Президент • 14 Сәуір, 2017

ЕАЭО бізге не берді? Бішкекте экономикалық одақтың саммиті өтуде

224 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.

ЕАЭО бізге не берді? Бішкекте экономикалық одақтың саммиті өтуде

Төрт көз түгел...

Бұл жолы «төрт көз түгел» жиналды. Әрине, бұлайша түгендей сөйлеуімізге түрткі болған былтырғы жылдың соңында Санкт-Петербургте өткен дәл осындай жиынға Беларусь Президенті Александр Лукашенконың қатыспауынан қалған алаң еді. Бірақ бұл жолы одаққа мүше бес елдің де президенттері – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Тіпті, жиында алтыншы президент – одаққа өздерін бақылаушы ел ретінде ұсынған Молдова президенті Игорь Додон және ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян болды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы әдеттегідей алдымен шағын, одан соң кең құрамда өтті. Онда Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстары талқыланды. ЕАЭО іске қосылғаннан бері оған мүше елдер қандай жетістіктерге қол жеткізді, неден ұтылды, неден ұтты, міне, осы сауалдардар төңірегінде мәселе қаралды.

Молдова бақылаушы ел атанды

Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев жүргізіп отырды. Қырғызстан Президенті шағын құрамдағы кездесуде Жоғары кеңес мүшелері Молдова президенті Игорь Додонның ресми үндеуіне байланысты Молдоваға ЕАЭО бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Сондай-ақ, Қырғызстан одаққа төрағалығын жылдың соңына дейін жалғастыра отырып, ұйым аясында кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай туғызып, еуразиялық экономикалық кеңістік шеңберінде мүмкіндікті молайта беру керектігі туралы ұстанымын жалғастыратынын жеткізді. Себебі, Қырғызстан Президенті кәсіпкерлікті дамытуды экономиканың негізгі қозғаушы күші санайды. Бұл ретте одақ жұмысын жандандыратын негізгі төрт басымдық – еркін тауар айналымы, еркін қызмет, еркін еңбек нарығы және еркін қаржы айналымын дамыту бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыра беру керектігіне тоқталды. А.Атамбаев бұл мәселеде кейбір кедергілердің де кездесетінін тілге тиек етті. Осыған орай одаққа мүше мемлекеттер мемлекеттік органдармен қоса бизнес өкілдерімен де тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қырғызстан Президенті, өкінішке қарай, елдерінен жұмыс іздеп шетелге кетушілердің аз еместігін алға тарта отырып, бұл ретте еңбек мигранттары мәселесіне де баса назар аударуды сұрады. Сондай-ақ, еркін еңбек нарығындағы жұмыс күшін ертеңгі күндері зейнетақымен қамту жайын да назардан тыс қалдыруға болмайтынын жеткізді. А.Атамбаевтың айтуынша, Қырғызстан үшін одақ аясында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларда жұмыстың жандануы аса маңызды. Бұл ретте Қырғызстан Президенті өздеріне көрсеткен қолдаулары үшін Ресей және Қазақстан Президенттеріне зор алғыс айтты. А.Атамбаев сөзінің қорытындысында жалпы одаққа мүше болу Қырғызстан үшін мол мүмкіндік әрі мәртебе екенін айтты.

Күрделі кезең кедергі болды

Бұдан ары сөз кезегін Армения Республикасының Президенті Серж Саргсянға ұсынды. Ол өз елінің одақ жұмысына үлесі жайында баяндай отырып, ұйымның құрылуы күрделі кезеңге дөп келгенін атап өтті. Әлемдік экономикадағы тұрақсыздықтың салдары одақ жұмысына белгілі деңгейде өзіндік салқынын тигізінен алға тартты. Алайда, оған қарамастан бұл интеграциялық ұйым елдердің макроэкономикалық өсіміне жақсы әсерін тигізіп, дағдарыстан шығудың жолы болғанын атап өтті.

Ал Беларусь Президенті Александр Лукашенко өз кезегінде одақ аясында кейбір проблемалар да бар екенін тілге тиек етті. Мәселен, келісілген кейбір келісімдердің нақты іс жүзінде жүзеге асып жатқанына күмәні бар. Осыған байланысты Беларусь Президенті одақтың ішкі тәртібін қолға алу керектігін, бұл ретте комиссия құрылып, орындалмаған бастамаларға сұрыптау жүргізуді қолға алу қажеттігін ұсынды.

Одақ жұмысына оң баға

Кеңейтілген құрамда сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы мамырда үш жыл толатын Одақ аясында бастапқы күрделі кезеңде көп жұмыстар жасалғанын айтты. Елбасының мәлімдеуінше, қазір ұйымның шарттық құқықтық базасы құрылып, тұрақты кеңею үстінде. Ұзақмерзімді, ортамерзімді басымдықтар айқындалды. Практикада тауарлар, қызметтер, капитал, жұмыс күші еркін қозғала бастады. Түрлі елдермен, халықаралық ұйымдармен байланыс реттеле түсуде. «ЕАЭО-ның қалыптасу кезеңі барлық елдердің дағдарыс құбылыстарын еңсеруі тиіс қиын кезеңге дөп келді. Мұның барлығы соңғы уақыттарда елеулі төмендеп, қауіп тудырған ұйымның көрсеткіштерінен байқалды. Дағдарыс мәңгілік емес. Төмендеу бар жерде өсу де бар. Өткен жылы біздің елдердің басым бөлігі экономикалық өсім көрсетті. Оның ішінде Қазақстан да бар. 2017 жылдың басындағы статистика деректері бізде ерекше оптимизм оята түсуі қажет», деді Н.Назарбаев.

Екі ай қорытындысы бойынша ЕАЭО сыртқы сауда көлемі 37 пайызға, өзара сауда 38 пайызға артқан. «Мысалы, Қазақстанның ЕАЭО-мен саудасы – 56,5 пайызға, Ресеймен – 50 пайызға, Беларусьпен – 50 пайызға, Қырғызстанмен – 41 пайызға, Армениямен 3,5 есеге артты. Яғни, кемшілік кемшілігімен, ал біз одан әрі жұмыс істеуіміз қажет екенін көрсетіп жатырмыз», деді Қазақстан Президенті.

Ресей Президенті Владимир Путин де өз кезегінде одақ жұмысы табысты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Одақ дағдарыс қиындықтарынан құтқарған қауіпсіздік құралы болғанын алға тартты. Бұған әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан Одаққа мүше мемлекеттер қол жеткізіп отырған экономикалық көрсеткіштер дәлел болатынын мысалға келтірді. Ресей Президенті бұл ретте Қазақстан Президентінің пікірін құптайтынын айтып, тіпті Н.Назарбаевтың сөзінен дәйексөз де келтірді. Интеграциялық байланыстардың арқасында қазіргі экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізіп отырғанымыз туралы ойын нақтылай түсті.

«Белгілі бір дәрежеде одақ сыртқы конъюнктураның ықпалын жойып, ұлттық экономиканы жаңа бағыттарға бейімдеді», деді РФ басшысы.

Бұдан ары Молдова Президенті сөз алды. Ол Молдова елі үшін бұл шараға қатысу айрықша оқиға екенін айтып өтті. Интеграциялық байланыстардың беки түсуіне Молдова Республикасы ерекше маңыз беретінін айтып, ЕАЭО-ға бақылаушы ел мәртебесін үлкен жауапкершілікпен сезінетінін жеткізді.

Отырыс қорытындысында бірқатар келісімдерге қол қойылды. ЕЭК жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданып, ЕАЭО экономикалық қызметін дамытуға бағытталған құжаттар рәсімделді.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан»,

Бішкектен

Соңғы жаңалықтар