Футбол • 14 Сәуір, 2017

Азуын айға жаныды

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәуірдің 8-11-і аралығында Алматыда жаңадан салынған «Алматы Арена» спорт сарайында Еуропа чемпионатының негізгі іріктеу кезеңі өтті. Еуропа чемпионатының финалында ойнауға берілетін жалғыз жолдама үшін жанталаса ойнаған төрт команда – Чехия, Македония, Дания және Қазақ елі құрамасы.

Азуын айға жаныды

● Жарыстың алғашқы күні бірінші болып Чехия мен Дания құрамалары тартысқа түсті. Дания футболшылары матч бітуге үш минөт қалғанда 3:2 есебімен жеңіп жатқан. Бақ дегенді қойсаңызшы. Чехия құрамасы қас-қағымда есепті теңестірді де, тура үш секунд қалғанда төртінші допты соқты да кетті – 4:3. Қас-қағымда төңкеріп кетті.

Қазақ елінің жанкүйерлері зәулім сарайды дүбірге бөлеп, думандатып, дуылдап отыр. Жаны бөлек жанкүйерлер ішіндегі ерекше топ көзге оттай басылады. Дабыл қағып, қиқуға басып тұр. Тура алдарында ілінген «Қазақ елі» деген жазуы бар үлкен плакат жүрегіңе нұр құяды.

● Македония қақпасы тас қамал, алғызар емес. Біздің шабуылшылар саңылау іздеп жосылтып жүр. Бірін­ші кезеңнің бітуіне тура жеті минөт қал­ғанда, Лео­ның паркет бауы- р­ы­н жалата тепкен қуатты добы қақ­паға сүңгіп кетті – 1:0. Сол Леоның оң қапталдан қалық­тата шығарған добын сол қа­наттан жүйткіп келген Серік Жаманқұлов қапысыз тепті – 2:0.

Осы есеппен Қазақ елі құрамасы үзіліске шықты. Жанкүйер жүзіне лып етіп қан жүгірді. Екінші кезеңдегі алма-кезек шабуыл нәтиже берер емес. Орайлы бір сәтте Дуглас шығарған допты сол қапталдан ышқына ұмтылған Альберт Ақбалықов сол аяқ­­пен қақпа торын солқ еткізді 3:0. «Ақтөбе» клубы ой­ыншысының паркетке шыққаны да сол еді, жарқ етіп көзге түсті.

●  Жарыстың екінші күнін­де Македония мен Чехия құ­ра­малары текетіресе кетті. Бі­­рақ тәжірибесі мол Чехия құ­ра­­­­ма­сы тіс батырып жіберді – 7:3.

● Бұл күні Қазақ елі құ­ра­масы Дания командасын сіл­кілеп алды. Төртінші ми­нөт өткенде Жаманқұлов жарқ еткізіп есеп ашты – 1:0. Ойынның тоғызыншы ми­нөтінде Леоның құйындата тепкен добына қақпашы ұм­тылып та үлгермеді – 2:0. Тар­тыстың 17-минөтінде Дуг­лас­тың сол аяқпен заулатқан добы қақпашыдан кейін серпілді. Қайтқан допты Ми­хаил Першин қақпаға зу еткізді – 3:0. Першин – басынан бағы тайған «Тұлпар» клубының ойыншысы. Қазір «Қайрат» командасында. Қуаныштан атып тұрған қалың жанкүйер құйрықтарын бас­қанша Дуглас есепті ұлғайтып үлгерді – 4:0.

Ойын бітуге үш-ақ минөт қалды. Бас бапкер ойынға Оразов Біржанды шығарды, дұрыс шешім. Осындай жауапты ойынның сәті келген тұсында шыңдап алу керек. «Жетісу» клубының бұл футболшысы екі күн бойы орындықта кезек күтіп отыр­ған.

Даниялықтар дәрменсіз күйге түсті, Дінмұхамбет Сү­лей­менов соққан соңғы доп есеңгіретіп тастағандай – 5:0. Осылайша, Қазақ елі құра­масы екінші күні де қалың жанкүйерді үлкен жеңісімен қуантты.

● Жарыстың соңғы күні Македония бағын асырды, Данияны 4:3 есебімен жеңіп көш соңында қалдырды.

Жанкүйер қауымның фут­залға деген ықыласы ерек­ше. «Алматы Арена» қа­ланың солтүстік батысында, әжептәуір жер. Жету оңай емес. Жұмыс күні болғанына қарамастан, ел құрамасының шешуші ойынына халық ықыласы керемет. Зәулім сарайды лық толтырып отыр. Осындай тілеуқор халқы бар команда жанкүйерді жерге қаратпауға тиіс.

● Ойынның 5-минөтінде Дугластың айналдыра тепкен добы қақпашыдан кейін сер­пілді. Қайтқан допты қас-қа­ғымда шірене қайта тепті. Гол! Чехия қақпасы бұзылды – 1:0.

Шыңғыс Есенамановтың шырқырата тепкен добын қақпашы әрең қайтарды. Аса тартысты ойын. Желден озған жылдамдық. Ойын өте жоғары екпінмен өтуде. Екі команда да бес-бес фолдан. Екі команда да қызыл сызық үстінде. Енді тәртіп бұзылса, айып добы дайын тұр. Бірінші кезеңнің аяқталуына тура 59 секунд қалды. Леоның сәтті шығарған добын Першин қапысыз соқты – 2:0.

Екінші кезеңде үдей соқ­қан дауылдай толассыз ша­­буылдар басталды-ай, шір­кін. Біздің ойыншылар аса сауатты қорғануда. Теңіздің дүлей толқындарындай екі­лене, тынымсыз жасаған ша­буылдардың бетін қайта­рып, допты сыртқа теуіп жатыр. Қап­талдағы екі төреші допты біздің қақпаға бағыттап көр­сетумен әлек.

Ара-тұра Дугласқа қақ­паны қарауылдатып Игита ойынға қосылып қояды. Оның тепкен добы қақпа жақ­тауын сындырардай, аса қуатты. Әзірше дарымай тұр. Бір кезде қақпасын иесіз тастап Чехия қақпашысы да ойынға қосылды. Осыны байқап қалған Дуглас аяғына доп тиген сәтте қараусыз қал­ған қақпаға заулатты – 3:0.

Қазақ елі құрамасы керемет ойын үлгісін көрсетті. Қарсылас үш команда қақ­пасын қақыратып 11 доп соқты. Жалғыз доп өткізбеді. Бұл жерде қақпашы Игитаның керемет шеберлігін айтып өткен абзал.

● Қазақ елі құрамасы енді 2018 жылдың 30 қаңтар мен 10 ақпан аралығында Сло­венияның Люблян қала­сында өтетін Еуропа чемпио­натының финалында айқасқа түседі. Қазақ елі құрамасын дүниені дуылдатқан небір атақты командалармен сайыс­қа түсу бақыты күтіп тұр.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ,

журналист

АЛМАТЫ



Соңғы жаңалықтар