Бокс • 14 Сәуір, 2017

Кіші Флойд Мэйуезер мен көрген боксшылардың ең мықтысы – Бақтияр Төлегенов

363 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кіші Флойд Мэйуезер. Кәсіпқой бокста 49 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Осыған дейін мұндай жетістікке ешкім жетпеген. Америкалық боксшымен 1996 жылы Атлантадағы Олимпиада ойындарында қазақстандық Бақтияр Төлегеновтің жұдырықтасқаны жайлы көбісі біле бермейді. Бақтияр Төлегенов sports.kz басылымына америкалықпен өткен айқасы туралы ой бөлісті.

Кіші Флойд Мэйуезер мен көрген боксшылардың ең мықтысы – Бақтияр Төлегенов

«1996 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысты. Бәлкім қателесетін шығармын, бірақ сол жылғы ойындар ерекше болатын. Кейбіріміз үшін бірінші Олимпиада еді. Сол жылы құрама сапындағы ең жас спортшы мен болдым. Небәрі 20 жастамын. Тағдырдың жазуы болар, қазақстандық боксшылардың арасынан бірінші болып рингке мен шығатын болдым. Өздеріңіз білесіздер, бұл психологиялық тұрғыда өте қиын. Ал қарсыласым болып кіші Флойд Мэйуезер түсті. 

Мүмкін рингке екі-үш күннен кейін шыққанымда жеңіл болатын ба еді? Себебі, қандай спортшыға болсын бірінші адаптация керек. Ал небәрі 20 жасыңда Олимпиадаға аттанып, бірінші болып шаршы алаңға шығу оңай емес. Мұндай міндетті кез келген адам көтере алмайды», – деді Бақтияр Төлегенов.

Ол кіші Флойд Мэйуезердің мықты тұстарын атап өтті.

«Шынымды айтсам, жекпе-жегіме дейін Флойд туралы көп білмейтін едім. Бірақ біреу менен ең мықты қарсыласым кім болғаны жөнінде сұрайтын болса, ойланбастан Флойдты айтар едім. Онымен жұдырықтасқан адам ең бірінші жылдамдығына назар аударады. Мен соққы бағыттағанымда сытылып шығып, қарсы соққы қайтарып үлгереді. Соққысының күші жоқ, панчер емес, тек техникасының арқасында жеңіске жетеді деген мәліметтер тарағанын естідім. Бірақ ол пікірмен мүлдем келіспеймін. Оның соққылары күшті. Мен көптеген боксшылармен күш сынасып көрдім. Бірақ олардың арасында Флойдқа жеткенін көрмедім. Оның ерекше тұсының бірі – өте жылдам.

Атлантада рингке Мэйуезер шыққанда залдағы көрермендердің реакциясын көрсеңіз. Жекпе-жек кезінде дәл тисін, тимесін әрбір соққысына қуанып отырды. Ал менің дәл тиген соққыларыма үнсіз ғана қарап отырды. Психиологиялық тұрғыда бұл қиын еді. Сол кезде ғана жанкүйерлердің қолдауы спортшыға қалай әсер ететінін түсіндім.

Қателеспесем, жекпе-жегіміз екінші раундтың ортасына таман аяқталды. Мұрнымнан қан аққаннан кейін төреші мені дәрігерге көрсетті. Ол рұқсатын бергенннен кейін ары қарай жалғастырдық. Бірақ раундтың ортасына қарай қан тоқтамай ақты. Бұл жолы дәрігер кездесуді жалғастыруыма рұқсат етпей қойды. Ал өзім дайын едім.

Флойд боксшылар әулетінен шыққан. Отбасында осы спортта үлкен жетістіктерге жеткендер бар. Екеуіміздің айқасымызда төрешілер залдағы реакцияға қарап еріксіз ұпай қосты ма деп күмәнданамын», – деді Бақтияр Төлегенов.

Ол кездері Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әбдісалан Нұрмаханов, ал көмекшісі Александр Апачинский болатын. Мэйуезермен кездесуінің алдында жаттықтырушылар Төлегеновке қандай ақыл-кеңесін айтыпты?

«1995 жылы Азия чемпионатын жеңіп, Олимпиада лицензиясын еншілеген едім. Азия біріншілігінде тай боксшысы Сомлук Камсингті жеңдім. Бірақ 1996 жылы ол Олимпиада чемпионы атанды. Атлантада жеребе кезінде оның жолы болып кетті. Егер Сомлук Мэйуезермен жолыққанда алысқа бара алмас еді.

Мэйуезердің орны америкалықтар үшін ерекше. Оның тіпті, рингке шыққандағы жұрттың шулай жөнелгенін көрсеңіздер. Елімізде кәсіпқой бокс Геннадий Головкиннің арқасында енді дамып келеді. Ал АҚШ-та сол кездің өзінде әуесқой бокста стилі, мәнері кәсіпқойларға келетін боксшылары көп болатын. Флойд жай ғана рингке көтерілгенде өзін шоумен секілді ұстайтын, яғни билеп, бір орында тұра алмай жанкүйерлерді ойнатып тұратын. Бұл қылығы Александр Апачинскийге ұнамаған болса керек, жекпе-жек алдында: «Оның басын жұлып алшы!» – дегені бар еді. Бірақ Флойдтың рингте де, оның сыртында да өзін нағыз жұлдыз ретінде ұстайтынын айта кеткен жөн. Ол мұндай мәртебеге лайық.

Біз бокстың аңызына айналған деп Мұхаммед Әли, Майк Тайсонды айтамыз. Бірақ олардың карьерасында да ауыр жеңілістер болды. Ал кіші Флойд Мэйуезер ешкімге есе жібермеген. Ол өте ақылды, талантты боксшы», – деді Төлегенов.

Бақтияр Төлегенов сондай-ақ, Мэйуезерді өзі жұдырықтасқан боксшылармен салыстырып өтті.

«Өз салмағымда еліміздегі ең үздік боксшы болдым. Халықаралық жарыстарда әйгілі былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтастым. Бірақ Мэйуезерден басқасын өзімнен айтарлықтай мықты болды деп айта алмаймын. Мен күш сынасқандардың ішінде Флойд ең мықтысы болды», – деді ол.

Кіші Флойд Мэйуезер сол жылы болгариялық Серафим Тодоровқа есе жіберген болатын.

«Мэйуезер жекпе-жектен кейін төрешінің әділ шешім шығармағанын айтты. Мен де солай ойлаймын. Болгариялықтан ұтылмағанына сенімдімін. Бұл жерде бәрі саясатқа келіп тіреліп тұрған сияқты. Серафим Тодоров ол кезде екі дүркін әлем чемпионы болатын. Бұл жерде айта кетер бір жайт бар. Турнирдің бас төрешісі болгариялық болатын. Оның үстіне Болгария жалпыкомандалық есепте екінші орын үшін Қазақстанмен бәсекелесіп келді. Егер Тодоров жеңілгенде біз екінші болатын едік. Ал басқаша айтар болсақ, Тодоровты финалға төрешілер шығарды. Бірақ ақтық сында да үмітті ақтай алмай Сомлук Камсингтен ұтылды», – деді ол.

Рио Олимпиадасынан кейін Данияр Елеусіновті Мэйуезермен салыстырғандар да болды. Бірақ Бақтияр Төлегенов америкалықтың бәсі жоғары екенін тағы бір мәрте айтып өтті.

«Данияр – өте мықты боксшы, әуесқойда үлкен жетістіктерге жетті. Ал салыстыруға келер болсақ, екеуінің айырмашылығы – жылдамдығы мен соққысының күштілігінде. Осы жағынан Данияр америкалыққа ілесе алмайды. Ал кәсіпқой бокста дәл осы екі фактор маңызды болып есептеледі.

Бақтияр Төлегенов Геннадий Головкин мен Флойд Мэйуезер арасындағы өтуі мүмкін кездесу жайлы да ой бөлісті.

«Меніңше, бұл тек қана жарнама секілді. Себебі, мұндай кездесудің ұйымдастырылуы екіталай. Олар екі түрлі салмақта бокстасады. Біріншіден, Флойдпен шыққан кез келген боксшының рейтингі көтеріліп, беделі арта түседі. Екіншіден, келесі жекпе-жегінде сыйақы көлемін арттыра алады. Сондықтан қаржы жағынан бұл Головкин үшін өте тиімді болмақ. Ал Мэйуезерге айтарлықтай пайда әкелмейді. Екінші жағынан ол Головкинмен шығып, тәуекелге барады. Себебі, ұтылып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, GGG-мен күш сынасып, үлкен ақша табуы да екіталай», – деді ол.  

Дайындаған Аян Әбдуәли «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар