Төрт көз түгел...
Бұл жолы «төрт көз түгел» жиналды. Әрине, бұлайша түгендей сөйлеуімізге түрткі болған былтырғы жылдың соңында Санкт-Петербургте өткен дәл осындай жиынға Беларусь Президенті Александр Лукашенконың қатыспауы себеп еді. Бірақ бұл жолы Одаққа мүше бес елдің де президенттері – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Тіпті, жиында алтыншы Президент – Одаққа өздерін байқаушы ел ретінде ұсынған Молдова Президенті Игорь Додон мен ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян болды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы әдеттегідей алдымен шағын, одан соң кеңейтілген құрамда өтті. Онда Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстары талқыланды. ЕАЭО іске қосылғаннан бері оған мүше елдер қандай жетістіктерге қол жеткізді, неден ұтылды, неден ұтты, міне, осы сауалдар төңірегінде мәселе қаралды. Тараптар Одақ аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті жайттарын, халықаралық ынтымақтастық пен Еуразия кеңістігіндегі одан әрі интеграциялану жайын талқылады.
Молдова байқаушы ел атанды
Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев жүргізіп отырды. Қырғызстан Президенті шағын құрамдағы кездесуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері Молдова Президенті Игорь Додонның ресми үндеуіне байланысты Молдоваға ЕАЭО байқаушысы мәртебесін беру туралы шешім қабылдағанын атап өтті.
Сондай-ақ, Қырғызстан Одаққа төрағалығын жылдың соңына дейін жалғастыра отырып, оның аясында кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай туғызып, еуразиялық экономикалық кеңістік шеңберінде мүмкіндікті молайта беру керектігі туралы ұстанымын жалғастыратынын жеткізді. Себебі, Қырғызстан Президенті кәсіпкерлікті дамытуды экономиканың негізгі қозғаушы күші санайды. Бұл ретте, ол Одақ жұмысын жандандыратын негізгі төрт басымдық – еркін тауар айналымы, еркін қызмет, еркін еңбек нарығы және еркін қаржы айналымын дамыту бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыра беру керектігіне тоқталды.
А.Атамбаев бұл мәселеде кейбір кедергілердің де кездесетінін тілге тиек етті. Осыған орай, Одаққа мүше мемлекеттер мемлекеттік органдармен қоса, бизнес өкілдерімен де тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қырғызстан Президенті, өкінішке қарай, елдерінен жұмыс іздеп шетелге кетушілердің аз еместігін алға тарта отырып, бұл ретте, еңбек мигранттары мәселесіне де баса назар аударуды сұрады. Сондай-ақ, еркін еңбек нарығындағы жұмыс күшін ертеңгі күндері зейнетақымен қамту жайын да назардан тыс қалдыруға болмайтынын жеткізді. А.Атамбаевтың айтуынша, Қырғызстан үшін Одақ аясында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларда жұмыстың жандануы аса маңызды. Бұл ретте, Қырғызстан Президенті өздеріне көрсеткен қолдаулары үшін Ресей мен Қазақстан президенттеріне зор алғыс айтты. А.Атамбаев сөзінің қорытындысында жалпы Одаққа мүше болу Қырғызстан үшін мол мүмкіндік әрі мәртебе екенін жеткізді.
Күрделі кезең кедергі болды
Бұдан әрі сөз кезегін Армения Президенті Серж Саргсянға ұсынды. Ол өз елінің Одақ жұмысына үлесі жайында баяндай отырып, ұйымның құрылуы күрделі кезеңге дөп келгенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, әлемдік экономикадағы тұрақсыздықтың салдары Одақ жұмысына белгілі деңгейде өзіндік салқынын тигізген. Алайда, оған қарамастан, бұл интеграциялық құрылым елдердің макроэкономикалық өсіміне жақсы әсерін тигізіп, дағдарыстан шығудың жолы болған.
Ал Беларусь Президенті Александр Лукашенко өз кезегінде Одақ аясында кейбір проблемалар да бар екендігін тілге тиек етті. Өйткені, келісілген кейбір келісімдердің нақты жүзеге асып жатқанына күмәні бар. Осыған байланысты Беларусь Президенті Одақтың ішкі тәртібін қолға алу керектігін, бұл ретте, комиссия құрылып, орындалмаған бастамаларға сұрыптау жүргізуді қолға алу қажеттігін ұсынды.
Одақ жұмысына оң баға
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде алдағы мамырда үш жыл толатын құрылым жұмысына оң баға берді. Мемлекет басшысы Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың орындалуына қатысы бар негізгі тұстарға тоқталды.
«Ұйымның шарттық-құқықтық базасы жасалып, оның аясы жүйелі түрде кеңейіп келеді, ұзақ мерзімді және орта мерзімді басымдықтары да айқындалды. Тауардың, қызмет көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы нақты жүзеге асуда. Біз экономика саласында бір-бірімізбен келісе жұмыс жүргізіп, экономиканың маңызды деген бөліктерінде үйлесімді саясат ұстанып отырмыз. Әртүрлі елдермен және халықаралық ұйымдармен байланыс орнығып келеді», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасу кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды және күрделі геосаяси жағдай қатерлерін еңсере білгенін атап көрсетті. «Осының барлығы Одақтың соңғы уақытта айтарлықтай төмендеп кеткен көрсеткіштеріне әсерін тигізді. Алайда, дағдарыс мәңгілік емес, құлдыраудың соңы өсімге ұласатыны белгілі», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Одаққа қатысушы елдердің көпшілігі былтыр күрделі жағдайға қарамастан, экономикалық көрсеткіштер өсіміне қол жеткізгенін атап өтті. «2017 жылдың басындағы статистикалық мәліметтер көңілге үміт ұялатады. Осы жылдың алғашқы айларының нәтижесі бойынша, ЕАЭО-ның сыртқы сауда көлемі 37 пайызға ұлғайды, ал өзара сауда 38 пайызға өсті», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан басшысы аталған оң үрдісті орнықтыру қажеттігін айта келіп, осы бағыттағы басты қадамдарды атап көрсетті. «Біріншіден, ЕАЭО-ны дамытуға кедергі келтіретін барлық шектеулерді жою қажет. Екіншіден, тауарды өткізетін нарықтарды кеңейтіп, инвестиция өсімі үшін халықаралық әріптестермен жаңа сауда-экономикалық келісімдер жасалуын қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, елдеріміздің экономикасы үшін осындай күрделі кезеңде өзара көмек қолын созған жөн. Төртіншіден, дағдарыстық құбылыстарды еңсеруге Дағдарысқа қарсы күрес кеңесі жақсы жәрдемші бола алады», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономика және қаржы министрлері кеңесінің, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің орталық банктері жетекшілерінің құрамын жасақтау жөніндегі ұсыныстарына ерекше назар аударды. «Кеңес Одаққа мүше мемлекеттердің қаржы-экономикалық саясатының мәселелері және дағдарыстық құбылыстардың алдын алу үшін өзара келісілген шаралар қабылдау жөнінде ЕАЭО органдарына ұсынымдар береді. Оның жұмысы экономикалық өсім мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-шараларды іске асыруға бағытталады. Кеңестің жұмысы G-20-ның жанындағы Қаржы тұрақтылығы жөніндегі кеңестің және Еуропалық комиссия жанындағы ЭКОФИН-нің (Еуропалық одақтың экономика және қаржы мәселелері жөніндегі кеңесі) қызметіне ұқсас болады», деді Елбасы.
Ресей Президенті Владимир Путин де өз кезегінде Одақ жұмысы табысты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Одақ дағдарыс қиындықтарынан құтқарған қауіпсіздік құралы болғанын алға тартты. Бұған әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан, Одаққа мүше мемлекеттер қол жеткізіп отырған экономикалық көрсеткіштер дәлел болатынын мысалға келтірді. Ресей Президенті, бұл ретте, Қазақстан басшысының пікірін құптайтынын айтып, тіпті, Н.Назарбаевтың сөзінен дәйексөз де келтірді. Интеграциялық байланыстардың арқасында қазіргі экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізіп отырғанымыз туралы ойын нақтылай түсті. «Белгілі бір дәрежеде Одақ сыртқы конъюнктураның ықпалын жойып, ұлттық экономиканы жаңа бағыттарға бейімдеді», деді Ресей басшысы.
Бұдан әрі Молдова Президенті сөз алды. Игорь Додон Молдова үшін бұл шараға қатысу айрықша оқиға екенін атап көрсетті. Интеграциялық байланыстардың беки түсуіне Молдова Республикасы ерекше маңыз беретінін айтып, ЕАЭО-ға байқаушы ел мәртебесін үлкен жауапкершілікпен сезінетінін жеткізді.
Келісімдерге қол қойылды
Кеңейтілген құрамда өткен отырыста ЕАЭО-ға мүше елдердің 2017-2018 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдары бекітілді. Құжатқа сәйкес, макроэкономикалық ахуалды жақсарту, корпоративтік секторды инвестиция көлемін арттыруға ынталандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету секілді елеулі шаралар көзделген. Сонымен қатар, отырыс қорытындысында ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Иран арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі уақытша келісім туралы құжат қабылданды.
Қауіпсіздік мәселелері қаралды
Ал келесі алқалы жиын – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан президенттері Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Нұрсұлтан Назарбаев, Алмазбек Атамбаев, Владимир Путин, Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы міндетін атқарушы Валерий Семириков қатысты.
Бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары ұйымды одан әрі дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдер үшін биыл мерейтойлық жыл екенін атап өтті. Осыған орай, Елбасы кездесуге қатысушыларды Шартқа қол қойылуының 25 жылдығымен құттықтап, оның ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттердің тұтастығын нығайтудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстан басшысы ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласындағы басқа да халықаралық институттармен және ұйымдармен өзара іс-қимылының аясын кеңейту мәселесіне қатысушылар назарын аударды. Бұдан бөлек, ұйым мүшелері қазіргі заманғы өңірлік және жаһандық қатерлермен күрес жолында күш жұмылдыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу соңында ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Юрий Григорьевич Хачатуровты ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы етіп тағайындады.
Екіжақты кездесу
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол күні, сондай-ақ, Бішкекте Молдова Республикасының Президенті Игорь Додонмен кездесу өткізді. Мемлекеттер басшылары әңгімелесу кезінде Қазақстан мен Молдова арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар екіжақты ынтымақтастықтың басымдығы бар бағыттары ретінде атап өтілді. Бұған қоса, Қазақстан Президенті И.Додонды Молдова Республикасының ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алуымен құттықтап, бұл жауапты қызмет барысында табысты жұмыс жүргізуіне тілектестік білдірді.
Молдова Президенті де Нұрсұлтан Назарбаевқа ЕАЭО-дағы байқаушы мәртебесін алу мәселесіне қатысты қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Кездесуге Молдова жағы бастамашы болды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан» –
Бішкектен (Қырғызстан)
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды