Фотосуретшілер кездесуіне Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан және Қазақстанның Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кәсіби 16 фотосуретші шақырылды.
Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталық базасындағы кедесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков - қоғам шындығын тарихта қалдыратын фотосуретшілер екенін атап өтті.
«Жалпы фотоөнер дегеніміз - фотосуретті негізгі ойды білдіру құралы ретінде қолданатын өнердің ерекше түрі. Сонымен қатар, фотоөнер – журналистиканың ұшқыр саласы. Ол – қасқағым сәттің шежіресі. Ерекше қырағылықты, ептілік пен қағілездікті талап етеді. Кәсіби маман түсірген суреттің өзі «сөйлеп» тұрады. Бүгінде тақырыпты бір кадрмен-ақ ашатын, тосын сәтті қағып түсіп, адамның болмысын қасқағым сәттік бейне арқылы ашатын шеберлер аз десек, солардың бірегейлері – бүгінгі кездесуде жиналып отыр»,-деді Ұ.Сәдібеков.
Фотосуретшілер 4 шығармышылық топқа бөлініп, оңтүстік өңірінің барлық аудандары мен қалаларында, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында жұмыс істеді. Атап айтсақ, І топ Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау қорығы аймақтарында, ІІ топ Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай аудандары мен қалаларында, ІІІ топ Созақ, Бәйдібек, ІV топ Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандарында шығармашылық фото жұмыстармен айналысты. Түсірілген фотосуреттерден арнайы көрмеге 100 дана жұмыстар қойылды.