Осы міндетті жүзеге асыруға бүкіл еліміз бет бұрып отыр деуге толық негіз бар. Оның саяси, әлеуметтік-экономикалық бастауы, негізі және басты кепілі – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары.
Кімге құқық пен билік көп берілсе, оның тарих пен ұрпақтар алдындағы жауапкершілігінің де еселеп артатыны белгілі. Осынау экономикалық, технологиялық және әлеуметтік мүмкіндіктері мол һәм өзгермелі, күрделі де тайталасты жаңа әлемде бүкіл билік институттарының аса абыройлы міндеті – ұлт мүддесі үшін күрескен Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, Қазақ елін «олжалы жерде үлестен, ордалы жерде орыннан, жоралы жерде жолдан» қалдырмау.
Әлемдік, әсіресе, америкалық (соның ішінде, Гарвард университетінің оқымыстылары) жаһантанушы ғалымдар қазіргі заманғы ұлттық мемлекеттер рөлінің, тіпті мемлекет егемендігінің өзінің маңызды еместігін олардың өз функцияларының бір бөлігін халықаралық әлеуетті ұйымдар мен алпауыт транс-ұлттық компанияларға беруі туралы сырттай түсінікті, халықаралық ахуалға негіздеп, дәлелді ғылыми қисындар, парадигмалар құрса да ол біздің ұлттық мүддемізге сай келмейтінін ашық айту парыз. Біздің жол, қазақ ұлтының терең, қасиетті де айнымас, ұзақ мерзімдік мүддесі – мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту, егемендікті тұрақты түрде бекемдеу. Бізде басқа жол, басқа таңдау жоқ!
Мемлекеттілікті нығайтуға аса қажетті реформаларды жүзеге асырудың басты, бүкіл әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, сыннан өткен құралы – әлеуетті мемлекет. Ал ол қандай мемлекет? Әлеуетті мемлекетте ең алдымен, басқарудың тегеурінді, берік, сындарлы, ықшам жүйесі болуы тиіс. Бұл деген сөз – мемлекеттің қолында жеткілікті материалдық-қаржылық, әкімшілік, ұйымдық, адами, ақпараттық, коммуникативтік, техникалық-технологиялық, тағы басқа да ресурстар болуы – қажетті шарт.
Дәл осы ресурстар мемлекеттің сындарлы, жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген саяси бағытты тұжырымдап, оны үнемі табанды да тұрақты жүзеге асыруына, тиімді басқаруға, аса күрделі қоғамдық қатнастарды бүкіл ауқымымен, күрделі проблемаларымен ұлттың мүддесі үшін реттеп, тиісті әкімшілік шешімдер қабылдауға, заңнамалық реттеуге мүмкіндік береді. Әлеуетті мемлекеттің өз функцияларын толыққанды жүзеге асыруы үшін материалдық-қаржылық ресурстардың маңызы айрықша. Қай кезеңде де, әсіресе, қазіргі нарықтық қатынастарға және оның идеологиясына сәйкес мемлекет саяси билікпен қоса, өз қолында экономикалық билікті шоғырландыруы керек. Онсыз саяси билікті қолда ұстап тұру қиынға соғады. «Егер мемлекет жеке кәсіпорындардан жоғары, үстем тұрмаса, – деп жазды ағылшындық көрнекті философ, математик және қоғам қайраткері Б.Рассел, – онда ол олардың қолындағы марионетка (қуыршақ) болып, олар (кәсіпорындар) нақты мемлекетке айналады».
Сондықтан, мемлекет ірі меншік иесі, өндірістік құрал-жабдықтардың үлкен бөлігінің қожасы болуы керек. Әрине, әлеуетті мемлекет түсінігі мұнымен шектелмейді. Оған билік ресурстарынан басқа даму ресурстары, рухани мүмкіндіктер мейлінше қажет. Ол елдің бүкіл халқын, оның барлық әлеуметтік таптарын, жіктерін, топтарын, қажет болса, жекелеген азаматтарды қоғамдық маңызды проблемаларды шешуге белсенді де саналы қатысуға ұйымдастыра білуі тиіс. Билік халықтың қолдауы мен пікіріне, нақты жасампаздық іс-әрекетіне сүйенгені жөн. Халықтың басым көпшілігі мемлекеттік билеуші элитаның шешімдерін қолдап, оларды қабылдап, жүзеге асырып отырған саясаттың заңдылығына (легитимділігіне), әділдігі мен дұрыстығына, иланған, көзі жеткен болуы керек. Ол үшін билік көпшіліктің санасына, ақылына ықпал етудің әртүрлі тетіктерін шебер меңгеруі де күн тәртібінде тұр.
Әлеуетті мемлекеттің күші – оның тәуелсіздігінен, шешімдерді дербес қабылдап, оларды өзінің ұлттық мүддесі тұрғысынан жүзеге асыруынан көрінеді. Әлеуетті мемлекет, ең алдымен, қоғамдық тұрақтылық пен мемлекет егемендігін қамтамасыз етіп, қоғам дамуының іргелі құндылықтарын нығайтады, әлемнің басқа елдерімен ұлттық және халықаралық қауіпсіздік үшін әріптестікке бара отырып, өзінің ұстанымдарын күн тәртібіне шығара алады. Бұл айтылғандардың барлығы Қазақстанның бүгінгі сыртқы және ішкі саясатындағы іс-қимылдарынан анық көрінеді.
Нәубат ҚАЛИЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, саяси ғылымдар докторы