«ТЕЛЕРАДИОХАБАР ТАРАТУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кеше Астанада ЕҚЫҰ және Байланыс және ақпарат министрлігі өкілдерінің қатысуымен «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес, сондай-ақ коммерциялық ұйымдардан, дипломатиялық өкілдіктерден тиісті мамандар қатысты.
Шараны Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев қысқаша сөз сөйлеп ашқан соң, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевски Қазақстандағы телерадиохабар тарату жүйесінің қазіргі ахуалына тоқтала келіп, заң жобасының негізінен халықаралық талаптарға сай келетінін, әйтсе де, бүкіл халықтың талқылауындағы жобаның әлі де кейбір тұстарын толықтырып, пысықтай түсу керектігін тілге тиек еткен. Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасының мақсаттары мен міндеттері төңірегіндегі көпшілікті толғантқан мәселелерді егжей-тегжейлі әңгімелеп, дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Телерадиохабарларын таратуға арнап жеке өз алдына заң қабылдаудағы негізгі көзделген мақсат – отандық өнімнің сапасын барынша арттырып, халыққа жоғары деңгейлі қызмет көрсету болып табылады» деді баяндамашы. Заң жобасының ЕҚЫҰ-ның ұстанымдары мен БАҚ бостандығы бойынша халықаралық талаптарға сай келуі тұрғысында ой өрбіткен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы ақпараттық құқық мәселелері институтының директоры Андрей Рихтер Қазақстанда бұл саланың қарқынды дамып келе жатқанын алға тартса, Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина 2015 жылы республика тұрғындарының 95 пайызға жуығы сандық телеарнамен қамтамасыз етілетінін айта келіп, мұның өзі көрерменнің, тұтынушының таңдауына мүмкіндік туғызатын жетістік деп атап көрсетті. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева мәскеулік қонақтың алдына діни наным-сенімдерге байланысты ақпарат тарататын арналардың жұмысына байланысты халықаралық ұйымдардың талаптарында қандай да бір айрықша ұстанымдар қарастырылған ба деген негіздегі сұрағын тосса, Қарағандыдан келген «ТV – АРТ» телеарнасының бас директоры Руслан Никонович заң қабылданғаннан кейін аймақтардағы телеарналардың жағдайында қандай өзгерістер орын алуы мүмкін деген ойды көлденең тартты. Журналистер одағы, телерадиохабар тарату ұлттық ассоциациясы, мұнан басқа тағы да үкіметтік емес, коммерциялық ұйымдардың мүшелері заң жобасының кейбір баптарына байланысты туындаған ойларымен бөлісті.
Заң жобасының 23-бабына сәйкес келер жылдың екінші жартысынан бастап еліміздегі отандық бағдарламалардың кем дегенде жартысына жуығын төл туындылар мен өз орындаушыларымыздың ән-күйлері құрауға тиіс екені мәлім. Ал алдағы қаңтардан бастап қазақ тіліндегі бағдарламалар барлық телерадио хабарлардың 25 пайызын, одан кейінгі жылы 35 пайызын, 2015 жылы тең жартысын құрауы тиіс екен. Кабельдік, спутниктік телеарналар арқылы тарайтын шетелдік өнімдерді қазақ тіліне аударып, халыққа мемлекеттік тілде қызмет жасаудың тың мүмкіндіктері ашылады деген сенім көкейдегі көп үмітті үрлейді. Арналар көркем дүниелер мен деректі фильмдердің қазақшасын кейде тек жүгіртпе жолдармен алдарқатып қояды, ал мұндай өнімдер келешекте арнайы мамандардың дыбыстық негіздегі дубляжімен беріліп отырса, қазақ тілді тұтынушыға қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жоғарылар еді. Телеарналардағы тіл мәселесіне қатысты елу де елу ұстанымы әлі де сол өткір қалпында, қажырлы іс-қимылды қажет етіп отыр. Қазақ тілінің үлесін түн жарымындағы сапасыз концерттік бағдарламалармен толтыру фактілері әлі күнге дейін орын алып келеді. Талғамға талас жоқ, әрине. Әр көрерменнің өз еркі, қай арнаны қосса да. Алайда, теледидарды рухани терезе десек, ол терезені әркімнің шалдыр-шатпағымен кірлетпей ұстамақ керек қой. Бүгінде кабельді теледидар арқылы жұрт сексенге жуық арнаны тамашалайды. Дені – Ресейдікі. Мәселе онда емес, гәп соларды қазақшалауда. Жалпы кабельдік жүйе арқылы ақпарат тарататын шетелдік арналардың Қазақстан кеңістігіндегі хабар тарату құқығын заңды түрде реттеу мәселесі бұған дейін де біраз басқосудың басты тақырыбы болған. Мәселен, елордадағы онлайн-конференцияда олардың арнайы тіркеуден өту тиістігі көтерілген. Дөңгелек үстел барысында осы ой тағы қозғалды. Өйткені, оларды мемлекеттің қадағалауынсыз қалдыруға болмайды. Мәселен, кей арналардың алкогольді сусындар мен темекі өнімдерін жарнамалауы Қазақстан аумағына емін-еркін таралып жатады. Ресейде мұндай тауарларды телеарна арқылы жарнамалауға заңды жолмен шектеу қойылмаған. Содан келіп біздегі заң мен шетелдік телеарналар арасында қарама-қайшылықтар туындайды. Бұл – Қазақстан заңын өзге біреудің аяғымен таптауына жол беріп қою деген сөз. Шетелдік телеарналар тіркеуге алынып, сырттан тасымалданатын өнімге «кеденкөз» орнатылса, мұндай өрескелдіктердің жолы өздігінен кесіліп қалар еді.
Телеарнаны әлемді жаулаған құдіретті құрал десек, ол туралы елімізде қабылданғалы жатқан заңның рөлі өте жоғары екеніне күмән жоқ. Ол арқылы ақпараттық қауіпсіздікті, оның ішінде ұлттық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру мәселесінде жоспарланған көп мәселе тұрғаны анық. Заң жобасындағы әрбір бап проблемалардың жан-жақты зерделеніп жасалғанын аңғартса, ал Қазақстанның бүгінгі таңдағы ұлттық ақпараттық кеңістігі өзге елдердің жағдайымен салыстырғанда, әлі көп тер төгуді қажет етеді, әсіресе, шалғайдағы ауылдарға отандық өнімнің толық жетпей жатқаны қыруар міндеттер жүктейді. Сайып келгенде, әрбір үйдің төріндегі «көгілдір жәшік» арқылы рухани сана мен адами келбет қалыптасып жатыр. Мұны қалай пайдалану үшін де берік ұстаным керек. Сол шешімге дер кезінде келіп жатқан сияқтымыз. Заң жобасының кезекті талқылануы осындай байлам жасатады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.