Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шара қатысушыларына құттықтау хатын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев оқып берді.
«Форум барысында Діни басқармамен арнайы әзірленген «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы және «Ханафи мазхабы мен Матуриди сенім мектебі - Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы бекітілді. Аталған құжаттарда Қазақстандағы исламның дәстүрлі мектебінің бірі болып есептелетін Ханафи мазхабының ерекшелігі, еліміздегі мешіт имамдарының ХХІ ғасырдағы заман талабына сай жан-жақты білім алып, жамағатқа үлгі болу талабынан туындайтын мәселелер қамтылған. Форумда арнайы үндеу қабылданып, онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық код пен ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту желісінде халқымыздың діни тұтастығы мен рухани жасампаздығын қамтамасыз етіп келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің әлеуетін қоғамымыздың рухани жетілуіне жұмылдырылатыны көрініс тапты», - делінген Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі таратқан ақпаратта.
Форум барысында ҚМДБ төрағасы, Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы ел мұсылмандарының мүддесін білдіретін Муфтият пен мешіт имамдарының жамағаттың діни қажеттіліктерін өтеу, қоғамымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту, еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытында атқарып отырған жұмыстарына жан-жақты тоқталып, оның алдында тұрған жаңа міндеттер мен басымдықтар туралы айтты.
Ал министр Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның өсіп-өркендеуі көптеген факторлардан, оның ішінде діннің қоғамдағы орны мен рөлін дұрыс түсінуге байланысты екендігіне баса мән берді.
«Ұлттық-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда мемлекеттің стратегиялық әріптесі ретінде еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын көруіміздің толық қисыны бар», - деді ол.