Қазақстан Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың кестесіндегі алғашқы кездесулердің бірі Нью-Йоркте АҚШ-тың: Citigroup, Mastercard, Berkley, Morgan Stanley, Black Rock, Goldman Sachs сияқты аса ірі қаржы институттарының сондай-ақ, әлемдік рейтинг агенттіктері: Moody’s, Standard&Poor’s, Greylock Capital, Guggenheim International, Alliance Bernstein, Public Capital Advisors, Business Council of International Understanding өкілдерімен жүздесуі болды.
Кездесуге қатысушылар әлемдік экономика және Қазақстанның экономикалық саясаты дамуының өзекті мәселелерін, сондай-ақ, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестициялар тарту, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және активтерді басқару мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан Премьер-Министрі Б.Сағынтаев «Chevron» корпорациясының Еуразиялық аймақ бойынша басшысы Т.Левимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.
Содан кейін Бақытжан Сағынтаев Нью-Йорк қаласының экс-мэрі Рудольф Джулианимен кездесті.
Диалог аясында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр сондай-ақ, «Citigroup» компаниясының президенті Джеймс Форесемен кездесті.
Тараптар қаржы-банктік өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін, сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «WR Berkley Group» сақтандыру компаниясының төрағасы Б. Барклимен және «Robotti & Company Advisors LLC» компаниясының басшысы И. Шварц-манмен кездесу өткізді. Оның барысында сақтандыру және еліміздің банк саласына инвестициялар тартудың заманауи тетіктері талқыланды.
Бұдан әрі Премьер-Министр Б.Сағынтаев «Bloomberg» компаниясының негізін қалаушы және Нью-Йорк қаласының экс-мэрі М.Блумбергпен кездесу өткізді.
Б.Сағынтаев М. Блумбергпен Қазақстанның қаржы нарығын және «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесудің маңызды нәтижесі Астанада Блумберг телеарнасы мен кеңсесін ашу туралы келісім болды.
Содан кейін Бақытжан Сағынтаев «GE Transportation» компаниясының бас атқарушы директоры Дж.Миллермен кездесті.
Әңгімелесу барысында тараптар газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, Нью-Йоркте Бақытжан Сағынтаев АҚШ-тың «I Scuared Capital», «General Electric», «Grace, Robotti & Company Advisors», «AGCO», «AES», «Black and Veatch», «American Industrial Acquisition Corporation» сияқты жетекші компанияларымен Қазақстан экономикасына инвестициялар мен жаңа технологиялар тарту мәселелерін талқылады.
«OSI Systems», «Pfizer» және «GE Transportation» компанияларымен кездесулер аясында Қазақстанда технологиялық жабдықтар өндірісіне инвестициялар тарту туралы, ал «Rahal Foods» компаниясымен органикалық азық-түлік өндірісі тұрғысындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Премьер-Министр «OSI Systems» компаниясының атқарушы вице-президенті А. Мехрамен кездесу өткізді.
Компанияның Астана қаласының әуежайы мен қазақстандық кеден бекеттеріне Rapiscan сканерлеу жүйелерімен жабдықтау жүргізетіндігі туралы келісімге қол жеткізілді.
Одан кейін Б.Сағынтаев «Pfizer» компаниясының вице-президенті М.Геттлермен кездесті. Қазақстанда вакциналар өндіретін зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді.
Бұдан әрі Премьер-Министр экономист Н.Рубинимен маңызды әрі қызықты кездесу өткізді. Жаһандық және аймақтық экономикалық даму тақырыбы бойынша пікір алмасу өтті.
Келесі күннің таңертеңінде Премьер-Министр «Cisco» кеңсесін аралады және компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Дж.Чамберспен кездесу өткізді.
«Cisco» компаниясының негізі 1984 жылы қаланған және қазіргі уақытта кең көлемді желі жабдықтарын шығарады, олардың қатарында маршрутизаторлар, IP-телефония өнімдері, Ethernet-коммутаторлар, желі қауіпсіздігі құрылғысы, Wi-Fi рұқсат нүктесі, оптикалық коммутация платформалары, ATM-коммутаторлар т.б. бар.
Қазақстан үшін осындай атақты әлемдік компаниямен ынтымақтастық Мемлекет басшысының Жолдауында ұсынылған ел экономикасын жаңғырту бойынша міндеттер тұрғысында ерекше мәнге ие.
Осында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Зерде» АҚ пен «Cisco» компаниясы арасында ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Сан-Францискода Б.Сағынтаев атақты экономист А.Лаффермен кездесті. Кездесу барысында жаһандық экономикадағы өзекті үрдістер, заманауи салық саясатының ерекшеліктері талқыланды.
Содан кейін Премьер-Министр Robomatter Inc. президенті Скип Смитпен кездесу өткізді, оның барысында компанияның инновациялық білім беру бағдарламаларын Қазақстанда, жастарды компьютерлік ғылымдарға бағдарламалауға және роботты техникаға оқыту және даярлау үшін қолдану мүмкіндігін талқылады.
Одан кейін, Бақытжан Сағынтаев «Tesla Motors» кеңсесіне барып, онда роботты техника мен бағдарламалауға негізделген электромобильдер өндірісінің толық кезеңімен танысты.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Сhevron» компаниясының төрағасы Джон Уотсонмен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар мұнай өнімдерінің әлемдік нарығын дамытудың қазіргі жағдайы мен болжамдарын, еліміздегі мұнай-газ жобаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін, сонымен қатар, Қазақстандағы Болашақ кеңею жобасын талқылады.
Премьер-Министр «IBM Watson West» орталығын аралады, онда Бақытжан Сағынтаевқа компанияның жасанды зерде, бейне мен сараптауды танып-білу саласындағы әзірлемелері мен «ақылды» қалаларға арналған инновациялық шешімдері таныстырылды.
Сапар қорытындысы бойынша «IBM» компаниясы мен «ИТП» ДКҚ арасында Астана қаласында қаржылық технологиялар, «Ақылды қала» бойынша технологиялар және қала құрылысы мен оны пайдалануды басқаруға арналған технологиялар бойынша қолданбалы зерттеулерге арналған зертхана құру бойынша меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «Autodesk» компаниясының кеңсесіне барып, компания вице-президенті Дэвид Крейнмен кездесті.
Тараптар Қазақстанда Autodesk құзырет орталығын құру мәселесін талқылады.
Сонымен қатар, «Autodesk» компаниясымен бірлесіп, қазақстандық жаңа құрылыс материалдарының сапасын анықтау және сертификаттау зертханасы құрылатын болады.
Премьер-Министрдің кестесіндегі аса маңызды шаралардың бірі – «Project: Collider» технологиялық форумы болды, онда Б.Сағынтаев инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшы компанияларды Қазақстан экономикасының жаңғыртылу үдерісіне белсендірек қатысып, инвестиция құюға шақырды.
Премьер-Министр «Bridge West Group» Директорлар кеңесінің төрағасы Маси Таэбимен кездесу өткізді, оның қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-пен меморандумға қол қойылды, онда Интернетке қолжетімділік желілерін ауқымды дамыту мақсатында америкалық компанияның жабдықтарын сатып алу бойынша ықтимал ынтымақтастық көзделген.
Содан кейін «Learn Capital» басқарушы серіктесі Г.Мауромен кездесу өтті, оның қорытындысы бойынша ҚР БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-пен «чартерлік мектептер» деп аталатын үлгі бойынша инновациялық білім берудің қанатқақты жобасын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Кремний алқабында Қазақстанның өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылды.
Инновациялық өкілдік Кремний алқабында Қазақстанның технологиялық стартаптарын дамыту платформасымен қамтамасыз етеді, еліміздегі кәсіпкерлік пен ғылымды дамытуға ең үздік технологиялық идеялар мен үдерістерге қолжетімділікпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның ірі корпорацияларына әлемдік деңгейде инновациялық өзара іс-қимыл жасасу, бірегей ақпарат пен ресурстардың қолжетімді болу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Б.Сағынтаев «DFJ» компаниясының кеңсесіне барып, оның негізін қалаушы Т. Драпермен кездесті.
«DFJ»-тың бірқатар қазақстандық компанияларға қолдау көрсетуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Айта кету керек, «DFJ» компаниясы технологиялар саласында даму сатысындағы және бастапқы сатыдағы жобаларды инвестициялауға бағдарланған.
Бақытжан Сағынтаев Кремний алқабының инновациялық орталығының кеңсесіне барып, сарапшылар тобымен және орталық президенті А.Куновпен кездесті.
Б.Сағынтаев «Plug and Play Tech Center» компаниясының кеңсесінде де болды.
Одан кейін Премьер-Министр «Jabil» компаниясының кеңсесіне барды, ол түрлі салалардағы жаһандық технологиялық корпорацияларға электроникаларды жобалап, әзірлеу бойынша кешенді қызметтер көрсететін әлемдегі ең ірі өндірістік компаниялардың бірі.
Сонымен қоса, Бақытжан Сағынтаев «Google» кеңсесінде болып, онда компанияның ІТ-саласындағы қазіргі әзірлемелерімен танысты, сонымен қатар, қызметкерлермен Қазақстанға қажетті жобаларды талқылады.
Бақытжан Сағынтаев «Microsoft» корпорациясының ұжымдық вице-президенті Д.Левинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында компанияның бағдарламалық шешімдерін Қазақстанның шағын жинақты мектептеріне енгізу мәселесі талқыланды.
Осылайша, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аяқталды. Өткізілген кездесулер мен қол қойылған құжаттар Қазақстанға елімізде цифрлы инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасауға, жаңа индустрияларды таратуға, Индустрия 4.0 элементтерін ұлттық экономикаға интеграциялауға көмек береді.