29 Сәуір, 2011

Ортақ құндылықтарды қайта жаңғыртатын кез келді

409 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының екінші пле­нар­лық жалпы отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар ал­дымен «Түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздігі: дамуы және жаңа белестері» атты фотокөрмемен және Түркі ака­демиясының қызметімен танысты. Одан кейін Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының пленарлық оты­рысы басталды. Отырысқа Түрк ПА Кеңесінің Төр­аға­сы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төр­аға­сы Орал Мұхамеджанов төрағалық етті және жүргізіп отырды. Пленарлық отырыстың ашылу рәсімінде Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Ахматбек Келдибеков және Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахин сөз сөйледі. Қазақ­стан Парламенті Мәжі­лісінің Төр­ағасы Орал Мұ­хамед­жанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрк ПА ІІ пле­нарлық отырысына қа­тысу­шы­лар­ға құттықтауын оқып берді. Құттықтауда былай делінген: Қа­зақстан түркі халық­тары ара­сын­дағы өзара ын­тымақ­тас­тық­ты нығайту, ор­тақ рухани құндылықтарды қайта түлету ісіне айрықша мән беріп келеді. Түркі әлемі – біздің мәдени мұраларымызды етене байла­ныс­тыратын алтын арқау. Түп тамырымыз бір, тарихымыз, ді­німіз, тіліміз және мәдениетіміз ортақ. Біздер осы игіліктеріміз бен құндылықтарымызды жа­сам­паздық жолына пайда­ла­нуы­мыз қажет. Бүгінде тамырлас халық­тар­дың неғұрлым тығыз жақындаса түсуі жолында Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы сияқ­ты құрылымдар, сондай-ақ Түркі тілдес елдердің Пар­ла­мент­тік Ассамблеясы арқылы нақ­ты қадамдар жасауға мол мүмкіндік туып отыр. Ассамблея – парламент­ара­лық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге аймақтық және халықаралық интеграциялық үдерістерді жандандыруға зор еңбек сіңіруде. Бұл игі қадамдар біздің елдеріміздегі бейбітші­лікке, тұрақтылыққа және өр­кендеп дамуға жол ашуда. Бүгінгі отырысқа қатысушы­ларды форум жұмысының бас­та­луымен құттықтай отырып, бұл басқосу біздің мемлекет­теріміз бен халықтарымыз ара­сындағы өзара тиімді ынтымақ­тастық пен саяси үнқатысуда жан-жақты дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін. Пленарлық отырысқа қаты­су­шылардың жұмысына сәт­тілік тілеймін. Құттықтаудан кейінгі сөзін О.Мұхамеджанов биыл халық­аралық қоғамдастықтың тең құ­қықты мүшелері ретінде қа­лып­тасқан Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан өз тәуелсіздіктерінің 20 жылдығын атап өтетіндігінен бастады. 2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуел­сіз­дік – біздің басты жетіс­тігіміз, баға жетпес жеңісіміз. Тәуел­сіздік алумен жас ел тарихында жаңа кезең басталды. Бұл жасампаздық, сенімді әрі серпінді даму кезеңі болды», деп атап көрсетті, деді спикер осы туралы. Біздің елдердің қай-қайсысы үшін де бұл кезең қилы-қилы қатал сынақ пен мән-ма­ңызы мол істерге толы кезең бол­ды. Қазақстан да осындай сан сынақтан сүрінбей өтіп, ХХІ ғасыр табалдырығынан абы­рой­мен аттады. Біз өз жолымызды таба білдік, бұл жол біздерді бір­лігі мен ынтымағына қуаты сай, әлемге танымал ел мәртебесіне жеткізді. Біздің алдымызда тұрған ма­ңызды мәселелердің бірі – әлем­дік экономикалық қатынастарға кірігу болатын, деді шешен әрі қарай. Осылайша, өз рыногы­мыз­дың қақпасын басқа елдерге ай­қа­ра ашқан кезде жаһандық үр­діс­термен бетпе-бет келдік. Бұл үрдістердің озығы да, тозығы да бар еді. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 122 миллиард доллар тікелей шетелдік инвес­ти­ция тартылды. Соңғы он жыл бойы Қазақстанның үздіксіз өр­леу үстінде екеніне бүкіл әлем куә. Тіпті, жаһандық қаржы-эко­номикалық дағдарыстың өзі де біздің дамуымызға айтарлықтай кері әсерін тигізе алмады. Оған дәлел, 2010 жылы ішкі жалпы өнім 7 пайызға өсіп, ол 140 млрд. доллардан асты. Мәжіліс Төрағасы, сондай-ақ халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да ортаға салды. Төр­ағаның айтуынша, барлық эко­но­микалық реформалар мен батыл құрылымдық өзгерістердің түпкі мақсаты біреу, ол – қазақстан­дық­тардың тұрмыс деңгейін арт­тыру, халықтың әлеуметтік көңіл-күйін жақсарту. Төраға бұдан соң Қазақстан көп ұлтты елдердің бірегейі бола отырып, тәуелсіздік жылдарында қоғамның ішкі тұрақтылығын, халқымыздың бірлігін сақтай білгендігіне, еліміздегі 130-дан астам этностар достық, берік тату­лық және ырысты ынтымақта өмір сүріп жатқандығына қаты­су­шылар назарын аударды. Бүгінгі күні құрамына 820 этномәдени бірлестіктер кіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімнің арқаулық институтына айналып, осы салада жемісті жұ­мыс атқаруда, деді шешен. 2007 жылғы конституциялық реформа негізінде Ассамблеяға Парламент Мәжілісіне 9 депутатын сайлау құ­қы­ғы берілді. Орал Мұхамеджанов Қазақ­стан Ресеймен тату көршілік қа­тынастарды, Қытаймен тұрақты және өзара тиімді ынты­мақ­тас­тық­ты, Еуропалық Одақ елдерімен және АҚШ-пен страте­гия­лық әріптестікті, мұсылман әле­мімен сындарлы үнқатысуды да­мытуға бағытталған теңдесті­ріл­ген дипломатияны жүзеге асы­руға бағыт алғанын атап өтті. Қа­зақстан Президентінің бастама­сы­мен өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері­нің съездері қазіргі заманғы әлем діндері арасындағы жаһандық үнқатысудың етене әрі пәрменді бөлігіне айналды, деді спикер. Мәжіліс Төрағасының тоқта­лып өткеніндей, Қазақстан Пре­зи­дентінің, түркі тілдес мемлекеттер басшыларының игі баста­ма­лары арқасында түркі тамыр­ластығы идеясы жаңа серпінге ие болып, тың мазмұнмен толықты. Сөзінің соңына қарай Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Әзірбай­жанмен, Қырғызстанмен және Түр­киямен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, тағы бас­қа да салалардағы қатынастарына жеке-жеке тоқталып өтті. Түркі халықтары қоғамдастығына ор­тақ рухани құндылықтарды қайта жаңғыртатын, еселеп арттыра тү­сетін және бүкіл әлемге паш ететін кез келді, деді Орал Мұха­мед­жанов сөзін қорытындылай келіп. Тарих бізге осындай мүм­кін­дік беріп отыр. Ал оны пайдалана білу үшін бұдан да тығыз ара­ла­сып, бір-бірімізді бұдан да тер­ең танып-білу жолында нақты қа­дам­дар жасауымыз керек. Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы – жас ұйым. Біздің осы басқосуы­мыз­дың арқауы болып отырған тәу­ел­сіздігіміздің мерейтойы туралы тағы да сөз қозғай оты­рып, біздің мемлекеттеріміздің қалыптасу кезеңінен ойдағыдай өткені сияқ­ты, Түрк ПА-ның да түркі әлемі­нің халықаралық аренадағы пози­циясын күшейтуге қабілеті бар беделді ұйымға айналатыны кү­мәнсіз. Әзірбайжан Милли Меджли­сінің Төрағасы Октай Асадов алдымен тәуелсіздік Орталық Азиядағы түркі тілдес мемлекеттермен қатар, Әзірбайжанға да тың өзгерістер алып келгеніне тоқталды. Спикердің атап өтуін­ше, Әзірбайжан өзінің тәуел­сіз­дігін алғаннан бері ауқымды жетістіктерге жетті. Жаһандық эко­но­микалық дағдарыста да ел эко­номикасы құлдыраған жоқ. Қа­зір­гі кезде ойдағыдай дамып келеді. Соңғы он жыл ішінде Әзірбайжан экономикасы 16 есеге өскен. Баку – Тбилиси – Жейхан құбырының тартылуы ел эко­номикасының дамуына өзіндік үлес қосуда. Бұл мұнай құбыры арқылы Әзірбайжан мұнайы сырт­қы рынокқа шығарылатын болады. Түркі тілдес мемлекеттердің бір-бірімен ынтымақтастығы әр­кезде де қажет, деді спикер әрі қарай. Біздердің ата-баба­ла­ры­мыз осыны армандап келген. Соған енді мүмкіндік туып отыр. Бұл жерде Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы өзін­дік рөл атқарады. Қазіргі кезде түркі халықтарына ортақ тарихи-мәдени мұраларды сақтап, олар­ды жаңғырту қажеттігі күн тәр­тібіне қойылуда. Әзірбай­жан­дық­тар түркі мемлекеттерінің бү­гін­де қол жеткізген табыстарына шын ниетпен қуанады. Біздің елдердің өзара ықпалдасып, ын­ты­мақтасуына Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Ыстам­бұлда өткен жоғары деңгейдегі саммиті жаңаша серпін бергенін атап өткім келеді. Октай Асадов Ыстамбұл саммитінде алға қойылған мақсат-міндеттер бүгінде толық орын­да­лып келе жатқанына ризашылық білдіре келіп, парламентаралық дипломатияның рөлін ортаға сал­ды. Келесі кезекте сөз алған Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Ахматбек Келдибеков қырғыз елі егемендігін алғаннан бергі кезеңдерде Қырғызстан көптеген қиындықтарды бастан кешкендігіне байланысты пайы­мымен бөлісті. Төрағаның тоқ­тал­ғанындай, Қырғызстандағы өткен жылғы, сондай-ақ одан бұрынғы саяси жағдайлар елді тұрақсыздандыруға душар етті. Осы проблемалар ел эконо­ми­касының дамуына кері әсерін тигізді. Дегенмен, қырғызстан­дық­тар сол қиындықтар мен жан­жалдарды жеңуге төтеп берді. Қазіргі кезде елдегі саяси жағдай тұрақтанып, халықтың еңсесін көтеруге, экономиканы қайта қал­пына келтіруге қатысты шаралар қолға алынуда. Бұдан соң Ахматбек Келдибеков Қырғызстандағы саяси жағ­дайды тұрақтандырып, қиыншы­лық кезде қолдау-көмек көрсет­кен түркі тілдес мемлекеттерге ризашылығын білдірді. Осы ел­дердің қолдау-көмектерінсіз біз­дің ел басқа түскен қиын­дық­тар­дан шыға алмас еді, деді ол. Бұл біздің халықтың болашағына деген сенімін оятты. Сонымен қатар, шешен Қыр­ғызстанда индустриялық жобалар қолға алынып жатқандығын, елдің алыс-жақын мемлекеттермен сыртқы саясаты өзгермей­тін­дігін атап өтті. Парламент сай­лауының талап деңгейінде өтуіне Қазақстан, Түркия және Әзір­бай­жан парламентарийлерінің үлкен қолдау көрсеткеніне алғыс айтты. Қырғызстан Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблея­сының жұмысына белсенді ара­ла­сатынын алға тарта келіп, Ас­сам­блеяның келесі отырысын Біш­кекте өткізуге ұсыныс жасады. Ал Түркия Ұлы Ұлттық Жи­на­лыстың Төрағасы Мехмет Али Шахин сөзін осыдан 20 жылдай бұрын Қазақстан, Әзірбайжан және Қырғызстан респуб­ли­ка­лары өз тәуелсіздіктерін жария­ла­ғанда, осы елдердің тәуел­сіз­ді­гін алғашқы болып таныған мемлекет Түркия болғанынан бас­та­ды. Биылғы жылы Қазақстан, Әзір­байжан және Қырғызстан­ның тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады, деді Мәжіліс спикері осы туралы. Бұл сіздердің елдеріңіз үшін де, біздің ел үшін де ерекше мерейтой болып табылады. Біз­дің елдер тарихи және мәдени тұрғыдан ортақ құндылықтарға ие. Осы мәселелерді ескере келіп, Ыстамбұлда Түркі тілдес мем­ле­кеттердің ұйымы құрылды. Бұл мәселені алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтергенін жақсы білесіздер. Мұны мен Нұр­сұлтан Назарбаевтың дана­лы­ғы, көрегендігі деп білемін. Осылай деген Мехмет Шахин әрі қарай түркі дүниесінің ортақ құндылықтарына тоқталды. Және Парламенттік Ассамблеяның Бакудегі басқосуына назар аударды. Оның айтуынша, 2009 жылы Бакуде өткен Түрк ПА-ның отыры­сында бірқатар мәселелер көте­ріл­ген. Ал елдердің парламенттері Парламенттік Ассамблея ая­сын­да өз­ара тәжірибелер алма­суына то­лық мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ ол Түркия парла­менті­нің ын­ты­мақтастықты нығай­тудағы қыз­метіне тоқтала отырып, ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясы алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндігіне сенімді екен­дігін білдірді. Түрк ПА-ға болашақта Өзбекстан мен Түр­кіменстан парламенттері де кіретіндігіне сенетінін жеткізді. Ислам Конференциясы Ұйы­мы Парламенттік одағының Бас хатшысы Махмуд Эрол Килич өзі басшылық етіп отырған Парламенттік Ассамблеяның ЕО-ның Парламенттік Ассамблеясынан кейінгі екінші одақ болып сана­латынына тоқталды. Парламенттер арасындағы байланыстарды дамыту үшін құрылған бұл ұйым жыл сайын жиналысын өткізіп тұрады, соңғы Бас Ассамблеямыз Абу-Дабиде жиналды. Ендігісі, Индонезияда өтеді. Біздің ұйы­мы­мыздың 19 түрлі халықаралық ұйымдарда байқаушылық мәрте­бесі бар және Түрк ПА-дағы байқаушы мәртебесі сол өткен жолы Абу-Дабидегі жиында біз­дің Кеңеспен мақұлданды. Міне, осының шеңберінде біз екіжақты байланыстарды дамытуға пейілдіміз. Шынында Түрк ПА-ның мү­шелері біздің ұйымның да мү­ше­лері. Біз жағырапиялық жа­ғы­нан 3 топқа – Араб, Азия елдері және Түркітілдес мемлекеттер деп бөлінеміз. Сөзімді қорытын­дылай келе, біздің ұйымды бай­қаушы ретінде қабылдаулары­ңызға рахметімді айтамын, деді. Модератор мұнан соңғы сөз кезегін Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хат­шысы Халел Ақынжыға ұсын­ды. Құрметті парламентарийлер, отырысқа қатысушылар, ең алд­ы­мен кездесуге шақырғандары­ңызға ризашылығымды айтып алайын, деп сөзін бастаған ол әрі қарай осы аймақтағы түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздіктерін ал­ғанына 20 жыл толғанына тоқ­тала келіп, осы жылдар ішінде олар­дың арасындағы ықпалдастық­тың артып отырғанын атап көрсетті. Түрк ПА құрылуы ол байла­ныстарды одан әрі ілгерілетуге мүм­кіндік береді. ТҮРКСОЙ 1993 жылы құрылып, түркі әлемі мәдениетінің, құндылықтарының дамуына, оның жер жүзіне жайылуына оң әсерін тигізді. Бізде түркі мемлекеттерінің құнды­лық­тарын зерттеу қоры құрылған болатын. Бұл қор осы мемлекеттердегі ғылымның өркендеуіне өз үлесін қоспақ. Сонымен қатар, біздер экономикалық және бизнес кеңесін құруға мүдделіміз, және осы ой жүзеге асуы үшін дайындық жұмыстарын қолға алып отырмыз. Бірінші эконо­ми­калық кеңес биылғы жылы Алма­тыда өтеді деген жоспарымыз бар. Осы жайындағы хаттамаға ал­да­ғы саммитімізде қол қойылады. Біз өзге де халықаралық ұй­ым­дармен байланыстарды дамы­ту үстіндеміз. Түркі тілдес елдер­дің әлемде өзіндік дауысқа ие болатынына сенімдіміз. Және пар­ламенттік өлшемдегі іс-әре­кеттеріміз біздің әрі қарайғы ын­тымақтастығымызда маңызды рөл атқарады, деді Х.Ақынжы. ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ Түрк ПА-ның екінші отырысы өтіп жатқан мезгілде Ашғабадта біздің президенттеріміздің шешімімен мәдени фестиваль өтіп жатқан­дықтан, Бас хатшы келе алмады, алайда ол кісі өз риза­шылығын жеткізуді маған жүк­теді, деді. ТҮРКСОЙ аясындағы елдер­дің ортақ тарихы, мәдениеті, тілі мен ортақ құндылықтары бар екенін біз бәріміз де білеміз. Ал Түрк ПА осы елдердегі демо­кра­тиялық үдерістердің дамуына өз үлесін қосу мақсатында құ­рыл­ды. Шынында да, қазіргі күні түркі тілдес мемлекеттерде де­мо­кратиялық үдерістер қарқын­ды даму үстінде. Егер біз тере­ңі­рек бойласақ, ТҮРКСОЙ мен Түрк ПА-ның түпкі мақсаттары бір, өйткені, біз бір-бірінен бө­ліп-жаратыны жоқ ортақ құнды­лықтары бар елдерміз. Сон­дық­тан, біздердің бірлесе жұмыс ат­қарумыз барша түркілердің мүд­десі үшін қажет. Тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты тереңдету, бірлесе жұмыс жасаудың берер олжасы мол деп білеміз, деп алдағы жоба-жоспарлар жайын да ортаға салды. Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары жөніндегі ке­ңес Бас хатшысының орын­ба­са­ры Серхад Варлы қазіргі таңда біз АӨСШК басшылығы атынан осындай жүздесуді жемісті ұй­ым­­дастырып, өткізулеріңізбен құт­тықтаймыз, деп бастады өз сөзін. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде жас мемлекеттерде игі өзгерістер көп болды. Осы жыл­дар ішінде Кап тауында, Балқан түбегінде жаңа мемлекеттердің, жаңа шекаралардың пайда бол­ға­нын, әр мемлекеттің өзінің дербес саясатын ұстанатынын кө­ріп келеміз. Сондай-ақ, жаңа ше­каралардың пайда болуы жаңа қауіптердің пайда болуына алып келгені аян. Әлем өзгеру үстінде. Сондықтан біздің бай­ла­ныста­ры­мыз да жаңа қағи­даларға сүйенуі тиіс. Осы ретте Қазақстан және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ортақ мә­селелерді шеше ала­тын ұйым қажеттігін және оларды шешу үшін бірігудің маңыздылығын алға тартты. Осындай игі мақ­саттан құрылған АӨСШК ынты­мақ­тастық пен сенімді орнық­тыру үшін қажетті басым­дық­тарды анықтады, деді. Осыдан кейін Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблея­сының регламентіне толықтыру­лар мен өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе бой­ынша баяндама жасау үшін сөз Түрк ПА Бас хатшысы Рамиль Гасановқа берілді. Алдымен ол Парламенттік Ассамблеяға 4 ко­миссия құру туралы ұсыныс түскенін айтты. Атап айтқанда, олар: Экономикалық, сауда және қаржылық мәселелер, Құқықтық мәселелер, Халықаралық істер және Әлеуметтік, мәдени және гу­манитарлық мәселелер жөнін­дегі тұрақты комиссиялар бола­ды, деді ол. Одан әрі регламентте комиссиялардың атқаратын функ­циялары, отырыстарын өткізу, ше­шімдерін қабылдау тәртібі, мүшелерінің саны және т.б. ту­ралы толықтырулар енгізілетіні жарияланды. Сонымен бірге, ше­шен 22-баптың бірінші тарма­ғына Қазақстан тарапының ұсы­нысымен Ассамблея жұмысын жүргізудің ресми тілдері қата­рына келісуші тараптардың мем­ле­кеттік тілдерінен басқа ағыл­шын тілі де енгізілетінін айтты. Сондай-ақ қатысушы ел болып табылмайтын тараптардың ша­қы­руы бойынша сайлауларға бай­қаушы ретінде қатысу тәртібі туралы да қосымша енгізілетіні белгілі болды. Баяндама аяқталған соң қаты­сушылар ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан қабылдады. Сондай-ақ осы ше­шеннің баяндауында Түрк ПА төл­белгісі мен туы танысты­рыл­ды. Делегация мүшелері ұсыныл­ған белгілерді өзгеріссіз қабыл­дайтындықтарына дауыс берді. Келесі кезекте Түркі тілдес елдер ПА Хатшылығының 2011 және 2012 жылдарға арналған бюджетінің жобалары туралы мә­селе қаралды. Бұл мәселе бой­ынша Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Улви Гулиев баяндама жасады. Оның баяндамасынан ұйымның 2011 жылғы бюджетінің кіріс және шығыс бөліктері 300 мың еуродан тұратыны белгілі болды. Ал 2012 жылдың бюджеті 560 мың еуро көлемінде белгіленді. Баяндама оқылып болған соң Хатшылықтың бюджеті бір­ауыздан бекітілді. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Түрк ПА-ның халықаралық ұйымдарға байқаушы мәртебесін беруі туралы болды. Айтылған мәселе бойынша баяндаған Түр­кия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Агах Кафкас Ислам Конференциясы Ұйымының Парламенттік одағы (ИКҰ ПО) байқаушы мәртебесін сұрағанын жеткізді. Өтініш бірауыздан қабылданды. Келесі мәселе Түрк ПА жал­пы отырысының қорытынды құжаты – Астана Декларациясын қабылдауға арналды. Оның жо­басын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есім оқып берді. Алып-қосар ұсыныстар болмаған соң Декларация тұта­сымен қа­был­данды. Отырыс соңында Қырғызстан тарабынан Бас хатшының орын­басарлығына Бектемір Зиядинов сайланды және келесі отырыс 2012 жылдың мамыр, маусым ай­ларының бірінде Бішкек қала­сында өтетін болып белгіленді. Отырыс қорытындысы бой­ын­ша делегациялар басшылары журналистермен баспасөз мәс­лихатын өткізіп, журналистердің сұрақ­та­рына жауап берді. “Егемен Қазақстанның” тілшілер тобы. ------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.