Президент • 17 Сәуір, 2017

​Баяндылыққа бастайтын бағдар

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевқа

​Баяндылыққа бастайтын бағдар

Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!

Кеше ғана жарияланған Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тақырыппен жариялаған мақалаңызбен танысып, Алматы қаласының зиялы қауымының бір тобы бүгін арнайы бас қостық. Біз мұны мақала емес, бағдарламалық маңызды құжат ретінде қабылдап отырмыз. Көптен бері аңсап жүрген армандарымыз, еліміздің ішкі қажеттілігіне айналған жаңа қадамдар жан-жақты әрі серпіліс туғызып, шын мәнінде баршамызды қуанышқа бөледі.

Құжаттың басты ерекшелігі – мұнда қазақ деген халықты Мәңгілік Тәуелсіз мемлекетке айналдырудың нақты бағыттары, сол жолдағы мақсат-міндеттері атап көрсетіліпті. Бағдардың өн бойынан елді алға талпындыру, жігерлендіру, қайрау, жетілдіру ниеті айқын аңғарылады. Тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, басқа елдердің де озық үлгісін қабылдай білу – табыстың кілті екені қарапайым тілмен, қамқор ниетпен тамаша түсіндірілген. Бір сөзбен айтқанда, кейбір кертартпа әдеттерден арылып, халқымыздың сан ғасырлардан бері жинақталып, жүйеленген салт-санасын, мәнін жоймайтын аса құнды қасиеттері мен дәстүрін сақтай отырып дамуға, ұлттық модификациядан өтуге үндейді.

Тұтас алғанда, елімізді кезекті биік белеске бастап отырған Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, халыққа оян, серпіл, шыңдала түс, қайраттан деп, халқыңыздың санасын, мінезін өзгертуге, қайырлы нәрселерге ұмтылуға шақырып отырсыз. «Сенің мінезің – сенің тағдырың» дейтін даналық сөз рас болса, бұл бағдар, сөз жоқ, қазақ халқының бақытын баянды етуге ықпалын тигізері даусыз.

Бағдарда сананы жаңғыртуға байланысты бірнеше нақты міндеттер қойылған. Латын әліпбиіне көшу, заман талабынан қалмай, ағылшын тілін үйрену, күнкөріс үшін экономикалық жағдайлар қалыптастырып отырған жаңа кәсіптерді игеру, білім сапасын арттыру үшін әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып, жастарымызға ұсыну сияқты мәнді де маңызды мақсаттар алға тартылыпты. Сонымен қатар, «Туған жер», «Туған ел» бағдарламаларын құру жайлы идея, әрбір ауыл-аймақты қадірлеп-қастерлеуге шақыру, еліміздің қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығының назарына ұсынудың жаңа тәсілдерін қарастыру бастамасы бізді қанаттандырды. Отандастарымыздың, жастардың патриоттық сезімін қалыптастыратын мұндай шаралардың, сондай-ақ, бағдарда көтерілген өзекті мәселелердің баршасының іс жүзіне асуына біз, аға буын өкілдері, барынша күш салуға дайын екенімізді Өзіңізге жеткіземіз.

Алматы қаласының зиялы қауым өкілдері атынан:

Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Айтбаев, Сәбит Оразбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Есмұқан Обаев, Дандай Ысқақов, Дос Көшім, Талғат Мамашев, Кәдірбек Сегізбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Ерден Қажыбек, Смағұл Елубаев, Есенғали Раушанов, Әбдеш Төлеубаев, Өмірбек Байтұрсынов, Марат Тоқашбаев, Әшірбек Көпішев, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Асқаров жане басқалар (барлығы 71 адам).

Алматы қаласы, «Достық» үйі,

2017 жылғы 13 сәуір


Соңғы жаңалықтар