Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

Туымыз – татулық пен тұрақтылық

165 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Шығыс Қазақ­стан­­да 14 Достық үйі жұ­мыс істейді. Өңірде 115 эт­номәдени бірлестік бар. Өткен жылы Катон­қарағай ауданында Дос­тық үйі пайдалануға бері­ліп, қазақ, орыс, неміс этно­мәдени бірлес­тік­тері жұмысын бастады. Соны­мен қатар, Рид­дер қа­ласында казак, Глу­бо­кое ауданында дүн­ген этномәдени бірлес­тіктері ашылды.

Туымыз – татулық пен тұрақтылық

«Облыстағы этномәдени бірлес­тіктер Елбасы саясатын қолдап, еліміздегі татулық пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып келеді. Қоғам­дық және саяси, басқа да ауқым­ды іс-шараларға белсенді түрде атса­лысады», дейді Шығыс Қазақстан облысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хат­шы­лығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Әдетте, Достық үйлері, этномәдени бірлестіктер жайында сөз қозғалғанда, жұрттың көбі олар ән салып, би билеп, концерт қоюмен ғана шұғылданады деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Қоғамдық келісім орталықтары қоғамдағы маңызды мәселелерге дер кезінде үн қатып, өз үлестерін қосып отырады. Мәселен, былтыр облыс­тағы Достық үйлері өңірде медиа­цияның кеңінен қолданылуына қолдау білдіріп, жергілікті құқық қорғау саласының өкілдерімен бірге бірқатар шараларды жүзеге асырды.

Мәселен, 2016 жылдың ақпан айында Өскемендегі Достық үйі-қоғам­­дық келісім орталығында медиа­ция институтын дамыту мақ­сатында «Шаңырақ», «Альтер­натива» медиация орталықтарымен, Медиаторлардың ұлттық палата­сы­мен, денсаулық сақтау, білім беру басқар­маларымен, ішкі істер, әді­лет департаменттерімен және облыс­тық сотпен меморандумға қол қо­йды. Нәтижесінде, облыста 74 медиа­ция кабинеті ашылып, 16 ауданда медиа­­ция бойынша 218 кәсіби емес медиаторлар оқытылды.

Тағы бір айта кетер дүние, былтыр Шығыс Қазақстан облысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жаны­нан меценаттар клубы құрылып, «Мек­тепке жол» республикалық акция­сы аясында аз қамтылған отбасы­ларынан шыққан 258 балаға 4 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Тарих ғылымдарының кандидаты Нелли Краснобаева жетекшілік ететін Ғылыми-сарапшылық топтың атқарып жатқан жұмыстары өз алдына бір төбе.

Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубековтің айтуынша, облыс орталығында 22 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұған бірлестіктер жанындағы клубтар мен жастар лигаларын қосыңыз.

Осыдан бірер күн бұрын облыс орталығында аталып өткен Пасха мерекесінде әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Тарбиз Фараджевты жолықтырдық.

«Биыл әзербайжан халқының Қазақстанға келгеніне 80 жыл толады. Атап өтсек деген ойымыз бар. Біздің ата-бабаларымыз депортацияланған кезде Құдайдың қалауымен осынау пейіш мекенге келу бақыты бұйы­рыпты. Басқа елге барсақ, қандай күйге тап боларымызды кім білген?! Туған жерінен жырақтап, тоз-тозы шығып келген әзербайжандарды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Дархан көңіл елдің қамқорлығының арқасында буынымыз бекіп, тіршілігіміздің тіні нығайды. Өстік, өндік. Өзгесің деп ешкім бізді өзекке тепкен жоқ. Елбасының салиқалы саясатының, қазақтың қонақжайлығының арқа­сында бүгінде Қазақстандағы барлық ұлттар тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Еліміздегі барлық мерекелерді бір кісідей атап өтеміз. Наурыз мере­кесін тойлаймыз. Бүгін, міне, Пас­ха мерекесіне келдік. Мұндай мере­келер елімізді мекен еткен ұл­ттар мен ұлыстарды бір-біріне жақын­дастырады, бауырластырады. Қазақ халқының төңірегіне топтастырады. Сондықтан, елімізде тек қана бейбіт­шілік салтанат құрсын деген тілек айтамын», дейді ол.

Тарбиз Фараджев әзербай­жандар­дың өнері мен мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлінетінін, «Карабах» деп аталатын би тобы бар екенін ай­тып, жақында ансамбль ашуды жос­парлап отырғандарын жеткізді.

Алаштың рухани астанасы сана­латын Семей қаласындағы Достық үйінде 18 этномәдени бірлестік бар. Ме­кеме директоры Берік Көпбаев бір­­лес­тік мүшелерінің қаладағы қо­ғамдық, мәдени іс-шараларға белсе­не қатысатынын айтады.

«Әсіресе татар, неміс, еврей бір­лес­тіктерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Татарлар тарихи отаны Татарстанмен тығыз байланыс орнат­қан. Бұған дәлел ретінде Семейде өткен Сабантой мерекесіне Минтемір Шәймиевтің арнайы келіп қатысқанын айтуға болатын шығар. Немістер де Германия елшілігімен жақсы қарым-қатынаста. Өзге ұлт өкілдерінің өз мәде­­ниеті мен салт-дәстүрлерін ұмыт­п­ауына ерекше көңіл бөлінеді. Татар­лардың «Иртиш монлары», орыс­тардың «Истоки», «Братцы», неміс­тердің «Анхайт», корейлердің «Хот­наби» секілді ансамбльдерін семей­ліктер жақсы біледі. Достық үйі жа­нындағы кешкі жексенбілік мектеп­терде татар, неміс, орыс, еврей тілдері оқытылады», дейді ол.


Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»


Шығыс Қазақстан облысы


Соңғы жаңалықтар