«Облыстағы этномәдени бірлестіктер Елбасы саясатын қолдап, еліміздегі татулық пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып келеді. Қоғамдық және саяси, басқа да ауқымды іс-шараларға белсенді түрде атсалысады», дейді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.
Әдетте, Достық үйлері, этномәдени бірлестіктер жайында сөз қозғалғанда, жұрттың көбі олар ән салып, би билеп, концерт қоюмен ғана шұғылданады деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Қоғамдық келісім орталықтары қоғамдағы маңызды мәселелерге дер кезінде үн қатып, өз үлестерін қосып отырады. Мәселен, былтыр облыстағы Достық үйлері өңірде медиацияның кеңінен қолданылуына қолдау білдіріп, жергілікті құқық қорғау саласының өкілдерімен бірге бірқатар шараларды жүзеге асырды.
Мәселен, 2016 жылдың ақпан айында Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында медиация институтын дамыту мақсатында «Шаңырақ», «Альтернатива» медиация орталықтарымен, Медиаторлардың ұлттық палатасымен, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларымен, ішкі істер, әділет департаменттерімен және облыстық сотпен меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, облыста 74 медиация кабинеті ашылып, 16 ауданда медиация бойынша 218 кәсіби емес медиаторлар оқытылды.
Тағы бір айта кетер дүние, былтыр Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан меценаттар клубы құрылып, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған отбасыларынан шыққан 258 балаға 4 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Тарих ғылымдарының кандидаты Нелли Краснобаева жетекшілік ететін Ғылыми-сарапшылық топтың атқарып жатқан жұмыстары өз алдына бір төбе.
Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубековтің айтуынша, облыс орталығында 22 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұған бірлестіктер жанындағы клубтар мен жастар лигаларын қосыңыз.
Осыдан бірер күн бұрын облыс орталығында аталып өткен Пасха мерекесінде әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Тарбиз Фараджевты жолықтырдық.
«Биыл әзербайжан халқының Қазақстанға келгеніне 80 жыл толады. Атап өтсек деген ойымыз бар. Біздің ата-бабаларымыз депортацияланған кезде Құдайдың қалауымен осынау пейіш мекенге келу бақыты бұйырыпты. Басқа елге барсақ, қандай күйге тап боларымызды кім білген?! Туған жерінен жырақтап, тоз-тозы шығып келген әзербайжандарды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Дархан көңіл елдің қамқорлығының арқасында буынымыз бекіп, тіршілігіміздің тіні нығайды. Өстік, өндік. Өзгесің деп ешкім бізді өзекке тепкен жоқ. Елбасының салиқалы саясатының, қазақтың қонақжайлығының арқасында бүгінде Қазақстандағы барлық ұлттар тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Еліміздегі барлық мерекелерді бір кісідей атап өтеміз. Наурыз мерекесін тойлаймыз. Бүгін, міне, Пасха мерекесіне келдік. Мұндай мерекелер елімізді мекен еткен ұлттар мен ұлыстарды бір-біріне жақындастырады, бауырластырады. Қазақ халқының төңірегіне топтастырады. Сондықтан, елімізде тек қана бейбітшілік салтанат құрсын деген тілек айтамын», дейді ол.
Тарбиз Фараджев әзербайжандардың өнері мен мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлінетінін, «Карабах» деп аталатын би тобы бар екенін айтып, жақында ансамбль ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Алаштың рухани астанасы саналатын Семей қаласындағы Достық үйінде 18 этномәдени бірлестік бар. Мекеме директоры Берік Көпбаев бірлестік мүшелерінің қаладағы қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене қатысатынын айтады.
«Әсіресе татар, неміс, еврей бірлестіктерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Татарлар тарихи отаны Татарстанмен тығыз байланыс орнатқан. Бұған дәлел ретінде Семейде өткен Сабантой мерекесіне Минтемір Шәймиевтің арнайы келіп қатысқанын айтуға болатын шығар. Немістер де Германия елшілігімен жақсы қарым-қатынаста. Өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен салт-дәстүрлерін ұмытпауына ерекше көңіл бөлінеді. Татарлардың «Иртиш монлары», орыстардың «Истоки», «Братцы», немістердің «Анхайт», корейлердің «Хотнаби» секілді ансамбльдерін семейліктер жақсы біледі. Достық үйі жанындағы кешкі жексенбілік мектептерде татар, неміс, орыс, еврей тілдері оқытылады», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы