Жақын арада Қытайдың Гуянг қаласында былтырдан бері Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АІВА) бастамасымен өткізіліп келе жатқан Дүниежүзілік бокс сериясының (WSВ) бәсекелері аяқталады.
Осы бәсекеге баға беретін болсақ, клубтық командалар арасында қараша айынан бері жалғасқан жарыс жаман өтті деп айта алмаймыз. Жарыс ережесі бойынша, Азия, Америка және Еуропа құрлықтарында құрылған командалар өзара кездескен соң, үздіктері жартылай финалға шығып, 6-7 мамыр күндері Қытайда өтетін финалдық сынға жолдама алды. Осы жолдаманы алған команданың бірі – біздің «Астана арландары» болса, екіншісі – Францияның «Париж юнайтед» клубы.
Біздің боксшыларға жолдама алу оңай болмады. Жартылай финалдық бәсекеде «Лос-Анджелес матадорс» командасымен кездескен «арландар» финалға шығу үшін барын салып, бүкіл күш-қайратын жұмсады десе болады. Осы кездесудің алдында да «арландарға» топтық жекпе-жекте «Баку алауларына» қарсы қолғап түйістіру оңай болмағанын айту керек. Енді, міне, бәрі артта қалды. Ең бастысы – білікті маман Болат Манкеновтің жетекшілігімен «Астана арландары» финалда. Финалда жеңімпаз атанған команда AIBA тарапынан қомақты қаржыға ие болса, бәсеке басталған кезден бері әр командада ең үздік нәтиже көрсетіп, WSВ рейтингінде жоғары бағаға ие болған боксшы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына берілетін жолдама үшін бақ сынасатын болады. Бұл жолдамаға біздің боксшылар арасынан Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров таласатын болды. Олардың жекпе-жектерін 27-28 мамыр күндері боксшылар арасында өтетін жекелеген чемпионатта тамашалайтын боламыз. Ал әзірше оқырмандар назарына «Астана арландары» құрама командасының бас бапкері Бейбіт Есжановпен болған әңгімені ұсынуды жөн көріп отырмыз. Команда бапкерімен «Астана арландарының» Лос-Анджелестен келген күнінің ертеңінде, Алматыға оқу-жаттығу жиындарын өткізуге барар алдында кездескен едік.
– 18 сәуір күні таңертең Лос-Анджелесте кеш батқан кезде www.worldseriesboxing.com cайтынан «Астана арландары» мен «Лос-Анджелес матадорс» командасының арасындағы кездесудің есебін бақылап отырған едік. Бірақ жекпе-жектің бейнематериалы болмаған соң, көре алмадық. Ержан мен Бақыт жеңілгенде өзімізге-өзіміз сенбедік. Сіз сол жерге жігіттерді бастап бардыңыз ғой. Кездесу қалай өтті деп ойлайсыз?
– Жекпе-жектер оңай болған жоқ. Ең жеңіл салмақтағы Қанат Әбутәліпов өз тәсілімен, тәжірибесімен ұтты. Қарсыласы аргентиналық Фернандо Мартинестің Қанатқа күші жетпеді. Ержан Мүсәпіров бүгінгі күнге дейін жақсы бокстасып келді. Бірақ АҚШ-та шаршаңқырады ма, мүмкін финалға шыққаннан кейін психологиялық жағынан өзін дайындай алмады ма, осы жолғы жекпе-жекте Эрик Могель Флорестен ұтылды. Ал Бақыт Сәрсекбаев жеңілген жоқ. Төрешілердің неге оған жеңіліс бергенін түсінбей қалдық. Әрине, бір жағынан Бақытты да түсінуге болады. Биыл ол 30-ға келеді. Ол енді кешегі 20 жастағы шауып жүретін жігіт емес. Оның жеңілгеніне жасы әсер етті ме деп ойлаймын. Марат Молдагереев туралы айтсам, ол бізге кейін келген жігіт. Оның бокспен айналысқанына 5-6 жыл болды. Халықаралық аренада тәжірибесі жоқ. Соған қарамастан, ол жеңіске жетті. Ал Бернат Иштван америкалық боксшымен мұның алдында кездескен болатын. Сол кезде Бакуде өткен айқаста ол Хавьер Торресті ұтқан еді. Олар бір-бірін жақсы біледі. Иштванның бокспен айналысқанына 3 жыл болды. Сондықтан мен ол рингке көтерілгенде аздап алаңдағаным рас.
– Осы жарыс қараша айынан басталды ғой. Қазір жарты жыл өткенде құрамаға қандай баға берер едіңіз? Қай боксшы көңіліңізден шықты, қайсысына көңіліңіз толмады дегендей.
– «Астана арландары» жобасы ашылғанда біраз боксшы шақырылды. Рас, алғашқы кезде көбі бұл жобаны түсінбей қалды. Біз де түсінбей, ұлттық құрама командамен қарым-қатынасымыз қалай болады екен деп ойлап жүрдік. Сондықтан көп әріптестеріміз жігіттерін командаға бергісі келмеді.
– Командаға алғашқы кезде біраз жігіттер алынған еді. Кейін олар неге көрінбей кетті?
– Бағдат Әлімбеков, Нұрлан Сейтімбет, Азамат Смағұлов, Берік Абдрахманов, Мирас Байырханов сияқты жігіттер бұл жобаға дайын емес екендерін көрсетті. Енді жаңа маусымда біз команданы күшейтетін боламыз. Бізде қазір ауыр салмақта проблема бар. Милютин Станкович жобаға дайын емес. Жас жігіт, 20-да ғана. Бұл – ауыр салмақ үшін өте аз жас. Бернат Иштван да жас жігіт. 1989 жылғы. Ганадан келген Ампонсах Максуэлл де дайын емес. Оның тәжірибесі өте аз.
– Оларды қалай таңдап алдыңыздар?
– Шілде айында Лондонда жеребе болған. Сонда бұл жобада легионер болуы керек делінген. Таңдап алмасаң, WSВ басшылары күштеп беретін еді. Сөйтіп, бізге WSВ мамандары шетел боксшылары туралы мәлімет беріп, олардың қатысуымен өткен жекпе-жектерді көрсетті. Біз осы кассеталарды көріп, өзімізге лайық жігіттерді алу үшін Лондонға барған едік. Бірақ легионерлерді таңдауға келгенде біздің команданың нөмірі 9 болды да алдымыздағы 8 команда біз қарап жүрген боксшыларды алып кетті.
– Алдарыңызды ораған кімдер сонда?
– АҚШ, Италия, Үндістан командалары. Үнділер көп легионерлерді алды. Қазір оның не себептен құрылмай қалғанын білмеймін. Содан кейін оның легионерлерін Корея командасы алып кетті. Сондықтан амал жоқ, бізге Иштван, Станкович пен Максуэллді алуға тура келді.
– Өзбек легионерлері бізге қалай келді? Олар орта жолда қосылды ғой?
– Бізде ауыр салмақта проблема болған соң, легионерлерді іздей бастадық. Қазақтарды алуға болмайды. Неге десеңіз, легионерлер көп болуы керек. Сол себептен біз амалсыздан алысқа бармай, жақын шетелдің боксшыларын іздей бастадық.
– Оларға көңіліңіз тола ма?
– Рамжон Ахмедов бізге көп көмектесті. Біз Сардор Абдуллаевқа зор үміт артқан едік. Негізі, оның тәжірибесі мол. Бізге келгенде оның салмағы 130 кило болатын. Қазір 119-ға түсті. Бұл да ол үшін әлі көп. Оған тағы 8-10 кило түсіру керек деп ойлаймыз.
– Боксшылардың жарысқа дайындығын, медициналық тексеруден өтуін, күнделікті режімін айтып берсеңіз. Осының бәрі қалай жүргізіледі?
– Жігіттердің дайындығын бәріміз ақылдасып істейміз. Дәрігерлеріміз бар. Юсуп Шамузов деген дәрігеріміз Халықаралық әуесқой бокс федерациясының медицина комиссиясының мүшесі. Бақыт Сәрсекбаевтың бапкері Кәрім Махмұдов, тағы бір бапкеріміз Олег Ковальчуг бәріміз боксшыларға жауап береміз. Енді финалға аз уақыт қалды ғой. Шаршаған жігіттерді үйлеріне демалуға жібердік. Мүсәпіров, Сәрсекбаев, Сіләм отбасылы жігіттер. Балаларының маңдайынан бір иіскеп қайтсын. Осы боксшылардың бәрі 6-7 мамыр күндері Қытайда «Париж юнайтед» командасына қарсы жекпе-жек өткізеді. Ал 27-28 мамыр күндері Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров жекелеген чемпионатта Олимпиада жолдамасы үшін күш сынасады. Қанат алжирлік Әбділхафид Беншабламен, ал Ержан Қытай Жимин Вангпен кездеседі. Осы жекпе-жекте жеңгенге 20 000 АҚШ долларымен қоса, Олимпиада жолдамасы беріледі. Жеңілген боксшы 10 000 АҚШ долларын алады. Ал 6-7 мамырда финалда жеңген командаға 500 000 доллар табыс етіледі. Ұтылған ұжымға 150 000 АҚШ доллары тиеді.
– Финалда Қанат Сіләмға көп үміт артамыз. Бірақ бір байқағанымыз, ол жанкүйерлердің қолдауына сеніп бокстасатын сияқты ма, қалай?
– Ол жігіттің тәжірибесі жеткілікті. Оның тәсілі сондай болған соң, өзіне сеніп бокстасады. Қанат әр секөнтті бақылап отырады. Өзінің дайындығына сенеді. Біз де оның алдағы жекпе-жегіне сенеміз. Қанат өзі бізге кеш келді. Сол себептен рейтингте жинаған ұпайы аз болды да, Олимпиада жолдамасы үшін кездесуге өтпей қалды. Ол ерте келгенде бізге қатты көмектесетін еді. Соған қарамастан, қазір жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
– Келесі маусымға кімдерді шақырасыздар?
– Клубтағы жігіттерді айтсам, Міржан Рахымжанов, Қанат Әбутәліпов, Мерей Ақшалов, Ержан Мүсәпіров, Қанат Сіләм қалады. Бақыт Сәрсекбаевты білмеймін. Оның жасы болса келіп қалды. Әрі қарай бокстаса ма, жоқ па, бізге белгісіз. Бізде ауыр салмақта проблема көп деп жаңа айттым ғой. Станкович пен Максуэллден құтылатын шығармыз. Олардың тәжірибесі аздау, уақыт болса өтіп барады. Бізге бірде-бір жеңіс әкелмесе, оларды неге ұстауға тиіспіз?!
– Боксшылардың материалдық жағдайы қалай екен?
– Материалдық жағдайы жақсы. Жақсы айлық алады. Олардың айлығын WSВ басшылары шешкен. Ал легионерлер біздің жігіттерден көбірек алады. Олардың жалақысы Лондонда өткен жеребеде белгілі болған. Өткен жекпе-жектерде әрбір боксшы жеңіс үшін 5 000, ал жеңіліс үшін 1000 АҚШ долларын алып отырды. Жалақысы – 2 500 АҚШ доллары болды.
– Сәрсекбаевтың Олипиадаға баруы мүмкін бе?
– Осы жарыста Бақыт Олимпиада жолдамасы үшін таласа алмады. Енді ол басқа жарыстарда өзін көрсете алса, команда осы жігіт бізге әлі керек деп шешсе, Олимпиадаға баруы мүмкін.
Жарысқа Қанат екеуінің де барғаны дұрыс болар еді. Ол үшін Сәрсекбаев 69 килоға ауысса, Қанат 75-те қалса деймін. 75-те Серік Сәпиев те бар. Қазір ештеңе айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.