– Елші мырза, әңгімемізді екі ел арасындағы қарым-қатынас қазіргі кезде қандай деңгейде екенінен бастасақ.
– Ең алдымен, екі елді тек географиялық емес, тамыры тереңнен нәр алған тарихи сабақтастық, генетикалық жағынан түбі бір туыстық байланыстырып тұрғанына басымдық бергім келеді. Біздің елдеріміздің тәуелсіздік тарихын уақыт өлшемімен салыстырғанда бір мезет қана. Бірақ тәуелсіздік екі ел арасындағы байланыстарды айтарлықтай алға жылжытты. Елдеріміз арасындағы экономика, ғылым, адами өлшем салаларындағы мемлекетаралық байланыстар ретке келтірілді. Қазақстан мен Түрікменстанды ортақ шекаралары, саяси-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің болашақ мүмкіндіктері де жақындастырады.
Жалпы, саяси тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан мен Түрікменстанның ұстанған бағыттары бір-біріне сәйкес келеді: Түрікменстан да алғашқылардың бірі болып ЭКСПО-2017-ге қатысатынын мәлімдеді, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы Тұрақты емес мүшелігіне түскенде қолдау білдірді.
Біздің ел де өз кезегінде БҰҰ-ның бірқатар құрылымдарында Түрікменстанның үміткерлігіне қолдау білдірді, 12 желтоқсанды Халықаралық бейтарап күн деп атау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес біріккен мәлімдеме жасады. Түрікменстанның бейтараптық мәртебесі дәл осы күн, 1995 жылдың 12 желтоқсанынан басталады. Аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды факторына айналған Түрікменстанның тұрақты бейтараптық мәртебесі халықаралық қоғамдастық тарапынан өте жоғары бағаланды. Қазақстанда бауырлас Түрікмен елімен өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Аймақтық және жаһандық мәселелерде де Қазақстан мен Түрікменстанның ұстанымдары ұқсас.
– Елдеріміз арасындағы тауар айналымы өткен жылдармен салыстырғанда төмендеп кетті деген пікір бар. Сіз не дейсіз?
– Әлемдік экономикадағы дағдарыс алыс-беріске айтарлықтай кері әсер етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «бұл дауылдан» әлемде бірде-бір ел тысқары қала алмады. Егер, мамандар айтқандай, 2014 жылы біздердің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 0,5 млрд долларлық межеге жақындап қалса, 2015 жылы ол 62 пайызға төмендеп, 178 млн АҚШ доллары ғана болды. Ал өткен жылдан бастап 283,5 млн АҚШ долларына дейін өсті.
Парсы шығанағына қарай темір жол төселуіне байланысты елдеріміз арасындағы тауар айналымы біршама артты. Қазақстан Түрікменстан және Иран мемлекеттерімен бірлесіп, Өзен – Берекет – Горган темір жол желілерін салу бағытында трансұлттық инфрақұрылым жобасын табысты жүзеге асыр-
ғанын айтар едік. Бұл жоба үш елдің көлік ағынына ғана емес, Азия – Еуропа бағытындағы тасымал географиясына да оң ықпал етіп отыр. Әсіресе, Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жол желісінің қолданысқа берілуімен Ресей, Қытай және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінен жүк ағынын Парсы шығанағы елдеріне тасымалдау әлеуеті арта түсті. Ынтымақтастыққа қажетті резервтер көп, оларды халық игілігіне пайдалануымыз керек.
– 18 сәуірде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің біздің елге ресми сапары басталды. Бұл сапар біздің еларалық байланыстарымызға қандай жаңалықтар алып келеді, сапардан не күтеміз?
– Рас, сіз бен біз Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің Астанаға мемлекеттік сапары қарсаңында әңгімелесіп отырмыз. Түрікменстан басшысы осы жылдың ақпан айында өткен кезекті президенттік сайлауда жеңіске жетті. Биылғы қазан айында екі елдің жас тәуелсіз мемлекеттер ретінде дипломатиялық байланыс орнатқанына 25 жыл толады.
Бұл сапардан көп нәрсе күтіледі. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан мен Түрікменстан арасында Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісімге де осы сапар кезінде қол қойылады деп күтіліп отыр. Бұл келісім бойынша біз шекараларымызды заңдық тұрғыда ресімдейміз. Президенттердің келіссөздері барысында екі ел үшін де маңызды саналатын сауда-экономикалық қатынас, инвестициялық серіктестік, аймақтық қауіпсіздік, діни экстремизм мен терроризмге қарсы бірлесіп күресу секілді мәселелер талқыланады.
– Елдеріміздің алдағы уақытта қай бағыттарға ерекше басымдық бергені жөн?
– Екі ел де табиғи байлықтардың мол қорына ие болғанымен, теңізге тікелей шығуға мүмкіндіктері жоқ. Біз мұндай жағдайда мүмкіндіктерімізді ортақ мүддеге үйлестіруге ұмтыламыз. Сонда ғана қазақ-түрікмен тауарларын, қазба байлықтарын халықаралық нарыққа шығарудың мүмкіндіктері ашылады. Жылу-энергетика саласы – біздің стратегиялық тұрғыда басымдық беретін бағыттарымыз. Оны алға жылжытуға екі елдің транзиттік-көліктік мүмкіндіктері жетеді.
Ресми Ашғабад қазір Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан (ТАПҮ) газ құбырын тарту мәселесін қарастырып жатыр. Құны 10 миллиард АҚШ доллары болатын құбыр құрылысы аймақтағы энергия шикізаты тапшылығын азайтып, Оңтүстік Азиядағы шиеленісті бәсеңдетеді деген болжам бар. Сол себепті, Қазақстан жағы Түрікменстанның мұнай-газ секторы экономикасына қажет рельстерді, құбыр және басқа да өнім түрлерін жеткізу үшін халықаралық тендерге қатысуға мүмкіндік алады.
Қазақ-түрікмен қарым-қатынасындағы тағы бір стратегиялық басым бағыт – транзиттік-көлік саласы. Екі елдің ортақ шекарасы мен географиялық мүмкіндіктері бұл саланы Қазақстан мен Түрікменстанның мүддесіне жұмыс істетуге мүмкіндік береді. Парсы шығанағы мен Иранды Орталық Азия елдерімен байланыстыратын 677 километрлік халықаралық дәліз Иран, Түрікменстан және Қазақстан арасындағы сауда-саттыққа оң әсер етіп қана қоймай, түрікмен жағының темір жол, көлік жолдары құрылысы жобаларына қатысуға жағдай туғызады.
Сондай-ақ, Ашғабад Каспий теңізі бойынша біраз жобаларды қолға алды. Қазір Түрікменбашы қаласындағы теңіз порты мен сауда флотын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтау мен Түрікменбашы арасында теңіз жүктері мен жолаушылар қатынасы жағынан да үлкен перспективалар ашылғалы отыр. Мұндай қатынастардың орнатылуы елдеріміз арасындағы сауда- экономикалық байланыстарды тиімді дамытуға қызмет етері сөзсіз.
Біздің туыстас халықтар арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру және тереңдету мақсатында Қазақстан мен Түрікменстанның шекаралық аумақтарының арасындағы байланыстарды тереңдету мен жандандырудың да перспективалы мәселе екенін айтып өткеніміз жөн. Мұндай қатынастар орнату екі елдің шекаралас аймақтарындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыра түсуге негіз қалайтын болады.
– Екі ел кәсіпкерлері арасында сәтті жұмыс істеп жатқан бірлескен жобалар туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Түрікмен нарығы – қазақ кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік. Түрікмен нарығындағы қазақ іскерлерінің үлесі 100-ден астам тауар түрі бойынша 2 млрд АҚШ долларына жетіп қалды. Бұл Қазақстанның ұны, нан өнімдері, кондитерлік өнімдер, жоғары класты автокөлік, мұнай-газ секторы үшін техникалық құрал-жабдықтар, IT-технология, т.б. Қазақстан – Түрікменстанның ежелден сенімді экономикалық серіктесі. Алайда, өзара ықпалдастық әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға жақсылап талдау жүргізу керек деп есептеймін. Қазақстан мен Түрікменстан тауар айналымын едәуір ұлғайтуға, өзара жеткізілімдерді әртараптандыруға қабілетті.
– Екі елдің аймақаралық байланыстарының мүмкіндіктері туралы ойыңызды білгіміз келеді.
– Аймақаралық байланыстар тараптардың пайдаланып үлгермеген әлеуеті. Мен осы тұста Маңғыстау облысы мен Түрікменстанның Балкан велаяты арасында сауда және инновациялық бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін айтқым келеді. Президент Гурбангулы Бердымұхамедов осы жылдың наурыз айындағы жолдауында Түрікменстанда еркін эконо-
микалық аймақ құру мәселесін күн тәрті-
біне қойды. Демек, бұл да біздің кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист
АЛМАТЫ