Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ІЖӨ өсімі 6,5 пайызды құрады
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Соның бастыларының бірі еліміздің үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы болды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуы бойынша, аталған мерзім ішінде экономикадағы дамудың оң үдерістері одан әрі жалғасқан. Осы мерзім ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 пайызға өссе, өңдеу секторының өсу қарқыны 8 пайызды құраған. Ал кен өндіру саласындағы даму көрсеткіші 5 пайыздық деңгейде қалыптасты. Міне, осылардың негізінде алдын ала жасалған болжам бойынша үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы ішкі жалпы өнімнің өсім көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,5 пайызды құраған.
Осы ретте Қайрат Келімбетов өнеркәсіп өндірісінің өсіміне нарық конъюнктурасындағы жағымды баға құбылысымен қатар, өткен жылы елдің индустрияландыру карталары шеңберінде енгізілген өнеркәсіптік қуаттардың ұлғаюының да қолайлы ықпал жасағандығын атап көрсетті.
Бірінші тоқсанда құрылыс секторында қозғалыстың оң сипаты байқалған. Бұл саланың даму көрсеткіші өткен жылдың бірінші тоқсанында 8,7 пайызға төмендесе, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 3,1 пайызға өскен. Дегенмен, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 6,3 пайызға азая түскен. Мұны қысқа мерзімді құбылыс деуге болады. Өйткені Экономикалық даму және сауда министрінің мәлімдеуінше, құрылыс саласына салынып жатқан инвестициялардың көлемі 42 пайызға өсіп отыр. Осы инвестициялар саланың қарқынына алдағы уақытта жағымды әсер етуі тиіс.
Сыртқы сауда айналымы қаңтар, ақпан айларында 15,4 миллиард АҚШ долларын құрап, 32,4 пайызға өсе түскен. Соның ішінде тауарлар экспорты 11,6 миллиард долларды құрап, 36 пайызға ұлғайған. Экспорт құрылымында отын-энергетикалық тауарлардың үлесі 76,2 пайызды, металлургиялық өнімдер үлесі 12,8 пайызды құраған. Ал импорт көлемі 3,8 миллиард АҚШ долларын құрап, 22,4 пайызға өскен.
Осы экспорт-импорт операцияларын жүзеге асыруда Кеден одағы құрылуының жағымды әсер ете бастағандығы байқалады. Мәселен, үстіміздегі жылғы алғашқы екі айдың өзінде еліміздің Ресейге тауарлар экспорттауы 56,1 пайызға, Беларусьқа 2,6 есе артқан. Сондай-ақ Ресейден бізге келетін импорт көлемі де 33 пайызға ұлғайған. Осылардың нәтижесінде Кеден одағы елдерімен арадағы сыртқы сауда айналымы 2,9 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 41,5 пайызға өсе түскен.
Қайрат Келімбетов үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында инфляциялық үдерістердің жеделдей түскендігі байқалғандығын атап көрсетті. Жыл басынан бері тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағасы 3,7 пайызға көтерілген. Соның ішінде азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 6 пайызды, ақылы қызметтер бағасы 3,6 пайызды, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 0,9 пайызды құраған.
Қаржы секторының жағдайына келсек, екінші деңгейдегі банктердің активтері жыл басынан бастап 111,9 миллиард теңгеге немесе 0,9 пайызға көбейген. Соның ішінде ағымдағы жылғы алғашқы екі айдың ішінде депозиттердің көлемі 11 пайызға өсіп, 7,5 триллион теңгені құрапты.
2011 жылдың алғашқы үш айында елдің халықаралық резервтері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 31,4 пайызға өсіп, 69 миллиард долларға жеткен. Соның ішінде ұлттық қордың активтері шетел валютасында 33,8 миллиард АҚШ долларын құрап, 33,6 пайызға ұлғайған. Ал ұлттық банктің алтын-валюта активтері 29,6 пайызға өсіп, 35,2 миллиард долларға жеткен. Сондай-ақ Қайрат Келімбетовтің айтуынша, 2011 жылдың 22 сәуіріндегі жаңа мәліметтер бойынша елдің халықаралық резервтері 71 миллиард долларға көтеріліпті. Мұның өзі Қазақстанда капиталдану, яғни капиталдың қорлану үдерісі жедел жүріп келе жатқандығын көрсететін болса керек. Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында халықтың нақты ақшалай табысы 10,4 пайызға өссе, нақты жалақы көлемі 7,8 пайызға көтеріле түскен.
Міне, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жағдайы осындай көрсеткіштермен негізделіп отыр. Мұның өзі үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында экономикада қалыптасып отырған оң өзгерістерді одан әрі нығайта түсуге мүмкіндіктердің бар екендігін білдіреді. Осыған орай алдағы міндеттерге тоқталған Қайрат Келімбетов екінші тоқсанда ішкі жалпы өнімнің өсім деңгейін өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға дейін жеткізуді міндеттейтіндігін білдірді. Соның ішінде тауарлар өндірісінің өсім деңгейін 5,3 пайызға, ал қызметтер көлемінің өсімін 8,2 пайызға өсірудің мүмкіндігі бар. Бұл үшін елдің инвестициялық және іскерлік белсенділігін арттыра түсу, осы үшін банктердің экономиканы кредиттеу белсенділігін қайта қалпына келтіру қажет.
Аталған мәселе бойынша кезекті баяндама жасаған еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішев үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджетке 1 триллион 076,7 миллиард теңге, Ұлттық қордан берілген трансферттерді есептемегенде 926,7 миллиард теңге түскендігін, ал республикалық бюджетке 902,2 миллиард теңге, Ұлттық қордан берілген трансферттерді есептемегенде 752,2 миллиард теңге түскендігін мәлімдеді. Соның ішінде республикалық бюджеттің кірістері 885,5 миллиард теңге, салықтық түсімдер 664,9 миллиард теңге құрап, болжамды көрсеткіш 117,8 пайызға орындалған. Жоспардан тыс 100,3 миллиард теңге түскен.
Осы мерзім аралығында мемлекеттік бюджеттің шығыстары 1 триллион 176,3 миллиард теңгені құрап, жоспар 91,8 пайызға орындалған. Соның ішінде республикалық бюджет шығыстары 1 триллион 063,4 миллиард теңгені құрап, 94,3 пайызға орындалған. 64,4 миллиард теңге игерілмеген.
Аталған мәселені қорытындылай келе, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бюджет әкімшілеріне бөлінген қаржылардың игерілмеу мәселесіне ерекше мән берді. Осыған орай бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жыл соңына қарай бюджеттің орындалуы қалай қалыптасатындығы шамамен белгілі болатындығын айтты және тиісті министрліктерге бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржыларды қайта бөлу жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Қыркүйекте біз Парламентке нақтылаған бюджетпен баруға келісім сұраймыз. Осы ретте бюджеттік тапсырмаларды кім орындамаса, одан ақшаны қайтадан кері қайтарып алатын боламыз. Ол қаржылар қажетті жұмыстарға қарай бағытталады. Алдымыздағы 2012-2015 жылдардың бюджеттік циклына дайындық барысында бюджеттік тапсырмаларды орындамаған әкімшілердің жағдайы қосымша ескерілетін болады», деді Премьер-Министр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.