Forbes.kz: Қазақстан астығы: өнім артты, ал сапа төмендеді
Халықаралық астық кеңесінің наурыз айындағы сараптамасына сай, Қазақстан 2017 жылы 16,7 млн тонна астық жинамақ. Осының арқасында елдің экспорттық әлеуеті 7,4 млн тоннаға жетуі тиіс. Алайда, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, қазақстандық бидай сапасының төмендеуінен сұраныстың азаю қаупі бар екені анықталды.
Қазақстанның астық шаруашылығы экспортқа бағытталған сала ретінде саналады. Өнімнің 30%-ы сыртқа сатылады. Сапаның төмендеуі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін де төмендеткендей. Мәселен, Азық-түлік корпорациясының мәліметінше, 2011 жылға дейін Қазақстандағы бидай егіні тек жоғары сапалы астықтан тұрды. Ал 2012-2014 жылдары элеваторлардағы үшінші сұрыпты бидайдың үлесі 70%-ға түссе, 2015 жылы 65%, ал 2016 жылы тек 45%-ға болды.
Сарапшылар астық сапасының төмендеуін соңғы үш жылдағы ылғалды ауа райы мен күннің суықтығынан көреді. Алайда, кей мамандардың пікірінше, мәселенің мәнісі өндіріс тиімділігінің төмендігіне, яғни шаруалардың техниканы жаңарта алмауына, сапалы тұқым ала алмауы мен жер құнарын арттыру жұмыстарын жасауға мүмкіндіктерінің болмауына байланысты.
Vlast.kz: «Халық коммунистері» табиғи апаттардың алдын алу бағдарламасын дайындауды ұсынды
«Халық коммунистері» фракциясының мүшесі Владислав Косарев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Ол көктем кезінде су тасқынына байланысты табиғи апаттардың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оған қажетті деңгейде қаражат бөлуді ұсынады.
Косаревтің пікірінше, Үкіметтің жыл сайын қайталанып отырған көктемгі су тасқындары мәселесіне негізді және кешенді түрде кірісіп, дұрыс шешім қабылдайтын уақыты келді.
«Осы мақсатта арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс. Онда көктемгі су тасқындарына байланысты табиғи апаттар кезінде елді мекендерді инженерлік қамтамасыз ету, жолдар мен құрылысты реттеу мен бөген және гидроқұрылғыларды салу қарастырылғаны жөн» деді депутат.
Kapital.kz: Құрылыс компанияларының табысы рекордтық көрсеткішке жетті
2016 жыл елдің құрылыс саласы үшін жайлы жыл болды. Жыл қорытындысы бойынша, құрылыс компаниялары 1,5 трлн теңге табыс тапты.
Бұл 2005 жылдан бергі жүргізіліп келе жатқан статистикада ең жоғары көрсеткіш.
Және ірі компаниялар да, саланың ұсақ компаниялары да табысты болды. 2016 жылы саланың ірі және орта кәсіпорындары салық төлегенге дейін 1,3 трлн теңге табыс тапты. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 4 есеге артық.
Шағын сектор да күрт көтерілгенін байқатты. Бір жылда шағын компаниялардың таза табысы 275 млрд теңге болды. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш минус 206,5 млрд теңге болған еді.
Құрылыс секторының кешенді табысы 2016 жылы 16 пайызға өсіп, 7 трлн теңгеден асты. Ал ірі және орта кәсіпорындардікі 4,4 трлн теңге болса, шағын кәсіпорындарда бұл көрсеткіш 2,7 трлн теңгені құрады.
Құрылыстың күрт артуы саладағы өндіріс көлемін 7,9 пайызға арттырса, бұл ЖІӨ өсімінің тек 1,3 пайыздық ұлғаюын қамтамасыз етті. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы экономика өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі осы құрылыс саласы болған еді.
Lsm.kz: Депутат мемлекеттен шағын өндірушілерді қолдауды сұрады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева мемлекеттен артықшылықтар ұсынылатын инвестициялық жобалардың төменгі шегін 2 млн АЕК-тен 1 млн-ға түсіруді сұрады.
Депутаттың пікірінше, Қазақстан заңнамасы шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын ынталандырудың тетіктерін қарастырмаған.
"Мәселен, Кәсіпкерлік кодекстің 286-шы және 290-шы баптарына сай, КТС-дан (корпоративті табыс салығы), мүлік салығынан, тауар импортына ҚҚС-дан (қосымша құн салығы), кедендік баж салығынан босату секілді артықшылықтар тек қана инвестиция көлемі кемінде 2 млн АЕК (шамамен 4,5 млрд теңге) көрсеткішіндегі инвестиция көлеміне ие өңдеуші өнеркәсіптің ірі инвесторларына қарастырылған» деді депутат.
Оның айтуынша, шағын және орта бизнеске тиісті инвестиция тартылмаса, Президенттің бұл саланы көтеру туралы тапсырмасын орындау мүмкін емес.
"Сонымен қатар, капитал салымын қамтамасыз етпейінше, шағын және орта бизнес өндіріске кіре алмай, қызмет көрсету және сауда саласымен шектеліп қалады. Ал өндірістегі шағын бизнес импортты алмастырудың жолы екені анық және ол теңге бағамының өзгеруі мен инфляция секілді экономикадағы өзгерістерге тез бейімделеді» деді Еспаева.
Дайындаған Бауыржан Мұқанов
"Егемен Қазақстан"