Президент • 14 Сәуір, 2017

Сөзден іске көшуге шақырамын

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрын Елбасы Жолдаулары мен мәлімде­мелер­інде саяси, әлеу­меттік, экономикалық мә­се­лелер басымдау айтылып, негізгі бағдарды сол бағытқа бұратын еді, ал осы жолы руханияттың әр тамырын түгендеп, арғы-бергі жағынан қозғап айтқаны көңілімізді көкке жеткізіп отыр. Өскен елде руханият алдыңғы орында тұрады.

Сөзден іске көшуге шақырамын

Президент халықпен ойласу ниетімен ортамызға ой тастап отыр. Шығар­машы­лық бағыттағы зиялы қауым өкілдері үшін Елба­сымыздың бұл мақаласының маңызы өте зор. Мәні өте күрделі. Тілімізді өркендетейік, дәстүр­мен бай­ла­нысқан дінімізді қадірлейік, қала мен да­ла­ның арасын жақындатайық – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ел тізгінін қолына ұстағалы осы әңгімені айтып келеді.

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында 40 шақты студентім бар. Мақала басылған газетті қолдарына ұстатып тұрып: «Үш күн уақыт беремін. Үш күннен кейін әрбір тармағы бойынша талдамалы ойларыңды айтып, маған сынақ тапсырасыңдар», деп тапсырма бердім. Өйткені, мақалада айтылған әрбір ой ең алдымен жастарға керек. Келешек – жастарда. Тілді де, дінді де, ділді де, өнерді де болашаққа жалғайтын жастар. Президент белгілеп берген міндеттердің ішіндегі ең күрделісі тіл болып тұр. Орыс мектебінде оқитын мыңдаған қазақ балалары бар. Латын әліпбиі қазақтарға ғана қатысты болса, онда ол балалардың келешегі қалай болмақ? Екеуін қалай үйлестіреміз? Мақалада осы сияқты өте терең оймен қарауды қажет ететін нәзік тұстар бар. Бұл саясатты іске асыруды қолға алған екенбіз, ендеше, түйінді тұстарын шешуде батылдық танытуымыз керек.

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО халық артисі, Қазақстан және

КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты