Парламент • 14 Сәуір, 2017

Ислам елдерімен тығыз ынтымақтасамыз

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің соңғы жалпы отырысында Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) мүше елдер арасындағы эко­но­микалық, техникалық және сау­да ын­тымақтастығы жөніндегі 1977 жы­лы жасалған Бас келісімге қо­сы­лу­­ға Қазақстан Президенті Н.Назар­баев­тың Ыстанбұл қаласында 2015 жылы қа­­раша айында қол қойып бекіткен құ­жатты ратификациялау туралы заң жо­басы қаралып, мақұлданды.

Ислам  елдерімен тығыз ынтымақтасамыз

Бұл ұйым 2011 жылдан бастап Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсы­ны­сымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) деп атауы өзгертілгенімен, Бас келісім ИКҰ болғанда жасалып, заң жобасы да сол атаумен енгізілген.

Төменде осы заң жобасын талқылауға қатысқан палата депутаттарының пікірлерін ұсынып отырмыз:

Қабиболла ЖАҚЫПОВ: Бұл ұйымға мү­ше мемлекеттердің ынтымақтастығы ислам қағидаттарының негізінде жүзеге асып, Ислам әлемінің мүдделерін халықаралық аренаға шығарады. Ал басқа халықаралық ұйымдардың ынтымақтасуы еуропалық қа­ғи­даттарға негізделгені белгілі. Ұйымның ис­лам­дық тұтастыққа бастайтын әрекеттерінің ар­қасында көптеген кикілжіңдердің алды алынды. Ұйым әрекеттерінің негізі болған Бас келісім – ИЫҰ-ға мүше елдер арас­ын­д­ағы сауда, экономика және ғы­лы­ми ын­ты­мақ­тастықтардың қағидаттарын құ­қықтық тұр­ғыдан бекітетін құжат. Бұл құ­жатқа қол қою­дың Қазақстан үшін маңызы зор, оның Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын іске асыруға да оң әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені, Мемлекет басшысы экспорт көлемін ұлғайтып, елдің экономикасына инвестиция тартуды арттыру туралы тапсырма берді. Сондықтан да бұл келісімді ратификациялау осы бағыттағы жұмыстарға септігін тигізетін болады.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазіргі кезеңде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы үкіметтік деңгейде әрекет ететін алғашқы және әзірге жалғыз халықаралық мұсылман ұйымы болып табылады. Шешімдер мемлекеттік деңгейде қабылданады әрі іске асырылады, сонымен қатар, олар әзірге ұсынымдық сипатқа ие екенін айтуымыз керек.

ИКҰ-ға мүше елдер арасындағы эко­но­микалық, техникалық және сауда ынты­мақтастығы туралы Бас келісімді ратификация-

лау Қазақстан Республикасына халықаралық ынтымақтастық тетіктерін жетілдіруге және ұйымның толыққанды мүшесі болуға мүм­кіндік береді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 28 қазанда Дубайда болған Х Ислам экономикалық форумында былай деп атап көрсетті: «ИЫҰ мүшелері бүгінгі таңда әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылайды. Алайда, оларға әлемдік ІЖӨ-нің тек 7,5 пайызы және жаһандық тауар

айналымының 11,2 пайызы ғана тиесілі».

Бұл жайтқа мұсылман әлемі халқы саны­ның өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы секілді елеулі нәрселердің кесірінен жол беріліп отыр. Ал келісімді ратификациялау ИЫҰ-ға мүше елдермен тығыз әріптестік қатынастарды дамытуға серпін береді. Ислам қаржы және экономика институттарымен ынтымақтастығымыз арта түседі. Сондай-ақ, елімізге инвестициялар тартуды арттыруға ықпал ететін болады.

Жазып алған Жақсыбай Самрат, 

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар