Бокс • 17 Сәуір, 2017

Әшкеев қарсыласының соққыларын шыбын шаққан құрлы көрмеді – KO Fantasy Boxing

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Бірінші орта салмақтағы Мадияр Әшкеев америкалық Шон Кэмеронмен жұдырықтасып, жеңіске жетті.

Әшкеев қарсыласының соққыларын шыбын шаққан құрлы көрмеді – KO Fantasy Boxing

Қос боксшының айқасы АҚШ-тың Коннектикут штатындағы Анкасвилл қаласында өтті. Олар кубалық Саливан Баррер (18-1, 13 КО) мен америкалық Пол Паркер (8-1, 4 КО) арасындағы кездесудің андеркартында күш сынасты. 

Әшкеев-Кэмерон айқасы жетінші раундтың екінші минутында тоқтатылды. Отандасымыз гонг дауысы естілісімен қарсыласын қыспаққа алумен болды. Оңтайы келгенде қарсыласын жойқын соққыларымен қарсы алып жүрді. Алтыншы раундта Кэмеронды тексеру үшін дәрігер шақыртылды. Ал жетінші раундта Мадиярдың сериялы соққыларынан кейін төреші жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Кездесу барысында Мадиярдың қабағы жарылды. Бірақ бұл кездесуді ары қарай жалғастыруына еш кедергі болмады.

28 жастағы отандасымыз шаршы алаңдағы сегізінші жекпе-жегінде жеңіске жетіп отыр. Оның төртеуінде қарсыласын нокаутқа түсірді. Ал 34 жастағы Кэмерон карьерасында үшінші рет жеңілді. Еншісінде 10 жеңіс (бес нокаут) бар. Мадияр Әшкеевпен жұдырықтасып, кездесуін алғаш рет мерзімінен бұрын аяқтады.

Мадияр Әшкеев кезекті жеңісінен кейін өз дивизионындағы BoxRec рейтингінде бірден 56 орынға көтеріліп, 106-орынға тұрақтады.

«Бірінші раундта бастары соғылып, Әшкеевтің қабағы жарылды. Бірақ қазақстандық боксшы оны шыбын шаққан құрлы көрмеді. Қалған раундтарда жойқын соққылары көбеймесе, толастаған жоқ. Кэмерон білікті, солақай боксшы. Әрине, қарсыласының қарқынына тайсалып қалған жоқ. Бірақ шамасы жетпеді. Ал Әшкеев сол жақ хукпен америкалықтың екі бүйіріне, басына соққыларын дәл тигізді. Алтыншы раундта Кэмеронның дәрігерге көрінуіне тура келді. Дәрігердің рұқсатынан кейін жекпе-жек ары қарай жалғасты. Бірақ ұзаққа созыла қоймады. Мадияр қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуалап жүріп, соққылаумен болды. Нәтижесінде, рефери жекпе-жекті жетінші раундтың 1:06 минутында тоқтатты», – деп жазды KO Fantasy Boxing басылымының туиттер желісінде.

Мадияр Әшкеев жекпе-жек жайлы vesti.kz басылымына пікір білдірді.

«Айқас жоспар бойынша өтпеді. Алғашқы раундта-ақ қарсыласым басымен ұрып жіберді. Салдарынан аздап жарақат алып қалдым. Осыдан кейін төрешілер кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатпас үшін қарқынымды арттырдым.

Үзілісте катман қабағымнан аққан қанды тоқтатты. Бапкерім Кэмеронның аяғы сыр бере бастағанын байқап, жылдам қозғалуым керектігін айтты. Сондай-ақ, Мейірім Нұрсұлтановтың да рингте не істеу керектігін айтқанын естідім. Қанша дегенмен, шет жақтан бәрі көрініп тұрады ғой», – деді Мадияр Әшкеев.

Айта кетейік, осы күнгі бокс кешінде тағы бір қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов шаршы алаңға шықты. Ол мексикалық Хавьер Ольверамен күш сынасып, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Рефери екінші раундта Мейірімнің жойқын соққыларынан кейін кездесуді тоқтатуына тура келді. Жерлесіміз кәсіпқой бокста екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетіп отыр. Алғаш рет ол 2016 жылдың қараша айында америкалық Генри Бекфордпен алты раундтық кездесу өткізіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен болатын.

BoxRec рейтингінде ол 13 орынға көтеріліп, 436-орынға тоқтады.  

Соңғы жаңалықтар