Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың «Шаңырақ» залында аталмыш романның қазақ тіліне аударылған нұсқасы оқырманға таныстырылып, тұсауы кесілді. Оған Гете институтының өкілдері және аудармашылар қатысты.
Шарада сөз алған Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева: «Әрбір балаға әже керек. Өзім де бүгінгі таңда әжемін. Әже болу бақытын сезіну жақсы көңіл-күй сыйлайды. Кітапхананың байлығы – кітапта. Мынадай жақсы бастамаға алғыс айтамын», деді.
Ал өз кезегінде кітап авторы Аня Туккерман кітап жазу да, жазылған шығарманы өзге тілге аудару да оңай еместігіне мән берді. Оның ойынша, кітап сәтті аударылған. Соған рахмет айтып, оқырмандарымен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
Роман күн ұзақ ұрпақ қамы үшін жанталасып, бірақ соларға қарауға уақыты жоқ ата-аналардың тіршілігін сипаттайды. Басты кейіпкер Штефидің анасынан басқа жақыны жоқ. Бірақ сол анасының өзі де тек демалыс күндері болмаса, Штефидің жанында бола бермейді. Үйде отыра беруден іші пысқан кішкентай бала өзіне әже іздейді. Және бірнешеуін тауып алады. Олар да осындай сүйкімді немерелі болуды қалайтын жандар болып шығады...
Шара барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Нұрсұлу Шаймерденова мен белгілі жазушы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаева сөз алып, шығарманың ерекшелігіне, маңыздылығына, аудармасының сапасына қатысты пікір білдірді.
Оқырманға ұсынылып отырған «Маған әже керек» («Suche Oma») – романы Аня Туккерманның кең тараған шығармаларының бірі. Автордың осы уақытқа дейін 21 кітабы жарық көрген. Кітаптарының көпшілігі әлемнің 30 тіліне аударылған. «Маған әже керек» аудармашы Таңсұлу Рахымбаеваның тәржімалауымен «Атамұра» баспасынан жарық көрді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»