысында екіжақты, оның ішінде парламентаралық саладағы ынтымақтастықтың қарқынды сипатын атап өтті. Төраға Қазақстан мен Германияның Еуропадағы және Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің маңызды мәселелері, сауда-экономикалық ынтымақтастығы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар жөніндегі тұрақты үнқатысуының өзектілігіне тоқталды. Қ.Тоқаев терроризмді түбірімен жою үшін көптарапты әріптестікті нығайтудың маңызын да айтып өтті.
Жоғарғы палатаның Төрағасы Қазақстан өз дамуының жаңа тарихи межесінде тұрғанын айтты. Таяуда Парламент Конституцияға түзетулер қабылдады, онда Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке қайта бөлінді. Бұл күндері елімізде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани сананы жаңғырту жөніндегі маңызы ерекше мақаласы кеңінен талқыланып жатыр. Онда жаңғырудың бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, дамудың эволюциялық жолы, сананың ашықтығы секілді идеялар белгіленді. Төрағаның айтуынша, Мемлекет басшысының мақаласы шын мәнінде елімізді экономикалық жаңғыртудың идеологиялық тұғырнамасы, біздің қоғамның рухани жол бағдары болып табылады.
М.Грунд Қазақстанның Орталық Азиядағы жауапты рөлін атап өте келіп, оны Еуропадағы Германияның рөлімен салыстырды. Депутат Президент Н.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі мен аймақтағы сенім факторын паш ететін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастамасының ерекше маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайлануы Қазақстанның жаһандық рөлін көрсететінін жеткізді.
М.Грундтың пікірінше, қазіргі Президенттің өз өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке өз еркімен беруі – қазіргі замандағы сирек құбылыс. «Германия ғана емес, Венециялық комиссия да Қазақстан оң бағытта ілгерілеп келе жатқанын мойындап отыр», – деді ол.
Депутат биылғы қыркүйекте Бундестаг сайлауы өтетіні, Еуропалық Одақтың болашағы туралы пікірсайыстар, көші-қон дағдарысын реттеудің келешегі жайында хабардар етті. Ол Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде Германия павильонын жасақтауға жәрдемдескені үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.