29 Сәуір, 2011

Өмір сапасы өрлеу үстінде

471 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Алматы облысы Іле ауданының бірқатар нысандарын аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Алматы облысы – мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына енген жоба­ларды ойдағыдай орындап келе жатқан аймақтың бірі. Оған дәлел 2000 жылдан бері мұнда 28,6 мың орынға арналған 68 мек­теп салынған. 10 мектеп «100 мектеп, 100 аурухана» бағдар­ла­масы аясында бой көтерсе, мектепке дейінгі 596 балалар мекемесі жұмыс істеуде. Тек соңғы жыл­дары Жетісуда балабақша мен шағын орталықтар орын саны 15 мыңға артып отыр. Оған қоса өңірде 2 аурухана, 2 перзентхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт және санитарлық сараптама орталығы салынды. Облыста шағын және орта бизнес қарқынды даму үстінде. Мемлекет басшысының қазақстандықтардың өмір сапа­сын одан әрі арттыруға, өңір­лер­дің жүйелі экономикалық да­муы­на бағытталған стратегиясының Жетісуда табысты жүзеге асуына Қ.Саудабаев Іле ауданындағы жұ­мыс барысында танысқан жаңа нысандар айғақ бола алады. Мемлекеттік хатшы алғаш ат­басын Боралдай кентіндегі осы­дан үш жыл бұрын іске қосылған үш қабатты №39 гимназиясына тіреп, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған заманауи жарақтандырылып, Еуропа елдерінің жетік оқу мекемелерімен бәсекеге түсе алатын білім ордасын аралап көрді. Гимназия директоры Гүлжан Еру­бае­ва­ның айтуынша, 94 кабинеті бар гимназияда бір ауысымда 1142 оқушы оқып, оларға 112 ұстаз дәріс береді. Мұндағы жарық та кең сынып бөлмелері, жүзу бассейні, спорт және 450 адамға лайықталған мәжіліс залдары, 240 орындық асхана барлық талапқа сай тал­ғаммен жабдықталған. Әсіресе, Мемхатшыны интерактивтік тақ­та­лар, информатика кабинеттері, 10 300 кітап қоры бар бай кітапхана, ондағы КАБИС бағдарла­ма­сы, яғни кітапханалардың ав­томаттандырылған жүйесі қы­зық­тырды. Мәселен, мұнда жаңа­дан келіп түскен кітап, қажетті газет-журналдағы мақалалардың электрондық нұсқасы түсіріліп, мәліметтер қоры жинақталады екен. Газет сарғайып, жыртылуы мүмкін, ал электронды като­лог­тағы мақаланы оқырманға қай уа­қытта болмасын тез арада тау­ып бере қояды. Сонымен қатар, мәртебелі мей­ман мектептің облыс, республика көлемінде алған спорт жүл­делерімен, аудандағы «Бо­ла­шақ жолы» үкіметтік емес ұйы­мының жұ­мысымен де танысып, гимна­зия­ның 5-сынып оқушы­ларынан жасақталған «Атамекен» тобы­ның ант беріп, «Бо­лашақ» ұйы­мына қабылдауына қатысты. Мек­тептегі «Жасыл ел» бағ­дар­ламасына орай «Жасыл әлем» ұйымының оқушыларымен бірге ағаш отырғызды. – Егемендік алған 20 жылғы еңбектің негізгі нәтижесі – ел өмірінің жақсарып, жағдайының түзелуі. Мына сіздердің мектептегі жағдай соның бір жарқын көрінісі. 20 жыл тарих жылнама­сы­мен өте қысқа уақыт болуы мүмкін, бірақ елімізде жүз жылға татырлық қыруар шаруа атқа­рыл­ды. Ұстаз мамандығы қашанда қадірлі. Бұл істе ең негізгі жауапкершілік, ұстаздар, сіздердің қол­дарыңызда. Өйткені, елдің келешегі – жастар. Ол үшін Мемлекет басшысы барлық жағдайды жасап отыр. Бір айта кетерлігі, сіз­дер­дің ақ ниеттеріңіз сайлауда кө­рінді. Жетісулықтар өз сенімдерін өткен сайлауда 97,15 пайыз дауыс беру арқылы білдірді. Бұл да Елбасының халыққа жасаған еңбегінің жемісі, – деді Қанат Бек­мырзаұлы мұғалімдермен қош­тасарда. Келесі тоқтаған нысан тұты­ну­шылардың барлық талапта­ры­на сай келетін тауарға бай «Әсем» сауда орталығы болды. Былтыр ғана пайдалануға берілген, жалпы аумағы 1000 шаршы метрді алып жатқан сауда орта­лы­ғының негізгі бағыты халық­тың күнделікті тұтынатын қажет­ті азық-түлік, тұрмыстық-шаруа­шылық, балалар және кеңселік тауарлары, дәрі-дәрмектер сату. Мұнда тауарлар өндірушілермен тікелей, делдалсыз байланыс жасау арқылы негізгі нарықтық ба­ға­дан 10-15 пайызға төмен саты­ла­ды. Мәселен, нан 35-40 теңге, қант 195 теңге. Олардың өздері­нің көкөніс өнімдерін сақтайтын базасы бар. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Байсерке кенті аума­ғын­да орналасқан аудандағы жи­ырмадан астам қызмет түрін көр­сететін, бүгінде мыңға жуық адам қызмет ететін 210 га жерді алып жатқан индустриялық-ло­гис­тикалық «Даму» орталы­ғы­ның жұмысымен, сондай-ақ осы алаңқайда қойылған Іле ауда­нында өндірілетін өнімдер көр­месімен кеңірек танысты. Олардың қатарында өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өндіріп, екі жарым мың адам­ды жұмыспен қамтып отыр­ған «БеНТ» АҚ, әлемдік стандартпен салынған «Сары-бұлақ компаниясы» құс фабрикасы, «Ремстройтехника» АҚ, әйгілі «Әсем-Ай Сарыағаш» компания­сы, Райымбек сүт өнімдерін өңдейтін зауыты, т.б. атауға бола­ды. Солардың арасында, әсіресе, қазақтың ұлттық сусынын өнді­ретін, бүгінде 200 адамды жұ­мыс­пен қамтып отырған «Дәу­лет-Бекет» шаруа қожалығының өніміне қызығушылық білдіріп, аруананың жүнін, етін, сондай-ақ шұбатты шетелге шығару мәсе­ле­сін сөз етті. Қарауында 4 мың­нан астам түйе және осынша қой бар қожалық басшысы Сыдық Дәу­летов өз өнімдерін еліміздің ірі-ірі алты қаласына шығара­ты­нын жеткізді. Кәсіпкер алдағы уақытта Новосібір, Ресейдің бас­қа да қалаларына шығаруды ой­лас­тырып, тапсырыс жасап қой­ғанын, жылына он тоннадай түйе жүнін қырқып, оны да қажетке жаратып көрпе жасап жатқанын, жақын арада түйенің шудасын целлофан қалтаға салып, дәрі­ха­наларға өткізетінін алға тартты. Ал етін 600 теңгеден консерві зауытына өткізуде екен. Биыл, амандық болса, өңдейтін цех аш­ып, бұқтырылған түйе етін өздері шығармақ ойлары бар көрінеді. Сондай-ақ Қ.Саудабаев ло­гис­тикалық аймақтың тыныс-тір­ші­лігімен таныса келіп, қанша адам, қандай тәсілмен, қандай ин­фрақұрылымдық жұмыстар ат­қарып, қандай коммуникациялар жасалғанын, қандай өндірістер ашылғанын көріп, болашақ жобалар жайында ой бөлісті. Ал «Даму» индустриялық-логистикалық орталығы ЖШС-ның президенті Сәкен Тойлыбаев «қолымыздан іс келеді, оның дәлелі міне» деп кәсіпорынның жұмысын көрсе­тіп, Мемлекеттік хатшыға еліміздің транзиттік, логистикалық әлеуе­тіміз жайында, Батыс Еуропа-Ба­тыс Қытай жобасымен салынып жатқан үлкен тасжолдың айна­ласындағы жұмыстарды көтеру мақсатында сол елдермен бизнестік қарым-қатынас жасауға, еліміздегі «Самұрық-Қазына» және басқа да институттарға Үкі­меттің, са­ла­лық ведомство­лар­дың оң көзқараспен қарауын жеткізді. – Елбасымыз айтты емес пе, бізде тек жер астындағы ғана емес, жердің үстінде де байла­ғымыз бар деп. Ендеше, жер бетіндегі байлықтың бірі – транзиттік әлеуетіміз. Қазақстаннан дү­ниежүзілік транспорттық дәліз­дің сегіз түрі өтеді. Мұның бәрі өзекті мәселелер. Соны ілгері бастыруда бүгінгі инновациялық, т.б. бағдарламалардың ең түпкі негізі – транзит, көлік және та­сымалдау жұмыстарын қолға алуы­мыз керек, – деді Сәкен Жарқынбекұлы бізге берген қысқаша сұхбатында. Сондай-ақ қонақтар аталмыш орталықта орналасқан «Danone-Bercut» ЖШС-ның қуаттылығы 12 000 тонналық, жалпы құны 3 млрд. 68,2 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, ашытылған сүт өнімдерінен кә­дім­гі дәстүрлі айраннан еуро­палық йогуртқа дейінгі сан алуан түрін шығаратын зауыт өндірі­сімен, «Медиатекс» бас киім фаб­рикасының жұмысымен танысты. Аталған нысандарды аралау барысында жастармен, Іле ауда­нының еңбеккерлерімен ашық-жарқын әңгіме-сұхбат құрған Мемлекеттік хатшы Елбасының тәуелсіздіктің барлық 20 жылын­дағы қажырлы да жасампаз қызметінің шырқау биігі және басты мақсаты – елде татулық пен келісімді сақтау, қазақ­стан­дықтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру екенін айрықша атап айтты. Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Мемлекет бас­шы­сын керемет жеңісімен құт­тық­тап, алдағы уақытта Елба­сымен бірге болатындарына нық сендірген сәлемдерін жеткізуді өтінді. Алматы облысын аралаған сапары барысында облыс әкімі Ансар Мұсаханов бірге болды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Алматы облысы. ------------------------------- Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.