27 Сәуір, 2011

Өлім жазасын жоюдың жолдары сараланды

335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әлемнің ең озық өркениетті ел­дері­нің қатарына қадам басқан Қа­зақ­станның алдында қат-қабат мәселе­лерді әлемдік стандарттарға сәйкес­тен­діру міндеттері тұр. Соның бірі адам құқын қорғау саласындағы ұлт­тық заңды­лықтарымызды одан әрі да­мыту бо­лып табылады. Бұл орайда біз­дің еліміз өлім жазасын жою сая­сатын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Мұндай маңызы зор істі жүзеге асы­ру саясаты Елбасының «Қазақ­стан Республика­сында өлім жазасына мо­раторий енгізу туралы» Жарлы­ғы­на сәйкес бастау алып, бұл бағытта елі­мізде бұрын-соңды болмаған көп­теген ізгілікті іздер тұңғыш рет са­лын­ды. Міне, осы­ған орай кеше елордада бұл мәселені одан әрі пы­сық­таған «Орталық Азияда өлім жазасын түбегейлі жою» жобасы шеңберінде аймақтық конференция болды. Оның жұмысына Қазақстан, Қыр­ғызстан және Тәжікстан республика­лары президенттері әкімшіліктерінің, конституциялық бақылау органдары­ның, әділет министрліктерінің, прокуратура және сот жүйесі органдары­ның, үкіметтік емес ұйымдарының, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен елшілік өкілдері қатысты. Ал жалпы аталған конференция Еуро­палық Одақтың қаржыландыруымен «Халықаралық түрме реформасы» Орталық Азиядағы өкілдігінің «Өлім жазасын біртіндеп жою және оның адам құқықтары халықаралық стан­дарт­тарына сәйкес баламасы» жоба­сы аясында ұйымдастырылды.   Бас ұйымдастырушы PRI-дің Орталық Азиядағы өкілдігі. Сондай-ақ, конференция жұмысына еліміз Сыртқы істер министрлігі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық бөлімі, Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстан­да­ғы елшілігі және Нидерланды Ко­роль­дігінің Қазақстандағы елшілігі атсалысты. Аталған конференцияда, негізінен, өлім жазасын жою және оның баламасы ретінде өмір бойы бас бос­тандығынан айыру жазасының қол­да­нылуынан туындап отырған мәсе­ле­лер талқыға салынды. Бұл орайда сөз алғандар өлім жазасының жойы­луы Орталық Азияның бірқатар елдерінде елеулі мәселелер тудырғанын атап өтті. Әрине, өлім жазасының ор­нына оның баламасы ретінде адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, қазір Қазақстанда 84 адам, Қырғызстанда 242 және Тәжікстанда 100-ге жуық адам өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген екен. Ал енді осы санаттағы адамдарды қамтамасыз ету мәселесі көптеген қарама-қайшылықтар туғы­зуда.  Демек, мұндай мәселелердің шешімін тез арада табудың жолда­рын қарастыру керек. Бұл орайда өзге елдердің тәжірибесі ортақ істі дамыта түсетіні сөзсіз. Міне, конференцияға қатысушы­лар осы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған адамдардың жағдайын, оларды қамаудан босату мүмкіндігінің болмайтындығынан туындайтын қарама-қайшылықтарды және Қазақстан мен Қырғызстанда өлім жазасын түбегейлі жоюға қа­тысты өзге де мәселелерді кеңінен талқылады. Александр ТАСБОЛАТОВ.