Ұлыбритания қарулы күштерінің генерал-майоры өз елі авиациясының соңғы күндері Ливия аспанындағы іс-қимылдары туралы есеп берді. Ұшақтар негізінен ел орталығындағы Мисураты ауданы төңірегіне назар аударған.
Ресей президенті Д.Медведев пен Украина президенті В.Янукович Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардабын жоюшыларға ескерткіштің алғашқы тасын қалады. Монумент шаһардағы саябаққа орнатылмақ.
Қытай БАҚ-тары елде жасалған J-15 Flying Shark палубалық жойғыш ұшағының алғашқы суретін жариялады. Оны сынақтан өткізу үстіміздегі жылдың аяғына белгіленіп отырған көрінеді.
Ресейдің Волгоград қаласында екі жарылыс жасалды. Біреуі ІІМ заң академиясының маңындағы автотұрақта, екіншісі жол полициясы ғимаратының жанында жасалған. Жараланғандар бар болғанымен, қаза тапқандар жоқ сияқты.
«Балтия» порталының (Латвия орыс қауымының порталы) бас редакторы Сергей Малаховский Эстония аумағына кіргенімен, көп кешікпей шығарып жіберілді. Ол ел аумағына кіруге тыйым салынғандар тізімінде екен.
Украинаның Сума облысындағы Бурынь селосында белгісіз біреулер темір-бетоннан құйылған В.Лениннің ескерткішін жерге құлатып, кеңес көсемінің «басын алған». Жалпы, Украинада Ленин мен Сталин ескерткіштері жиі-жиі «шабуылға» ұшырап тұрады.
Сұрау салынған мысырлықтардың 62 пайызы елде шариат нормаларына негізделген заңдар енгізілуіне қолдау білдірген. Тағы 27 пайызы ел заңдары мұсылман дінінің жалпы қағидаттарына бағдарлануы тиіс деп есептейді екен.
Түркияда армяндар мен түріктердің достығын білдіретін ескерткішті бұзу үдерісі басталды. Армения шекарасынан 40 шақырым жердегі Карс қаласында орнатылған монументті толықтай бұзу 10 күнге созылмақ көрінеді.
Пәкстанда соңғы екі күнде жолаушылар автобусына үш мәрте шабуыл жасалды. Алғашқы шабуыл кезінде 15 адам көз жұмса, араларында көптеген әйелдер мен балалар бар екен. Соңғы екі шабуылдан үш адам опат болса, 30-дан астамы жараланған.
Ауғанстанның Қандағар қаласындағы түрмеден қашқан 500-ге жуық тұтқынның шамамен 65-і ұсталған. Қашқындардың 100 шақтысы дала командирлері көрінеді. Бұл соңғы үш жылдағы осындай екінші жаппай қашу болып табылады.
Киноактер және Калифорния штатының бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггердің АҚШ президенттігіне түсуім мүмкін деген шамшыл ниетін естіген Еуропарламент депутаттары оны күлкіге айналдырды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.