Финалға жолдама алған 20 боксшы 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара жеңімпаздарды анықтады.
49 кило салмақта тараздық Ермек Мәдиев ақтөбелік Қанағат Манатұлынан басым түссе, 52 килода сынға түскен Баққожа Инаятулла (Қызылорда) спорт шеберінен үміткер Данияр Серікке (БҚО) еш мүмкіндік бермеді.
Бұл турнирде ерекше айқастың бірі 56 килода орын алды. Аталмыш салмақта бақ сынаған жергілікті боксшы Олжас Қалаубек пен ӘОСК (ЦСКА) атынан сынға түскен Тастемір Бибосыновтың айқасы жанкүйерлер көңілінен шықты. Алма-кезек соққыларды аямай жұмсаған бұл айқаста Қалаубектің бағы жанды. Нақ осы спортшы «Турнирдің ең үздік боксшысы» атағына ие болды.
Финалға жолдама алған тағы бір ӘОСК-нің өкілі Дархан Жұмсақбаев (60 кг) осының алдында әріптесінің кеткен есесін қайтарып, ақтөбелік Заманбек Данабековтен басым түсті де, турнир жеңімпазы атанды.
64 және 69 кило салмақтарда жергілікті боксшылардың мерейі үстем болды. Тиісінше, Мейіржан Піртаев (64 кг) Ернұр Өлмесбектен (Қызылорда), Бекзат Халметов (69 кг) Ахмет Момбековтен (ОҚО) жеңісті жұлып алды.
Ал Баянбек Саметов (75 кг, Алматы облысы), Наурыз Сағымбаев (81 кг, ӘОСК), Әділет Орынбасаров (Астана) және Нұрсұлтан Аманжолов (91+ кг, Тараз) сынды боксшылар төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіске жетті.
Бір қызығы, халықаралық деген мәртебеге ие бұл турнирге көрші Өзбекстан елінен 3 боксшы ғана келіпті. Қалғанының барлығы өз жерлестеріміз. Себебін білу үшін, осы турнирді ұйымдастыруға тікелей жауапты, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, бүгінде ОҚО бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Мұхтархан Ділдәбековтен сұрағанымызда, ол былай деп жауап қатты: «Тәжікстан мен Түрікменстан елінің боксшылары бізге келу үшін өзбек жерінен өтеді. Сондықтан, боксшылары виза ашу керек болатын. Визасы дер кезінде дайын болмауының салдарынан олар бұл турнирге келе алмады. Ал қырғыз елі боксшыларының тізімін бекітіп, бізге жіберген болатын. Алайда, олар бұл турнирде төбе көрсетпеді. Себебін кейін анықтаймыз», деді Олимпиада жүлдегері.
«Көрген көзде жазық жоқ» демекші, турнирдің ашылу және жабылу салтанатына Әбдісалан Нұрмаханов шәкірттерінің төбе көрсетпегені қынжылтты. Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде 1994 жылы жазғы Азия ойындарына, 1996 жылы Атланта Олимпиадасына жол бастап барғанын, сол додаларда талай қазақтың баласы жеңіс туын желбіреткенін дүйім жұрт біледі емес пе? Василий Жиров АҚШ-та жүр демесеңіз, елімізде жүрген қалған шәкірттері – Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов, Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаевтың бұл турнирде төбе көрсетпегені ыңғайсыздау болды.
Себебін білу үшін сол баяғы Мұхтархан Ділдәбековке жүгіндік.
«Барлығына шақырту жібердік. Қазір ешкімге өкпелеуге болмайды. Әрқайсысының өз жұмысы бар. Мүмкін, келесі жылы қонақ ретінде келетін болар. Ал турнирдің деңгейіне келер болсақ, 30 сәуірде Ташкентте Азия чемпионаты басталады. Өзге елдің боксшыларының келмеуінің бірден-бір себебі осы. Қазақстан құрама мүшелері де Сары құрлық додасына дайындалып жатыр. Сондықтан, биылғы жарыс Қазақстан чемпионаты секілді өтті. Болашақта турнир деңгейін АИБА-ның «А» санатына дейін көтеру керек. Сонда Шымкентке жыл сайын кемінде 15-20 елдің боксшылары өздері сұранып келетін болады», – деді Мұхтархан Қабыланбекұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келер жылдан бастап турнирді тек 75, 81, 91 және 91 килодан жоғары салмақта ғана өтеді. Себебі, нақ осы салмақтарда Әбдісалан Нұрмаханов жас кезінен бастап ересектер додасына дейін бақ сынаған.
Алмас Манап,
«Егемен Қазақстан»